Басқұрдың мәні де, сәні де мол

Біле жүріңіз!

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған әрбір жәдігер халқымыздың өткенінен сыр шертетін баға жетпес мұра. Солардың ішінде ерекше орын алатын бұйымдардың бірі – басқұр.

Басқұр – киіз үйдің керегесін айналдыра тартылатын жалпақ тоқылған бау. Оның басты қызметі – туырлықты мықтап бекітіп, киіз үйдің беріктігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ол киіз үйдің ішіне сән беріп, көркін айшықтайды. Қазақ халқы үшін киіз үй тек баспана емес, отбасының берекесі мен бірлігінің белгісі болғандықтан, оның әрбір бөлшегіне ерекше мән берілген. Басқұр да сол маңызды бұйымдардың бірі саналған.

Бүгінде музей қорында 20-дан астам басқұр сақтаулы. Олардың әрқайсысы өзіндік ою-өрнегімен, тоқылу ерекшелігімен және тарихи құндылығымен бағалы. Бұл жәдігерлер арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін және ұлттық дүниетанымын тереңірек тануға болады.

Ертеде басқұрды көбіне қой жүнінен иірілген жіппен тоқып, табиғи бояулармен әрлеген. Оны дайындаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен, жүнді өңдеп, жіп иіреді, кейін оны бояйды, сосын дайын болған жіптен әдемілеп тоқиды. Басқұр тоқу үлкен шеберлік пен төзімділікті қажет етеді. Қолөнердің бұл түрін аналарымыз бен әжелеріміз ежелден қыздарына үйретіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Сондықтан, әрбір басқұрдың бойында шебердің қолтаңбасы мен ұлттық дәстүрдің жалғасы сақталған.

Басқұрдың басты ерекшелігі – оның ою-өрнектерінде. Қазақ халқы ою-өрнекке ерекше мән берген. Әр өрнектің өзіндік мазмұны мен символдық мағынасы болған. Мысалы, «қошқармүйіз» оюы молшылық пен берекені білдірсе, геометриялық өрнектер тәртіп пен үйлесімділікті, ал ,өсімдік тектес өрнектер табиғаттың жаңаруы мен өмірдің жалғастығын бейнелеген. Осындай өрнектер арқылы халқымыз өз дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және табиғатпен үндестігін көрсеткен.

Басқұрлардың түс үйлесіміне де ерекше назар аударылған. Шеберлер қызыл, көк, жасыл, ақ және қоңыр түстерді үйлестіріп, әр бұйымға өзіндік көркемдік сипат берген. Табиғи бояулардың қолданылуы бұйымның сапасын арттырып, оның ұзақ уақыт бойы өңін жоғалтпай сақталуына мүмкіндік жасаған. Бұл қазақ қолөнершілерінің табиғат сырын жетік біліп, оны тиімді пайдалана алғанын көрсетеді.

Музейде сақталған басқұрлар халқымыздың мәдени мұрасын зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей жәдігерлер. Олар арқылы белгілі бір кезеңдегі тоқу тәсілдерін, қолданылған материалдарды және өңірлік ерекшеліктерді анықтауға болады. Әрбір бұйым – өз дәуірінің тарихын, тұрмысын және мәдениетін бейнелейтін құнды дерек көзі.

Қазіргі таңда басқұр тек музей экспонаты ретінде ғана емес, ұлттық сәндік-қолданбалы өнердің маңызды үлгісі ретінде де бағаланады. Оның ою-өрнектері заманауи интерьерлерде, мәдени іс-шараларда, этноауылдар мен көрмелерде кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар, қолөнер шеберлері дәстүрлі тоқу әдістерін жаңғыртып, ұлттық өнерді дамытуға үлес қосуда. Бұл халқымыздың мәдени мұрасының өміршеңдігін және бүгінгі күнмен сабақтастығын көрсетеді.

Ұлттық құндылықтарды сақтау – әрбір ұрпақтың маңызды міндеті. Музей қорындағы басқұрлар ата-бабаларымыздың еңбекқорлығының, шеберлігінің және көркемдік талғамының айқын дәлелі. Әрбір өрнекте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің ізі, әрбір жіпте ұлттық тарихтың табы жатыр. Сондықтан, осындай асыл мұраны зерттеп, сақтап, кеңінен насихаттау – ұлттық мәдениетімізді келер ұрпаққа аман жеткізудің маңызды жолы. Басқұр – тұрмыстық бұйым ғана емес, халқымыздың тарихын, дүниетанымын және рухани байлығын бүгінгі күнге жеткізген баға жетпес мәдени мұра.

Армангүл ҚАРБАЕВА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің
қор бөлімінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар