Осыдан жетпіс жыл бұрынғы түлектерміз

Алтын ұя – мектебім!

Таяуда теледидар көріп отырсам, бір мектептің түлектерінің орта білім алғандарына жарты ғасыр болғанын айтып жатыр. Біз де бұдан отыз жыл бұрын қырық жылдығымызды, Ақкөл ауданының Кеңес орта мектебін жиырма бір бала бітіргенімізді атап өткенбіз. Міне, биыл орта мектепті бітіргенімізге 70 жыл толып отыр.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, сол сыныптастарымыздан үшеуіміз ғана қалдық. Біреуінің тағдырын білмеймін, ал қалған он жетісі өмірден өтті.

«Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы…», – деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, біздің он бесіміз үкіметтің қамқорлығында, интернатта жатып оқыдық. Қамқорлығы сол – жылы үйде, үш мезгіл тамағын берді. Тамақ белгілі бір өлшемде. Тойсаң да сол, тоймасаң да сол.

Ас дайындайтын жерде екі баладан кезекші боламыз. Сол кезекшілікке де таласатынбыз, өйткені, ол күні тамағымыз тоқ болады. Оның да өз міндеттері бар. Қоймадан азық-түлік тасу, таңғы бесте тұрып, қысқы қолайсыз ауа райында құдықтан ас үйге су тасу. Құдықтың айналасы мұз болып жататын, құлап кету қаупі де болатын. Үкімет қанша қамқорлық жасағанымен, ол қамқорлықтың да өзіндік қиындықтары болды.

Оқу бітірген аттестаттарымызды алып, мектепте кішігірім кеш өткізіп, әрқайсымыз елімізге жол тарттық. Солардың ішінен Ақан Қайыржанұлы, Малдыбай Салықұлы үшеуіміз ғана жоғары оқу орнына түстік, екі-үшеуі орта арнаулы мамандық алды. Басқалары халық шаруашылығында адал еңбек етті. Ұрпақтары да ата-аналарының жолын жалғастырып, егеменді еліміздің болашағы үшін еңбек етуде.

Бүгінде көзі тірі жүрген сыныптасымыз Байруза Ахметжанова сауда саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, тоқсан жасқа келіп, қызы Ардақтың қамқорлығында өмір сүріп жатыр. Малдыбай Салықұлы да тоқсанға таяп, Астана қаласында тұрып жатыр.

Мен болсам, зейнет жасына жеткен соң да 14 жыл қызмет атқарып, әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен келемін. Астана қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесімін, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде газет беттерінде өзекті тақырыптарға үн қосып келемін. «Ақкөл ауданының Құрметті азаматы» атандым. Оған қоса, 2014 жылы зейнеткерлік жасымда «Құрмет» орденімен марапатталдым.

Осылай өмір өтіп жатыр. Мектеп бітіргенімізге 70 жыл толуына орай өмірден өткен сыныптастарымыздың жатқан жерлері жайлы болсын деймін, ұрпақтарына амандық тілеймін. Ал, Байруза, Малдыбай үшеуімізге әлі де болса, бақытты, ұзақ ғұмыр қалаймын.

Сөз соңында айтарым, Жаңа Конституциямыз тәуелсіз елімізді қуатты, ал, халқымызды бай-бақуатты етуге жазсын!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
1956 жылғы мектеп түлегі.

Сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар