Қазақтың ұлы қаламгері

Ілияс Есенберлин – қазақтың маңдайына біткен ұлы жазушы. Ұлтымыздың төл тарихына қалам тербеген жазушы «Көшпенділер» трилогиясын, «Алтын орда», «Мұхиттан өткен қайық», «Ғашықтар», «Алтын құс» секілді әйгілі шығармаларды артына мұра етіп қалдырды.

Қаламгердің жазушылық қасиетінің ашылуына оның өмірлік қиын тағдыры әсер еткен. Ілияс Есенберлин жастайынан ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде өседі. Сонда балалар үйінің қабырға газетіне жариялап тұрған өлең жолдары оның жазушылық жолға түсуге ынтасын ашқан. Десе де, ол Қазақ тау-кен институтын тәмамдап, инженер мамандығын игереді. Өз еркімен Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыс кезінде ауыр жараланады, еңбек жолында түрлі жауапты қызметтер атқарады. Өмірінде көрген әртүрлі қиындығы Ілияс Есенберлиннің жазған туындыларында кеңінен көрініс береді.

Сурет s.f.kz сайтынан.

Ілияс Есенберлиннің дәл осындай сұрапыл кезең жайлы жазған туындысы – «Қатерлі өткел». 1967 жылы жазылған бұл шығарма қазақ қоғамының басынан өткен қиын кезеңдерін, қазақ зиялыларының тағдырын суреттейді. Роман басы Ақан атты ақынның екі шәкіртімен тас қараңғы үйде түңіліп отырғанынан басталады. Ақан ақын енді елімнің көзін ашып, тура жолға бастай алмаспын деген өкінішпен өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл жерде үлкен мағына бар. Ақанның өз-өзіне қол жұмсауы сол замандағы ұлт зиялыларының қудалауға ұшырап, қанша тергеуден өтсе де басты мақсаттарынан айнымауы. Ақан ақынның прототипі – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы екенін жақсы білеміз. Ал, оның шәкірті Бүркіт атты басты кейіпкердің Мағжан Жұмабаев екеніне де көзіміз жетті.

Шығармада Бүркіттің өмір жолы арқылы ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани ахуалы көрсетіледі. Ұстазы Ақанның дүниеден өтуі Бүркітке үлкен соққы болып тиеді. Осыдан кейін ол кеңес өкіметінің қазақ халқына әкелетін өзгерістерін түсінуге тырысып, халықтың болашағы туралы терең ойға шомады. Оның айналасындағы кейбір адамдар өз пайдасын ғана көздесе, Бүркіт туған еліне адал қызмет етуді өмірлік мұраты деп біледі. Кеңестік идеология мен саясатты жек көретін Бүркіт уақыт өте келе заман ағымына ілесіп, ойын түбегейлі өзгертеді. Оқып отырған оқырманның ойына бірден «Бүркіттің прототипі Мағжан Жұмабаев болатын болса, неліктен Бүркіт шығарма соңында кеңестік идеологияға қарсы пікірін түбегейлі өзгертті?» деген ой келетін шығар. Романның ерекшелігі де осында. Ілияс Есенберлин бұл романда тарихи шындықты көркем қиялмен ұштастырады. Нақтырақ айтқанда, кейіпкерлердің психологиялық күйі, табиғат суреттері және тарихи оқиғалардың көркем баяндалуы шығарманың әсерлілігін күшейтеді.

Сурет encrypted-tbn1.gstatic.com сайтынан.

«Қатерлі өткел» – қазақ әдебиетіндегі қоғамдық-саяси мәселелерді терең қозғаған көрнекті романдардың бірі. Шығармада елдің болашағы, ұлттық құндылықтар, азаматтық жауапкершілік және адамдық қасиеттер кеңінен көрініс тапқан. Бүгінде бұл роман тарихи маңызын жоғалтпай, оқырманды өткеннен сабақ алып, елдің болашағы туралы ойлануға жетелеп келе жатыр. Сондықтан, «Қатерлі өткел» – қазақ әдебиетінің құнды мұраларының бірі әрі әрбір оқырманға тағылым беретін шығарма деп ойлаймын.

Ілияс Есенберлин – халқымыздың тарихын көркем шығарма арқылы сөйлеткен ұлы қаламгер.  Оның шығармалары бүгінгі ұрпаққа өткенін танытып, төл тарихын құрметтеуге үйретеді. Сондықтан6 Ілияс Есенберлиннің  әдеби мұрасы қазақ әдебиетінің мәңгілік қазынасы.

Жұлдыз ЕРБОЛ.

Жалғызқұдық ауылы,

Целиноград ауданы.

Сурет ult.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар