Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде аймақтың 2026 жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жан-жақты сараланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары белгіленді.
Сонымен қатар, жиын барысында облыстық бюджеттің атқарылу барысы қаралып, аудандар мен қалалардың жұмысына нақты баға берілген жиынды ашып, жүргізген Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституция туралы айтқан тұжырымдарына тоқталып, оның ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті.
– Жаңа Конституция мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғам өмірінің күнделікті бағдары. Онда адамның құқықтары мен бостандықтары, әділеттілік, заң үстемдігі, халық бірлігі мен еңбекқорлық сияқты басты құндылықтар көрініс тапқан. Сондықтан, конституциялық қағидаттарды нақты істер арқылы жүзеге асыру біздің ортақ міндетіміз, – деді бұл ретте облыс басшысы. Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті жаңа деңгейге көтереді.
Күн тәртібіне көшпес бұрын облыс әкімі бірқатар кадрлық өзгерістерді таныстырды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы болып Серік Ілиясов, экономикалық тергеу департаментінің басшысы қызметіне Еркін Тюмелиев, ал, мәдениет басқармасының басшысы болып Нұрғиса Дәуешов тағайындалғанын жеткізген ол жаңадан тағайындалған басшылардың кәсіби тәжірибесіне тоқталып, алдағы қызметтеріне табыс тіледі.
Содан соң, күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасап, өңір экономикасының даму қарқыны тұрақты сақталып отырғанын айтты.
Өткен жылдың қорытындысында облыстың жалпы өңірлік өнімі 5,3 триллион теңгеге жетіп, екі жылдың ішінде 43 пайызға артқан. Бұл республикадағы ең жоғары өсімнің бірі.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде өндірілген өнім көлемі 2 триллион теңгеге жуықтады. Ал, жыл соңында бұл көрсеткіш 6,6 триллион теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Мұндай нәтижеге облысымызда ауыл шаруашылығы өндірісінің ұлғаюы, құрылыс қарқынының артуы, сауда көлемінің кеңеюі және кәсіпкерлік белсенділіктің жоғарылауы ықпал еткені даусыз.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай қарқын сақталса, Ақмола облысы 2029 жылға қарай Мемлекет басшысы алға қойған экономиканы екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырманы мерзімінен бұрын орындауға толық мүмкіндік алады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысының сөзіне қарағанда, облыс экономикасының өсуі ең алдымен, бюджет кірістерінен байқалып отыр.
Мәселен, үш жыл бұрын облыс бойынша 329 миллиард теңге салық түссе, өткен жылы оның көлемі 692,7 миллиард теңгеге жеткен. Ал, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджетке 420,8 миллиард теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 138,3 пайыз жоғары. Соның ішінде республикалық бюджетке 285,9 миллиард теңге, жергілікті бюджетке 134,8 миллиард теңге аударылыпты.
Қаржы министрлігінің маусым айындағы рейтингі бойынша Ақмола облысы жергілікті бюджет кірістерінің өсімі жөнінен республикада бірінші орынға шыққан.
– Бұл жай ғана статистика емес. Бұл өңірде көлеңкелі экономиканы қысқарту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу және инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізудің нақты нәтижесі. Облыс биыл бюджет кірістерін тағы 21 пайызға ұлғайтып, 838 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Жарқайың, Бурабай, Қорғалжын, Сандықтау, Астрахан, Жақсы, Егіндікөл, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласы ең жоғары өсім көрсеткен өңірлер қатарында, – деді Алмагүл Шүгірмақова өз баяндамасында.
Сондай-ақ, бүгінгі күні облыс экономикасының басты тіректерінің бірі облысымызға тартылатын инвестиция екендігі белгілі. Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері өңірге 329,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Үкімет бекіткен жоспар 182,9 пайызға орындалып, Ақмола облысы республика бойынша бірінші орыннан көрініп отыр.
–Ең бастысы, инвестиция құрылымы түбегейлі өзгеріп келеді. Егер бұрын бюджет қаржысының үлесі жоғары болса, бүгінде салынған инвестицияның 91 пайызы жеке капитал есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыста бір мезгілде бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Васильковка кен орнын кеңейту, Зеренді ауданындағы жел электр станцияларының құрылысы, Көкшетаудағы жылу электр орталығы, Қосшы қаласындағы деректерді өңдеу орталығы, сондай-ақ, Көкшетау мен Қосшыдағы көпсалалы ауруханалардың құрылысы бар. Бұл жобалардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңір экономикасының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді, –деді Алмагүл Шүгірмақова.
Сондай-ақ, жиын барысында алғашқы алты айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 триллион теңгені құрап, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде төмендеу байқалғанымен, жыл басынан бері көрсеткіштердің біртіндеп қалпына келе бастағаны атап өтілді. Осыған азырақ тоқталып өтсек, биыл облысымызда кен өндіру саласында өсім бар. Жыл соңына дейін «Алтынтау Көкшетау» кенішіндегі өндіріс көлемі ұлғайтылмақ.
Ал, «Алтыналмас» тау-кен металлургия кешенінде алтын өндіру қайта жанданып келеді. Степногорск таукен-химия комбинатында уран өңдеу көлемі 2,5 есеге дейін өседі деп жоспарланған. Сонымен қатар, Бурабай ауданында құны жарты миллиард АҚШ долларын құрайтын алтын өндіру фабрикасының құрылысы жүргізілуде.
Жиында облыс әкімі өңірге тартылып жатқан әрбір инвестициялық жобаның нақты экономикалық нәтиже беруі керектігін ерекше атап өтті.
Облыс экономикасының биылғы жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына сәйкес, Ақмола облысы бұрынғысынша еліміздің басты астықты аймақтарының бірі болып қала береді.
Байқап отырсақ, өткен алты айда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 220,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім 4,6 пайызды құраған. Мал шаруашылығында да тұрақты даму байқалып отыр. Осыған сәйкес, ет өндірісі төрт пайызға, сүт өндірісі 12 пайыздан астамға, жұмыртқа өндірісі 7,5 пайызға ұлғайған. Ал, мал басы барлық негізгі бағыттар бойынша көбейіп келеді.
Сондай-ақ, жиын барысында биылғы егіннің жай-күйі де көңіл қуантатыны айтылды. Бүгінде 4,5 миллион гектар егістік алқабының 68 пайызы жақсы жағдайда тұр. Мамандардың болжамынша, ауа райы қолайлы болса, облыс диқандары сегіз миллион тоннадан астам астық жинайды деп күтілуде. Қазірдің өзінде элеваторлар дайындалып, астық қабылдау орындары жөнделіп, қоймаларда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Облысымыздағы құрылыс саласы да аймақ экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. Мәселен, жарты жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 128,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 274,4 мың шаршы метр болды. Бұл бағытта Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданы көш бастап келеді. Облыс орталығында бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, аудандарда жеке тұрғын үй құрылысы да қарқын алған.
Сонымен қатар, экономикалық өсімнің түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін баршамыз білеміз. Өткен жылдың қорытындысында облыстағы орташа айлық жалақы 373 мың теңгеден асқан болатын. Ал, биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 378,8 мың теңгеге жетіпті.
Жиын барысында облыс әкімі аудан әкімдеріне кәсіпорындармен бірлесіп, еңбеккерлердің еңбекақысын көтеру, еңбек қатынастарын заңдастыру және жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, әкімдік отырысында аудан және қала әкімдерінің есептері тыңдалып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты сараланды.
Жиын соңында облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларға жоспарланған инвестициялық жобаларды уақытында аяқтау, статистикалық есептердің сапасын бақылау, бюджет кірістерін ұлғайту, жаңа өндірістер ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жақсартуды тапсырды.
– Әрбір басшының жұмысының нәтижесі өңір экономикасының дамуына ғана емес, ең алдымен, халықтың өмір сапасына әсер етеді. Сондықтан, бүгінгі оң қарқынды сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеру бәріміздің ортақ міндетіміз, – деп түйіндеді бұл орайда өз сөзін Марат Ахметжанов.
Расында да, алты айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының даму әлеуеті өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары екенін тағы бір мәрте байқап отырмыз. Экономиканың негізгі салаларындағы өсім, инвестиция көлемінің артуы, бюджет кірістерінің көбеюі мен жаңа өндірістердің іске қосылуы өңірдің орнықты дамуына берік негіз қалыптастырып отыр. Ендігі басты міндет осы қарқынды сақтап, қолға алынған әрбір жобаның нақты нәтижесін халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау қажет екенін облыс активі жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

