Көкше аспанын әнге бөлеген «JANA JAGALAU FEST»

Фестиваль

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көрікті Көкшетаудың Қопа көлінің маңында өткен «JANA JAGALAU FEST» фестиваліне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір жайлы қоғамдық кеңістікке айналған жаңа скейт-парк ашылды.

Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген өңір басшысы бүгінде Қазақстан жаңартылған Конституция қағидаттарына негізделген дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Онда адам құқықтарына, азаматтардың мүмкіндіктеріне және әр адамның ел болашағы үшін жауапкершілігіне ерекше мән беріледі.

– Бұл өзгерістерде жастарға ерекше рөл жүктеледі. Сондықтан, мемлекет сапалы білім алуға, спортты дамытуға, шығармашылық тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруға жағдай жасауда. Облыс орталығында жыл сайын жас ұрпақ өз бастамаларын жүзеге асыра алатын орындар саны артып келеді. Соның бірі – осы скейт-парк, – деді Марат Ахметжанов.

Жалпы, бұл жаңа жағалаудың ашылуына арналған фестиваль спорттық жарыстар, шығармашылық кештер мен жастардың белсенді демалысын біріктірді. Бағдарламаның басты оқиғасы экстрималды спортшылардың өз шеберліктері мен батылдығын көрсеткен Street Ride Contest турнирі болды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін танымал спортшылар өнер көрсетіп, шеберліктерімен бөлісті.

Сонымен бірге, ақмолалық орындаушылар мен арнайы шақырылған эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламалары жиналған қауымның мерекелік көңіл-күйін көтеріп, фестивальдің көрігін қыздыра түсті.

Биыл жағалауды абаттандыру бойынша ауқымды жоба ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын аумақта жүзеге асырылды. Мұнда спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Аумақта жағажай аймағы, волейбол және баскетбол алаңдары, шахмат ойнауға арналған орындар мен фитнес-тренажерлер орналастырылды. Сондай-ақ, аумақта жаяу жүргіншілерге арналған бағыттар, функционалдық аймақтар арасындағы жайлы өткелдер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен жүретін ата-аналарға, қарт адамдарға барлық абаттандыру нысандарына қолжетімділік қарастырылған.

«Арқа  ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар