Цифрлы сауатты болу заман талабы

КЕЗДЕСУ

Көкшетауда жергілікті жастардың бойындағы көшбасшылық қабілетті шыңдап, олардың тұлғалық әрі кәсіби тұрғыда дамуына жол ашатын «Jastar Talks» мотивациялық кездесуі өтті.

Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында арнайы шақырылған спикерлер мен белсенді жастар бас қосып, тиімді қарым-қатынас орнату, шығармашылық әлеуетті арттыру және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын кеңінен талқылады.

Қазіргі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Осы орайда әлеуметтік желілер тек көңіл көтеру құралы емес, елдегі маңызды мәселелер көтерілетін үлкен ақпараттық кеңістікке айналды. Бұл ретте жалған ақпаратты ажырата білу, цифрлық мәдениетті қалыптастыру және контент жасаушылар мен блогерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр.

Жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев жастар саясатының басым бағыттары мен мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда ақпараттық кеңістіктің тым ауқымды екенін, жастардың әлеуметтік желілер арқылы табыс тауып, жарнама мен жаңа идеялар арқылы үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отырғанын атап өтті. Ақпаратты оңтайлы әрі пайдалы бағытта қолданудың маңыздылығын тілге тиек еткен ол, қазіргі буынның тарихи кезеңде – Жаңа Конституция негізінде дамып жатқан қоғамда өмір сүріп жатқанын жеткізді.

Ашық диалог алаңына түрлі салада жетістікке жеткен танымал контент жасаушылар мен қоғам белсенділері қатысты. Солардың бірі – TikTok желісінде мыңдаған аудиториясы бар блогер Ескендір Жанартов өз тәжірибесімен бөлісті. Блог жүргізген екі жыл ішінде жеткен жетістіктерін айтқан ол, контент жасауда ең бастысы мән-мағынаның болуы керектігін жеткізді. Оның пікірінше, өңірлік тақырыптарға көбірек көңіл бөліп, сапалы материал ұсыну көрерменнің шынайы сеніміне ие болуға мүмкіндік береді.

Шарада сөз алған Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Асхат Уайысов ұйымның негізгі мақсаты мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету екенін айтып өтті. Ол, әсіресе, 2024 жылғы су тасқыны кезінде 10 облыста атқарылған ауқымды гуманитарлық әрі қаржылық көмектерге тоқталды. Сондай-ақ, бейбіт күнде жастарға алғашқы психологиялық көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасау бойынша оқу-жаттығу сабақтары тұрақты өтетінін тілге тиек етті.

Медицина саласын әлеуметтік желіде кеңінен дәріптеп жүрген блогер, жедел жәрдем фельдшері Жанас Асылбекұлы да өз оқиғасымен бөлісті. Жеке блогын ашқан алғашқы айларда түрлі сын мен түсініспеушіліктерге тап болғанын жасырмаған жас маман, уақыт өте келе оқырмандардың қолдауын сезінгенін айтты. Адамдарға пайдалы ақпарат беріп, дұрыс бағыт көрсету оған үлкен мотивация сыйлап, кәсіби әрі блогерлік жолында алға ұмтылуға серпін берген. Сонымен қатар, «Esbol Qory» қоғамдық қоры өңірлік филиалының жетекшісі Даниал Жағыпар қоғамдағы өзекті дерт – нашақорлықтың алдын алу мәселесін көтерді. Нашақорлықтың алғашқы, орташа және соңғы кезеңдері болатынын түсіндірген ол, есірткіге бір рет бой алдырған адамның ағзасы тәуелді болып қалатынын ескертті. Ауру аскынған сайын одан айығу қиындай түсетіндіктен, алдын ала профилактикалық шаралар жүргізудің маңызы зор екенін және бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар мен қаржы бөлініп жатқанын атап өтті.

– Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында азаматтық жауапкершілікті, құқықтық мәдениетті, цифрлық сауаттылықты арттыру және жаңа қоғамдық құндылықтарды насихаттау. Түрлі сала мамандарының басын қосқан бұл жоба жастардың өзін кез келген ортада еркін ұстап, шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған мотивациялық платформа болып табылады, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ маманы Ақбота Нұрбекқызы.

Кездесу барысында қатысушылар елдегі саяси-қоғамдық өзгерістерге, оның ішінде Қазақстанның жаңа Конституциясының жастар болашағына тигізер ықпалына тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы айқындап берген «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарының маңызы, Цифрландыру жылы аясындағы негізгі басымдықтар мен әлеуметтік медианың жастар тәрбиесіндегі орны сарапталды. Сондай-ақ, қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама мемлекеттік жастар саясатының басым міндеттерін іске асыруға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға зор септігін тигізеді. Өңір жастарын қолдауға және бәсекеге қабілеттілікті арттыратын мұндай шаралар жыл соңына дейін өз жалғасын табады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар