Темір жол – болат рельстердің үстімен зымыраған пойыздар мен тоқтаусыз қозғалыстың ғана емес, үлкен жауапкершілік, тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіптің мектебі. Қар мен боранды, аптап ыстық пен нөсер жаңбырды елемей, тәулік бойы жолаушы мен жүк тасымалдап, ел экономикасының күретамырына айналған теміржолшылардың қажырлы тірлігі сырт көзге бірсарынды көрінгенімен, әрбір рейстің артында үлкен ерлік пен қажырлы ізденіс жатыр. Әсіресе, тонналаған ауыр салмақты тиесілі орынға аман-есен жеткізу ерекше қырағылық пен шеберлікті талап етеді.
Осындай қиын да қатерлі, қадірлі жолды жүрек қалауымен таңдап, 20 жыл уақыт бойы болат жолда адал қызмет етіп келе жатқан жанның бірі – «ҚТЖ – Жүк тасымалдау» ЖШС-нің Ақмола филиалы Бурабай курорты локомотив пайдалану депосының электровоз машинисі Қайырбек Алпысбайұлы Өмірзақов.
Бұрынғы Көкшетау облысы, Ленинград ауданы, «Айсары» совхозында дүниеге келген Қайырбек Алпысбайұлының бұл салаға келуі кездейсоқ емес. Теміржол саласында еңбек еткен туыстарының өнегесі мен ақыл-кеңесі оның болашақ мамандығын айқындауда маңызды рөл атқарды. Еңбек жолын қарапайым вагон жөндеушісі болып бастаған жас жігіт уақыт өте келе теміржолдың жүрегі – локомотив шаруашылығына қадам басты. Павлодар қаласындағы «Білім жолы» жекеменшік колледжінен машинистің көмекшісі мамандығын меңгеріп, үш жыл бойы осы салада тәжірибе жинақтайды. Кейін Қарағандыдағы Темір жол қызметкерлерін даярлайтын оқу орталығында электровоз машинисі ретінде біліктілігін арттырып, содан бері сеніп тапсырылған «темір тұлпарының» тізгінін абыроймен ұстап келеді.
Машинист мамандығының қыр-сырын үйреніп, ең алғаш рейске шыққан күнін кейіпкеріміз ерекше тебіреніспен еске алады.
– Алғашқы дербес рейсім әлі күнге дейін есімде. Үлкен жауапкершілікті сезінгендіктен болар, қатты толқыдым. Өзімнің теориялық жағынан білімім жеткілікті болса да, қасымдағы тәжірибелі көмекшім қай жерде қандай жылдамдықпен жүру керектігін, бағдаршамдар мен бұрылыстарды айтып отырды. Ол сонымен қатар, электровозды қарап, аппараттардың жұмысын тексеріп, нұсқаулығымды орындайды. Мен негізінен электровоз жүргіземін, жүк тасимын. Ең алғашқы отырған электровозым ВЛ80 болатын. Бірінші күні ештеңені дұрыс түсініп болмайсың. Қасымдағылар түсіндіріп жатса, жүрегім дүрс-дүрс соғып, биік электровозды көріп қатты толқып тұрмын. Бір кезде көмекшім «Артқы секцияны тексереміз» деді. Электровоз жылдамдық алған сайын мотор мен вентилятор гүр-гүр етеді, найзағай секілді ұшқындар шығып жатыр, оны көріп менің көзім алақандай болып тұр. Жалпы ВЛ80 екі секциядан тұрады. Бір секциядан екіншісіне өту үшін арасы ашық болатындықтан, пойыз жүріп келе жатқанда түсіп кетемін бе деген қауіп те болды. Қазір осының барлығы есіме түссе әлі күнге дейін күлемін. Сол күн мен үшін кәсіби өмірімдегі жаңа белес болды. Толқығаныммен, барлық талаптарды сақтап, рейсті сәтті аяқтадым. Осы күн менің өзіме деген сенімділігімді арттырды, – дейді Қайырбек Өмірзақов.
Машинистің бір күндік жұмысы рейс алдындағы қатаң медициналық тексерістен және дайындықтан басталады. Кезекші қолындағы кестесінен жолға шығатын бригадаларды қарап, депода бір сағат бұрын болуларын хабарлайды. Белгіленген уақытта келген машинистердің құжаттарының дұрыстығы тексеріліп, бағыттары анықталады, арнайы комиссия мен нұсқаулықтан өтеді. Бұдан кейін депо кезекшісімен бірге локомотивтің техникалық жағдайы, тежегіш жүйесі, байланыс құралдары мұқият тексеріліп, барлық талаптарға сай болған жағдайда ғана машиниске рейске рұқсат етіледі.
Теміржолшылар үшін ауа райының құбылмалы мінезі үлкен сыналатын сәт. Боранда, қатты желде немесе аптап ыстықта ерекше сақтық қажет. Машинист үшін ең басты қасиет – жауапкершілік пен салқынқандылық. Ал, біліктілік тәжірибемен келеді.
Жол үстінде күтпеген жағдайлар да орын алып тұрады. Мәселен, теміржолға ірі қара малдың шығып қалуы жиі кездеседі. Мұндай сәттерде қатты жылдамдықпен жүріп келетін пойызды шұғыл тоқтату оңай емес. Әсіресе, ірі малдардың сүйегі қатты болатындықтан, соғылған жағдайда тежегіштің жұмысына зиян келтіруі мүмкін. Ал, жүк пойыздарының салмағы 9 мың тоннадан асады.
– Ауыр салмақты 200-300 метр қашықтықта бірден тоқтату мүмкін емес. Жылдамдыққа байланысты пойыз тағы 600-700 метр жерге дейін сырғып барып тоқтайды. Сондықтан, машинист пен көмекші ешқайда алаңдамай, тек жолды қадағалап отырады. Егер жолда шұғыл тоқтауға тура келсе, кезекші станция мен диспетчерге рация арқылы дереу хабар беріп, барлық қозғалысты қатаң бақылауда ұстаймыз. Сонымен қатар, көмекшім пойыздың қай жерде қандай жылдамдықпен жүргенін, қай уақытта тоқтағанын қалт жібермей жазып отырады. Машинист өз бетімен қалаған жерінде тоқтай алмайды, барлығы диспетчердің бұйрығымен рұқсаты арқылы жүзеге асырылады, – дейді ол.
Темір тұлпардың да түрлі маркалары мен ерекшеліктері болады. Бұрынғы көне ВЛ80 электровоздарынан бастап, қазіргі заманауи француздық үлгідегі КЗ8А сияқты қуатты техникаларға дейін меңгерген тәжірибелі маман әрбір темір тұлпардың дыбысына дейін жіті бақылап отырады. Егер аса бағалы жүктер болса, арнайы күзет соңғы вагонда орналасып, межелі жерге дейін бірге жүреді. Жол үстінде техникалық ақаулар шыға қалған жағдайда, машинист оны өз бетінше немесе кезекшінің көмегімен тез арада жөндей білуі тиіс. Тіпті таулы аймақтардағы биік өткелдер мен күрделі бұрылыстарда машинистің шеберлігі мен тапқырлығы анық көрінеді.
Ұзақ сапарларда алдағы жұмыс, отбасы мен өмір туралы ой толғайтын Қайырбек Алпысбайұлының сенімді тірегі – отбасы. Жұбайы Ляззат екеуі тәрбиелеп отырған үш баласы әкелерінің жауапкершілігі мол мамандығын түсіністікпен қабылдап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ересен еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін бірнеше Алғыс хаттар мен мақтау грамоталарымен марапатталған теміржолшы ұжымында үлкен сый-құрметке бөленген маман. Электровоз машинисі сияқты аса қиын мамандықтың осы келтіріп отырған өзіндік қыр-сыры мен ерекшеліктері туралы да ол тебірене әңгімеледі.
Өзінің жұмыс саласында осы бір жауапкершілік жүгін өмірлік ұстанымы еткен Қайырбек секілді машинистердің адал еңбегінің арқасында еліміздің жолаушы мен жүк көші тоқтаусыз алға жылжып келеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

