Шеберліктің үйлесімі

Бүгінде ұлт саулығына қызмет етіп жүрген білікті маман, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  Біржан сал аудандық ауруханасының бас дәрігері Маралбек Жиналыспен болған әңгімемізді оқырман назарына ұсынамыз.

2010 жылы елордадағы іргелі оқу орны – Астана медицина университетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін білімін ұштау мақсатында Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханасында хирургия бағыты бойынша интернатурадан өтті. Дәрігерлік қызметпен қатар, теориялық білімді де ұмыт қалдырмай, өзі оқыған білім ордасында адам анатомиясы және оперативті хирургия кафедрасының ассистенті болып жұмыс істеді.

Бас дәрігердің еңбек жолы 2011 жылдан басталады. Сол жылдан бері Көкшетау қалалық ауруханасында хирург, ангиохирург болып еңбек етті. Кәсіби біліктілігін шыңдауды тоқтатпаған ол, 2015 жылы Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында «Ангиохирургия (рентгенхирургия, интервенциялық хирургия)» мамандығы бойынша кәсіби қайта даярлаудан өтеді. Осылайша, ересектер мен балаларға арналған қан тамырлары хирургиясының қыр-сырын жетік меңгереді. Ангиохирургия мамандығының мәні былай. Адам денесіндегі қан тамырлар бүкіл ағзаға қан мен оттегі таситын үлкен «жолдар желісі» делік. Егер осы жолдардың бірі бітеліп қалса немесе зақымдалса, адам өміріне тікелей қауіп төнеді. Ангиохирург дәрігерлер дәл осы тамырларды тазалап, тігіп, қайта қалпына келтіреді.

Жинақталған мол тәжірибе мен кәсіби шеберлігі медицина майталманын жауапкершілігі мол, абыройлы қызметтерге жетелейді. Сөйтіп, ол 2019 жылдан Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханадағы ангиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Оның басшылығымен бөлімшеде талай сәтті оталар жасалып, өңірдегі қан тамырлары хирургиясы жаңа деңгейге көтерілді.

Қазіргі заманның бас дәрігері – тек мықты медицина маманы ғана емес, сонымен бірге, сауатты менеджер әрі экономист болуы тиіс. Мұны жақсы түсінген Маралбек өзінің басқарушылық қабілетін арттыру мақсатында екінші жоғары білім алуды жөн көрді.

Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің «Мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры», «Қаржы және экономика магистрі» дәрежесі атағы тағы бар. Бұл білім оның аурухананың ішкі шаруашылығын жүргізуге, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және бюджетті тиімді жоспарлауға деген кәсіби көзқарасын қалыптастырды. Дәрігердің денсаулық сақтау саласындағы осындай елеулі еңбегі мемлекет тарапынан еленіп, ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Кейіпкеріміздің бойындағы ең қызықты әрі ерекше тұстарының бірі – оның спорттағы жетістіктері. Хирургтың қолы тек скальпель ұстап қана қоймай, боз кілемде де нағыз шеберлікті көрсете алатынын дәлелдеді.  Маралбек Жиналыс джиу-джитсудан спорт шебері, қара белбеу иегері. Сонымен қатар, ол тек өзі шынығып қана қоймай, жас буынды тәрбиелеп жүрген білікті маман. Джиу-джитсу мен дзюдодан кәсіби нұсқаушы, сондай-ақ, аталған спорт түрлерінен республикалық, халықаралық деңгейде төрешілік етеді. Дәрігердің спорт саласында да жетістікке жетуі оның бойындағы төзімділікті арттырып, жедел шешім қабылдай алуы, өз ісіне аса мұқият болуы сияқты қасиеттерін жетілдіре түсетіні анық.

Жұмыста жауапкершілікті бірінші орынға қоятын медицина майталманы бүгінде Біржан сал аудандық ауруханасында көрсетілетін медициналық көмектің аудан тұрғындарына қолжетімділігін арттыруды басты мақсат етіп ұстап отыр.

Кәсіби білімі мен спорттық мінезі үйлесім тапқан жаңа басшының бастамаларына сәттілік тілейміз. Аудан медицинасының болашағы жауапкершілікті жоғары ұстаған білікті маманның қолында екеніне сеніміміз мол.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар