«Оқжетпес» көш бастаушылар қатарында келеді

Футбол

Өткен сенбі, жексенбі күндері Премьер-Лигадағы командалар 20-сыншы турдың ойындарын өткізді. Бұған дейін турнир кестесінің бесінші сатысында келе жатқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында көш соңындағы Өскеменнің «Алтайын» қабылдады.

«Оқжетпес» ойыншылары бұған дейін 19 кездесу өткізіп, оның сегізінде жеңіске жетсе, алтауын тең аяқтап, бес ойында жеңілістің ащы дәмін татқан еді. Ұзақ уақыт бойы үшінші орында келе жатқан жерлестеріміз, әсіресе, соңғы турларда жолы болмай кейін сырғығаны болмаса, жалпы, биыл өз тілеулестерін жақсы ойынымен  қуантып жүргенін айта кету керек. Бұл бір есептен, командаға облыс басшылығының да дәйекті көңіл бөліп, Иван Сауэр бастаған аграршылардың әр ойын сайын соғылған доптарға қомақты сыйақы тағайындай білуінен де қол жетіп отырған жетістік деп айтсақ артық емес.

Сонымен, бұған дейін үш ойында ғана жеңіске жетіп, соңғы он алтыншы орында тұрған «Алтайға» қарсы ойын да  басталып, жасыл алаң үсті тартысты күреске толып сала берді. Бірінші таймда ә дегеннен қонақтар қимылы ширақ көрініп, әлсін-әлсін біздің қақпаны торауылдай түскен «Алтай» көш соңындағы командаға ұқсамады. Олардың біздің ойыншылардан ширақ ойнап, жиі-жиі қақпаға төндірген қауіптері кей сәттерде стадионға көптеп жиналған жанкүйерлердің жүрегін шайлықтырып тастаумен болды. Керісінше «Оқжетпестің» ойыншылары сылбыр қимылдағандай әсер қалдырып, команда атына сын да жиі білініп қалып жатты.

Бірақ, футбол алма-кезек тартыстан тұратын ойын екенін ескерсек, бірінші таймға қосылған қосымша 2 минутта «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Владислав Васильевтің айып алаңының сыртынан теуіп, қарсыластар қақпасында тулатқан добы қайтадан жерлес жанкүйерлерге шабыт сыйлады. Сөйтіп, командалар үзіліске 1:0 есебімен кетті.

Ал,  ойынның екінші таймы мүлде басқа рең алып, әсіресе, алаңға «Оқжетпестің» шабуылдағы негізгі күші, команда капитаны Оралхан Өміртаев шыққаннан кейін жерлестеріміздің ойыны қызып сала берді. Сөйтіп, капитанның 59-ыншы минутта баспен салған екінші голы, ал, ойынның 76 минутында Владимир Воменконың соққан үшінші добы есепті күтпеген 3:0-ге жеткізді.

Кездесудің қалған уақытында қонақтардан Деннис Митрофанов ретін тауып, есеп санын қысқартқанымен, айып алаңындағы кезекті бір ұрымтал тұста Оралхан Өміртаевтың дәл соққысы «оқжетпестіктерге» 4:1 есебімен ірі жеңіске жету мүмкіндігін сыйлап, жанкүйерлер қуанышында шек болмады. Сөйтіп, осы маусымдағы ең ірі ұтысқа ие болған жерлестеріміз біріншілік барысындағы осы тоғызыншы жеңісінен кейін 33 ұпаймен бесінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Бұл команданың Премьер-Лигада қаншама өнер көрсетіп жүріп, солардың ішінде қол жеткізіп отырған ең жоғарғы көрсеткіші.

Әрі қарай да ойын өрнегі төмендемесе, команданың биыл кем дегенде алғашқы бестіктен көрінетін мүмкіндігі бар. Ол үшін мәресіне жақындап келе жатқан биылғы чемпионаттың қалған ойындарында да үлкен серпін таныту керек. Соның ішінде 9 тамызда сырт алаңда «Астанамен» өтетін ойында да ұтылып қалмаудың қамын ойлау, сол үшін бар күш-жігерді салу әбден керек-ақ.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар