Елдің экономикасын құрайтын басты саланың бірі

«Достар» мәдениет сарайында Темір жол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтіп, оған сала қызметкерлері мен ардагерлер және құрметті қонақтар жиналды.

 Мерекелік іс-шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақмола филиалының директоры Дәурен Қабас қатысып құттықтау сөз сөйледі.

–Ақмола облысының аумағы арқылы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын теміржол желісі өтеді. Осы бағыттармен жыл сайын шамамен 25 мың жолаушылар және 40 мың жүк пойызы қатынайды. Теміржолшылардың үздіксіз әрі сапалы жұмысы облыс экономикасының нығаюына зор ықпалын тигізіп, жол қатынасы қозғалысының жылдан-жылға одан әрі жетіліп, дамуына тұрақты серпін беріп келеді. Соңғы уақытта Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облысымызда  айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, республика бойынша жаңғыртылатын 124 вокзалдың 16-сы Ақмола облысында жаңартылуда.  Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бүгінде облысымызда олардың тең жартысы пайдалануға берілді, ал, қалғандары биылғы қазан айының соңына дейін іске қосылады, – деді облыс әкімінің атынан теміржолшылар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаған Елдос Рамазанов.

Осы орайда тағы бір атап өтетін жай, биыл Көкшетау жол дистанциясының құрылғанына 100 жыл толуы да осы Темір жол көлігі қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Кәсіпорын өзінің бір ғасырлық тарихында өңірдің теміржол инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып, теміржол желілерінің қауіпсіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, ұжым саланың үздік дәстүрлерін сақтап, алға апаруда да бірталай жетістіктерге жетуде.

Салтанатты жиналыс барысында болат жол бойының бір топ үздік қызметкерлері ведомстволық наградалармен, Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен және өзге де марапаттармен марапатталды. Мерекелік шара шығармашылық ұжымдардың мазмұнды концерттік бағдарламасымен қорытындыланып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар