216 ауылдық бөлімше Starlink-ке қосылды

Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған орай, цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде «Қазпошта» акционерлік қоғамы 216 ауылдық бөлімшені Starlink спутниктік технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосты.

Жоба Қазақстанның 12 облысындағы ауылдық елді мекендерді қамтыды. Жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша ең ауқымды жұмыстар Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жүргізілді. Біздің Ақмола облысына келер болсақ, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Аршалы ауданындағы Бұлақсай және Жақсы ауданындағы Ишимское ауылдары тұрақты интернетке қол жеткізді.

Starlink технологиясын енгізу шалғай елді мекендердегі байланыс сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Корпоративтік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысы үшін деректерді беру жылдамдығы 20 Мбит/с дейін қамтамасыз етілсе, ауыл тұрғындары мен клиенттер үшін бөлімшелерде 350 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен тегін Wi-Fi қолжетімді болды.

Жоба ауылдық пошта желісін цифрлық трансформациялауға, байланыс арналарының сенімділігін арттыруға және тұрғындардың заманауи мемлекеттік, қаржылық, пошталық және цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.

«Қазпошта» еліміздің барлық өңірлеріндегі тұрғындарға сапалы қызметтерді қолжетімді ету үшін заманауи технологияларды енгізуді жалғастыруда.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Сурет kaztag.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар