Қазір қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – интернет-алаяқтық болып отыр. Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтық бойынша 412 факт тіркелген. Бүгінде оның 114-і аяқталған және тәртіп сақшылары 129 дропперді қолға түсірген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бекзат Назарова мәлімдеді.
Аға жедел уәкілдің айтуынша, өңірде азаматтарға ірі және аса ірі мөлшерде шығын келтіретін ауыр интернет-алаяқтық фактілерін тіркеу әлі де азаймай тұр. Барлық жағдайда жәбірленушілердің ақшалай қаражаты «дропперлер» деп аталатын бөгде тұлғалардың банк карталары мен шоттарына аударылып, кейіннен бұл ұрланған қаражат халықаралық аударымдар сервистері арқылы шығарылуда немесе криптовалютаға айырбасталуда. Жүргізілген талдауға сәйкес, жыл басынан бері алаяқтардың құрығына түскендердің ішінде 20-сы мемлекеттік қызметкер, 15-і білім беру, 10-ы медицина саласының мамандары. Сондай-ақ, зауыт жұмысшыларынан 5, қызмет көрсету саласынан 70, түрлі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардан 80 адам, ал жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан 55 азамат осы интернет-алаяқтардан зардап шеккен.
Интернет-алаяқтықтың негізгі түрлеріне «ОЛХ», «Колеса», «Инстаграм» секілді танымал интернет-ресурстарда жалған хабарландырулар беру жатады. Соңғы уақытта өздерін «банк», «Ұлттық қауіпсіздік комитеті», «Қазпошта» қызметкерлері және ұялы байланыс операторлары ретінде таныстырып, қоңырау шалатындар жиілеген. Сонымен қатар, азаматтарды «Қазатомөнеркәсіп», «Каспи профит» сияқты күмәнді платформаларға ақша салуға үгіттейтін инвестициялық алаяқтық та тыйылмай тұр. Оған қоса, коммуналдық қызмет өкілдері атынан су мен жылу есептегіштерін немесе домофонды ауыстыру сылтауымен, емхана қызметкерлері атынан электронды рецепт беру желеуімен, салық комитеті атынан жылдық декларация тапсыруды талап етіп немесе ХҚКО қызметкері болып ЭЦҚ кілттерін жаңартуды сұрап хабарласатындар да көбейді. Қаскөйлер өздерін «Қазпошта», «Каспий», «Валберис», «Тему», «Озон» курьерлері ретінде де таныстырады. Тіпті, «Ватсап» әлеуметтік желісін бұзып кіріп, жақын туыстары мен таныстарының атынан хат жазып, ақшалай көмек сұрау әдісі де белең алып тұр.
– Бұл санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткішінің төмен болуының басты себебі – олардың трансшекаралық сипатта болуында, яғни, қылмыскер көбіне басқа өңірде, тіпті басқа мемлекетте отырып әрекет етеді. Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі түрде халықтың барлық топтарымен, соның ішінде еңбек ұжымдарында, студенттер мен жоғары сынып оқушылары арасында алаяқтықтың жаңа түрлері мен әдістері туралы профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде ескерту материалдары, мақалалар мен түсіндірме бейнероликтер жарияланады. Оқу орындарында ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы, яғни, «дропперлік» бойынша көзделген қылмыстық жауапкершілік түсіндіріліп, Ақмола облысы полиция департаментінің YouTube-арнасындағы «Дропперы» деректі фильмі көрсетілуде. Үстіміздегі жылдың 13 сәуірінен бастап Көкшетау қаласының автобустарында интернет-алаяқтық бойынша екі тілде бейнероликтер көрсетіле бастады, олар айына шамамен 1 миллион рет трансляцияланады, – дейді Бекзат Назарова.
Бұған қоса, Ақмола облысының аумақтық нотариалдық палатасына және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалына азаматтар жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелеріне жүгінген кезде сақтық шарасы ретінде арнайы хаттар мен жадынамалар жіберілген. Өйткені, азаматтардың өз пәтерлерін сатып, ақшасын алаяқтарға жіберген келеңсіз фактілер де тіркелген.
Десек те, қылмыстың бұл түрі Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында тұр. Ал, мамандар интернеттегі қауіпсіздіктің қарапайым және өмірлік маңызды ережесі болып табылатын «цифрлық гигиенаны» қатаң сақтауға шақырады. Ол үшін ешқашан карта құпия кодтарын, CVV-кодты, парольдерді және карта мәліметтерін ешкімге айтпаңыз. Сайттар мен қосымшаларды мұқият тексеріңіз, себебі алаяқтар нақты ұйымдардың дизайнын дәлме-дәл көшіріп алады. Күмәнді сілтемелерге, тіпті олар «таныстарыңыздан» келсе де өтпеңіз. Үшінші тұлғалардың өтініші бойынша мессенджерлерде төлқұжат немесе жеке куәлік фотосуреттерін жібермеңіз. Кез-келген ақпаратты әрдайым қайта тексеріңіз, әсіресе, сізді қорқытып, асықтырып немесе сезімдеріңізбен ойнайтын жағдайларда суыққандылық танытыңыз. Бұл әдеттер цифрлық мінез-құлықтың нормасына айналуы тиіс, әсіресе, бұл балалар мен қарт адамдар үшін аса маңызды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір тиімді жолы ретінде «Egov-Mobile» қосымшасы арқылы банк заемдары мен микрокредиттер алудан ерікті түрде мерзімсіз бас тарту қызметін қосу ұсынылады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

