Алдың пейіш болсын, Төлеген!

Еске алу

Жаратқан Ием адам баласын бұл өмірге бар жақсылықты көріп, ізгілік жинасын деп жібереді. Ал, несібесі таусылып, жиған-терген жақсылығы толысқанда, қайта өз құшағына алады екен. 

Бұл – бұлтартпас өмір заңы. Менің бүгінгі еске алып, қалам тербеп отырған жерлес, бала күннен бірге өскен кластасымның да өмір жолы осы ойға саяды. Бал дәурен балалығымыз бірге өткен, жалаң аяқ су кешіп, таңнан кешке дейін асық атып, доп қуған асыл досым, жерлесім Төлеген Есенеевтің 70-тен асқан шағында мәңгілік мекеніне аттанғанына да, міне, 40 күн толыпты…

Ауыл мектебінің табалдырығын бірге аттап, Қызылту мектеп-интернатында оқыған біздің оқу бітіргенімізге 50 жыл толғанда кездесіп, енді он жылдан соң басымыз аман, бауырымыз бүтін жиналайық деп тарасып едік. Амал қанша, тағдырдың жазуы осылай болды.

Жасынан еңбекке, өнерге жақын Төкең, қанаты талмай осы уақытқа дейін еңбектен қолын үзген жоқ. Ауыл шаруашылығы саласындағы еселі еңбегі ел есінде сақталады. Ол өнерден де құр алақан емес еді. 1987 жылы ауылдың домбыра оркестрінің құрамында өнер көрсетіп, ІІ-Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты атанғанын айтпасқа болмас.

Төкең отбасының өнегелі, жанашыр  отағасы бола білген аптал азамат. Сүйікті жары Дариғамен бірге ұлдарын ұясына қондырдырған бақытты әке еді. Қайран қу дүние-ай!  От-ғұмырын ерте сөндіріп, немерелерінің қуанышын көрсетпей, фәни жалғаннан мезгілсіз алып кеткені жанға қатты батады.

Қимас жерлесімнің жер бесігі жұмсақ, жайлы боп, Алла тағала қабыр азабынан сақтасын. Жаның жәннатта болсын, қайта оралмас қимасым.

Өткен күндер, өтер күндер қас қағым,
Оралмайды, қайрылмайды жас шағың.
Кеше ғана 70 жасқа толып ең,
Бүгін міне күңіренді аспаның.

Ауылдасым, замандасым, қимасым,
Қадірлейтін, құрмет тұтар сыйласым.
Тастап бізді кете бардың асығып,
Бұл фәниден бар жақсылық жиғасын.

Жаназаңа  ауылдастар жиналдық,
Естігенде суық хабар қиналдық.
Алла берген ұлдарыңды көргенде,
Кетті әкең деп айтуға да қимадық.

Еңбекқор ең бала күннен, жасыңнан,
Емес едің ауыр күнде жасыған.
Ұлдарыма қол ұшын мен берем деп,
Қиыншылық өтті талай басыңнан.

Көре алмадың тіршіліктің қызығын,
Татпадың-ау шаттық өмір дәм-тұзын.
Жеті асу бағына сен шығып ең,
Әттең, ерте сөнді ғой от-ғұмырың.

Асыл жарыі Дариғаның еркесі едің,
Жерлестердің жан сүйсінер серкесі едің.
Қайтейін, кеттің сен де мәңгілікке,
Өзіңе жайлы болсын жер төсегің!

Еске алушы жерлесің Қайыргелді ИСИН. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар