Жаңарған вокзалдар! Сендерден әр жанға оң сапар!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, халыққа қолайлы жағдай жасауға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп келеді.

Бұл реттегі тапсырмалар тек жаңа автомобиль жолдарын салумен немесе теміржол желілерін дамытумен ғана шектелмейді. Ең алдымен, күн сайын мыңдаған адам пайдаланатын әлеуметтік маңызы бар нысандардың заман талабына сай болуы маңызды. Осындай маңызды жобалардың бірі республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын кешенді жаңғырту бағдарламасы. Бұл бастама халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға және өңірлердің туристік әрі инвестициялық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Бұл бағытта Ақмола облысы республика бойынша көш бастап келеді. Бүгінде облыс аумағында бір мезгілде 16 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Бұл дегеніміз еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай көлемдегі жұмыстардың біздің өңірде жүргізілуі, бір жағынан, үлкен жауапкершілік жүктесе, екінші жағынан, облыстың көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік береді.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын тәжірибелі мердігер ұйымдар  «Жарқын Құрылыс» және «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқаруда. Жұмыстардың әр кезеңі техникалық қадағалау мамандарының және тапсырыс беруші тараптың тұрақты бақылауында.

Қазіргі таңда қайта жаңғыртылған жеті теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Олар Бурабай, Макинск, Ақкөл, Шортанды, Жақсы, Сарыоба және Аршалы станцияларындағы вокзалдар. Бүгінде бұл нысандар тұрғындар мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, заманауи талаптарға сай жұмыс істеп келеді.

Теміржол вокзалдарын кешенді жаңғырту бағдарламасы аясында бұрынғы ескірген инженерлік желілер толық жаңартылып, күту залдары кеңейтілді, санитарлық тораптар талапқа сай қайта жабдықталды, қауіпсіздік жүйелері күшейтілді. Ең бастысы, тұрғындар бұрынғыдан әлдеқайда жайлы әрі қолайлы жағдайдағы вокзалдарды пайдаланып отыр.

Қалған вокзалдарда да құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Мысал үшін айтар болсақ, Жалтыр вокзалындағы жұмыстардың орындалуы 95 пайыз, Ерейментауда 96 пайыз, Еркіншілікте 94 пайыз, Өлеңтіде 92 пайыз. Көкшетау және Державинск  қалаларында да құрылыс соңғы кезеңге аяқ басып, таяу арада пайдалануға берілгелі тұр. Ал Есіл, Елтай және Атбасар станцияларында бұрынғы ғимараттар толық сырылып, жаңа вокзалдар бой көтеріп жатыр. Сондықтан, бұл нысандардағы жұмыс көлемі әлдеқайда ауқымды болғанымен, құрылыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Бүгінде барлық құрылыс алаңдарында 390 жұмысшы мен инженер-техник қызметкерлері және 34 арнайы техника жұмыс істеуде. Жалпы, облыс бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы 92 пайызды құрап отыр. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Жоспар бойынша шілде айының соңына дейін Державинск, Есіл, Еркіншілік, Ерейментау және Өлеңті вокзалдары пайдалануға беріледі. Тамыз айында Атбасар мен Елтайдағы жұмыстар аяқталады. Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласының теміржол вокзалын толық пайдалануға беру осы жылдың қазан айына жоспарланған.

Атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі тұрғындардың көз алдында өтіп жатыр, ешбір құпиясы жоқ. Бәрі ашық жариялы түрде. Әр апта сайын құрылыс нысандарындағы өзгерістер республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, телеарналарда жарияланып келеді. Мұндай ашықтық халықтың сенімін арттырып қана қоймай, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін де күшейте түседі.

Қайта жаңғырту жобаларының ішіндегі ең ауқымды нысанның бірі Көкшетау қаласының теміржол вокзалы болып саналады. 1981 жылы салынған бұл ғимарат бірінші класты вокзал санатына жатады. Соңғы жылдары жолаушылар санының айтарлықтай артуы вокзалды жаңарту қажеттігін көрсетті. Егер 2020 жылы бұл вокзалды тәулігіне шамамен 1200 адам пайдаланса, бүгінде бұл көрсеткіш 1830 жолаушыға жетті. Бұл вокзалдың өткізу қабілетін арттыруды және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды талап етіп отырғаны анық.

Жаңғырту барысында вокзалдың жалпы ауданы жоспарланып отырған конкорстық өткелді қоса есептегенде 9007 шаршы метрден 10 500 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ғимараттың сәулеттік келбеті түбегейлі өзгертіліп, қазіргі заман талабына сай жаңа бейнелік тұрпатта қалыптасты. Құрылыс барысында негізінен, қазақстандық өндірістің материалдары қолдаланылды. Қасбет ұзақ мерзімге шыдамды фиброцемент панельдермен қапталды, цоколы гранит плиталармен әрленді. Көкшетауда өндірілген энергия үнемдейтін шыны пакеттері бар алюминий витраж жүйелері орнатылып, табиғи жарықтың мол түсуіне және ғимараттың энергия тиімділігінің артуына мүмкіндік жасалды.

Шатыр толықтай жаңартылып, қазіргі заманғы жылу оқшаулағыш материалдар қолданылды. Сонымен бірге, қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін электрлі жылыту жүйесі бар жаңа су ағызу жүйесі орнатылды.

Ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары да толық жаңартылды. Жанбайтын материалдар қолданылып, дыбыс оқшаулағыш төбелер мен сапалы еден жабындары төселді. Сонымен қатар, вокзалдың тарихи ерекшелігін айқындайтын бастапқы келбет сақталып қалды. Бұл өткеннің тарихи мұрасын сақтай отырып, заманауи талаптарды үйлестіруге мүмкіндік берді.

Жобаны іске асыру барысында барлық жолаушыларға бірдей қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Вокзал лифтілермен, эскалатормен, көтергіш платформалармен, тактильді бағыттау жолақтарымен және арнайы күту бөлмесімен жабдықталуда. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ғана емес, егде жастағы адамдарға, балалы ата-аналарға және өзге де барлық санаттағы жолаушыларға қолайлы жағдай туғызады.

Сонымен қатар, вокзал заманауи желдету жүйесімен, бейнебақылаумен, кіруді бақылау жүйесімен, өрт қауіпсіздігі құрылғыларымен және жолаушыларды тексеруге арналған жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Барлық инженерлік коммуникациялар жаңартылды. Алдағы уақытта жаңа электрондық ақпараттық таблолар орнатылып, жолаушыларға арналған жайлы әрі ұзақ мерзімге арналған антивандалдық орындықтар қойылады.

Көкшетау вокзалындағы жұмыстар жобалау мен құрылыс үдерісін қатар жүргізу тәсілі арқылы жүзеге асырылуда. Бұл құрылыс мерзімін қысқартуға және жұмыстың қарқынын жоғалтпауға мүмкіндік берді. Бас мердігер «Жарқын Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі белгіленген кестеден оза орындап келеді. Бүгінде нысанның жалпы дайындығы 90 пайызға жуықтап отыр.

Қазіргі уақытта перронды жаңарту, аумақты абаттандыру және соңғы әрлеу жұмыстары жалғасуда. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, барлық орындалған жұмыстар техникалық қадағалау органдарының қатысуымен кезең-кезеңімен қабылданады. Біздің негізгі міндетіміз – жұмыстың сапасын бірінші орынға қоя отырып, барлық нысандарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде пайдалануға беру.

Теміржол вокзалдарын жаңғырту  бұл тек ескі ғимараттарды жөндеу ғана емес, сондай-ақ, өңірдің дамуына салынған инвестиция, халыққа жасалған қамқорлық және болашаққа бағытталған маңызды қадам. Жаңарған вокзалдар тұрғындар мен қонақтарға жайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттырады, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді және жалпы көлік қызметінің сапасын жақсартады деген сенімдеміз.

Біз үшін ең басты мақсат тұрғындардың ризашылығы. Әрбір жолаушы сапарға шыққанда немесе туған жеріне оралғанда заманауи, қауіпсіз әрі жайлы вокзалда сапалы қызмет алуы тиіс. Кез келген темір жол вокзалы, ол сол жердің айнасы мен кіре беріс қақпасы. Сондықтан, осы мақсатта Ақмола облысында қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді. Өйткені, дамыған көлік инфрақұрылымы өңірдің тұрақты өсімінің, халықтың өмір сүру сапасының және еліміздің экономикалық әлеуетінің маңызды негіздерінің бірі екені даусыз.

Әсіресе, іргетасы өткен ғасырдың 80-інші жылдарының басында қаланған Көкшетау вокзалы көптен бері күрделі  жөндеу жүргізілмей, тозып тұрғанын ішіміз жақсы сезетін. Енді мұның да кезегі келіп, әрі-бері өткен жолаушыларға жаман әсер қалдырмайтын қаланың бас қақпасы одан сайын  еңселене түспек. Жолаушылар жолға шығатын, сапарлап келетін кез келген темір жол вокзалы өзінің жайлылығы, көз тартар келбетімен жұртшылық көңілінен шығуы тиіс. Облысымызда 16 темір жол вокзалының қайта жаңартылуымен біз осындай деңгейге көтеріліп келеміз деп ойлаймын. Ендігі арада мұнымен бірге, осы күрделі жөндеуден өткізілген вокзалдарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасы да арта түседі деген сенімдемін. Өйткені, ол үшін де жайлы орта, қолайлы мүмкіндіктер керек. Біздің қайта жаңартылып жатқан вокзалдар сөз жоқ, міне, сол деңгейден көрінерлік әлеуетке ие болғалы отыр.

Владимир КУЛАКОВ,
Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

 Суретте: қайта жаңартылып жатқан Көкшетау темір жол вокзалының сыртқы келбеті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар