Азия чемпионаты
Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өткен каратэден халықаралық турнирде ақмолалық жас спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлде салды.
Азияның 12 елінен келген дарынды жас спортшылар бақ сынаған беделді додада ақмолалық өрендер шеберлігімен көзге түсіп, Қазақстанның абыройын асқақтатты.
Жарыс қорытындысы бойынша, 12 жастағы Денис Слабковский күміс жүлдені жеңіп алып, Азия чемпионатының вице-чемпионы атанды. Ол Щучинск қаласындағы №2 мектептің 7- сынып оқушысы. Денис каратэ WKF-тен Қазақстан чемпионы, каратэ WKF бойынша спорт шеберіне кандидат, қоңыр белбеу иегері. Азия чемпионатындағы сәтті өнері оның халықаралық деңгейде де жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын дәлелдеді.
Ал, 10 жастағы Нұрислам Жайсенбай тартысты белдесулерде қарсыластарынан басым түсіп, қола жүлдені иеленді. Ол Көкшетау қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы. Нұрислам каратэ WKF-тен Қазақстан чемпионы және көк белбеу иегері. Жас спортшының бұл жетістігі оның спорттағы қажырлы еңбегі мен мақсаткерлігінің жемісі болды.
Екі спортшы да Ақмола облысының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен «Shidai» спорт клубында шеберліктерін шыңдап келеді. Жас спортшыларды халықаралық додаға тәжірибелі жаттықтырушылар Азамат Қойшыбаев пен Сергей Воскресенский дайындады. Бапкерлердің жүйелі жұмысы мен кәсіби тәжірибесінің арқасында шәкірттері халықаралық деңгейде лайықты нәтиже көрсетіп отыр.
Азия чемпионатындағы бұл жетістік тек жас спортшылардың ғана емес, олардың ата-аналарының, бапкерлерінің және өңірдегі спорт қауымдастығының ортақ жеңісі. Соңғы жылдары Ақмола облысында каратэ WKF қарқынды дамып, жас спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Осындай жеңістердің арқасында өңірдің жас өрендері халықаралық аренада Қазақстанның көк Туын абыроймен көтеріп, ел мерейін үстем етуде. Бұл жетістіктер жас буынға үлгі болып, оларды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіреді.
Ақмола облысының жас каратэшілерінің Азия чемпионатындағы кезекті жетістігі өңір спортының әлеуеті артып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш деп санаймыз. Алда да олардың халықаралық ареналарда Қазақстан намысын лайықты қорғап, жаңа жеңістермен жанкүйерлерін қуанта беретініне сенім мол.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

