Жақсының  аты өлмейді

Ел ардағы

Журналисті бөрі секілді аяғы асырайды деген сөз бар. Тілшілік қызметте жүрген жылдары облыстық, республикалық телеарналарда және облыстық газетте еңбек етіп, өңірдің талай жерін араладым. Жол үстінде түрлі ойлар мазалайды. Әсіресе, тарихи атаулары сақталған елді мекендердің тұсынан өткенде, оқыған шығармалар, олардың кейіпкерлері көз алдыма келеді.

Мұндай сәттер Айыртау ауданында жиі болады. Себебі, бұл өлке – тарихы терең, табиғаты көркем, талай тұлғаның ізі қалған қасиетті мекен. Мұнда Айғаным ханымның қонысы, Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Сырымбет даласы бар. Әсем табиғатымен, асқар тауларымен, ну ормандарымен, мөлдір көлдерімен ерекшеленетін бұл өңірдің әр тасы мен әр сайында тарихтың табы жатыр.

Жаман тау деп аталатын жердің өзі талай ойға жетелейді. Қасынан өте бергенде Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдызы» еске түседі. Шоқанның осы өлкеге келуі, аңшының арқар әкеліп, қонақ етуі, сол аңшының Үкілі Ыбырайдың әкесі болып шығуы – бәрі де қиял әлеміңді жетелей жөнеледі.

Жаман таудан асқан соң бір жақта Үкілі Ыбырай ауылы, екінші жақта Ақан серінің Қоскөлі қарсы алады. Қиялыңа ерік берсең, Құлагерге мініп, Басарала итті ертіп, аң қуып кеткендей боласың немесе әні мен жырына толы Балқадиша ауылының маңында аттан түсіп тұрғандай сезінесің. Өйткені, бұл өлке қазақ руханиятының алтын қазынасы.

Мен жер-су атауларына әрдайым ерекше мән беремін. «Бұл атау не үшін қойылған? Бұл жерде кімдер өмір сүрген? Қандай тарихи оқиғалар болған?» деген сауалдар еріксіз ойға келеді.

Бұған бала кезімізден ресми атаулармен аталып келген көптеген ауылдардың болғаны да әсер етсе керек. Кейінгі жылдары олардың бірқатары тарихи атауларын қайта иеленді. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы елді мекендер.

Бұрын жанынан талай рет өтсем де, бір қалыпты атау ретінде қабылдап жүре берген Қарасевка ауылының тарихына жақында ғана тереңірек үңілдім. Бұған жерлесіміз, қаржы полициясы саласының ардагері, бүгінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген азамат Төлеген Төрегелдиннің әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болды. Оның әкесі Жақсыбай Қалымтайұлы туралы жазбасын оқып отырып, бір азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ел алдындағы жауапкершілігіне тәнті болдым.

Тарихты тек мемлекет қайраткерлері ғана жасамайды. Кейде туған жерінің тағдырына бейжай қарамайтын, ел игілігі үшін еңбек ететін қарапайым азаматтар да тарихта өшпес із қалдырады. Сондықтан, оқырманға Жақсыбай Қалымтайұлының өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі туралы аз-кем баяндауды жөн көрдім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында қазақ халқы рухани жаңғыру кезеңін бастан өткерді. Ұмыт қалған есімдер қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық артты. Осы кезеңде Айыртау өңірінде де маңызды өзгерістер болды.

Солардың бірі қазақтың әйгілі ақыны, әнші-композиторы Үкілі Ыбырай есімін ұлықтау еді. Ол кезде Жақсыбай Қалымтайұлы «Қарасев» кеңшарының директоры қызметін атқаратын. Ол ауыл тұрғындарын, ақсақалдарды, өнер адамдарын және жастарды бір мақсатқа жұмылдырып, Қарасевка ауылында Үкілі Ыбырайға арналған үлкен мәдени шара ұйымдастырды. Бұл жиын жай ғана мереке емес, халықтың тарихи жадын жаңғыртқан маңызды оқиға болды. Ақынның әндері шырқалып, өлеңдері оқылды, әдеби кештер мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Бір күнге ғана емес, тұтас елдің рухани орталығына айналғандай әсер қалдырды.

Бұл бастаманың ерекшелігі – оның жоғарыдан берілген тапсырмамен емес, халықтың өз ықыласымен жүзеге асуында еді. Жақсыбай Қалымтайұлы үшін бұл жай ғана шара емес, ұлт тарихына деген азаматтық парыз болатын.

Осындай игі істің нәтижесінде 1991 жылғы 24 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен «Қарасев» кеңшарына ресми түрде Үкілі Ыбырайдың есімі берілді.

Өкінішке қарай, Жақсыбай Қалымтайұлы бұл тарихи сәтті көре алмады. Алайда оның бастаған ісі халық жадында мәңгі сақталды.

Жақсыбай Қалымтайұлы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Оның ел тарихына қосқан тағы бір үлкен еңбегі Ақан серінің кесенесін салуға ұйытқы болуы.

Бұл бастама да оңай жүзеге асқан жоқ. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында мұндай тарихи-мәдени нысандарды салуға мемлекет тарапынан қаржы қарастырыла бермейтін. Сондықтан, қасиетті орындарды жаңғырту халықтың өз ынтасымен, азаматтардың қолдауымен жүзеге асатын. 1988 жылы аудан басшылығының қолдауымен осы жауапты жұмыстың басына Жақсыбай Қалымтайұлы тұрды. Ол тек ұйымдастырушы болып қана қоймай, барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Кейін ұлы Төлеген Жақсыбайұлы әкесі туралы ерекше бір естелігін айтады. Кесененің жобасын жасатуға қаражат қажет болған кезде, Жақсыбай Қалымтайұлы үйіндегі жалғыз сиырын сатып, түскен ақшаны сәулетшінің еңбегіне жұмсаған екен. Бұл жайлы ол отбасы мүшелеріне де айтпаған. Жұбайы қаражаттың қайда кеткенін сұрағанда, үнсіз ғана жымиып қойған екен. Бұл ел руханияты үшін жасалған үлкен құрбандықтың, туған жерге деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Кесене құрылысына қажетті сапалы кірпіш Украинадан жеткізілді. Ал, құрылыс жұмыстарын Үкілі Ыбырай атындағы кеңшардың жұмысшылары атқарды. Жақсыбай Қалымтайұлы күн сайын құрылыс басында болып, жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлді. Соның нәтижесінде 1990 жылы Ақан сері Қорамсаұлының кесенесі толық аяқталды. Бүгінде бұл нысан – халқымыздың рухани мұрасын дәріптейтін, тарихи маңызы зор киелі орындардың бірі.

Жақсыбай Қалымтайұлының өмір жолына тоқталсақ, оның еңбек жолы да үлгі боларлықтай. Осы Айыртау ауданының Мәдениет ауылында туып өскен. Білім қуып Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1970 жылы Қаратал ауылында бас экономист қызметінен бастаған. Кейін «Бұрлық» кеңшарында бухгалтер, «Комаров» кеңшарында еңбек және жалақы жөніндегі экономист болып қызмет атқарды. 1972–1979 жылдары «Қаратал» кеңшарының бас экономисі болды. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1979 жылы «Қарасев» кеңшарының директоры болып тағайындалды.

1971 жылдың маусымында Тойым Есмағұлқызымен шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасының негізін қалады. Төлеген, Сансызбай, Аман және Зауреш атты төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Балаларының бойына еңбекқорлықты, қарапайымдылықты және туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіре білді.

Осы материалды дайындау барысында Жақсыбай Қалымтайұлын жақсы білетін, бірге қызметтес болған адамдардың естеліктеріне де назар аудардым. Солардың бірі бүгінде есімі елге белгілі ақын, журналист Қорғанбек Аманжол ағамыз.

–1977 жылы Көкшетау облыстық газетіне тілшілікке келдім. Мені Айыртау ауданына меншікті тілші қылып жіберді де, бірнеше жыл тұрып, еңбек еттім. Аудан бойынша алғашқы көлемді материалдарым Қаратал ауылы туралы болды. Сол кезде бұл ауыл Еркін Әуелбековтің тұсында қалыптасқан іргелі шаруашылықтардың бірі еді. Жақсыбай Қалымтайұлы ол кезде бас экономист қызметін атқаратын. Мен сұратқан ақпараттарды беріп, журналистің жұмысына үлкен қолдау көрсетті. Кейін сол материал газет бетінде жарық көрді. Осылайша екеуіміздің  достығымыз басталды. Қиын кезеңдерде де Жақсыбай аға адамдық қасиетін жоғалтқан жоқ. Ол жомарт, уәдеге берік, жанашыр азамат болды.  «Бір адамға көмектесе алсам, соның өзі үлкен іс» деген ұстаныммен өмір сүрген. Ол қай шаруашылыққа барса да, елдің жағдайын жақсартып, еңбекті ұйымдастыра білетін іскер басшы болды. Адамдарды алаламай, бәріне бірдей қарайтын қарапайым мінезі оны халыққа жақын етті. Ол еңбек еткен шаруашылықтардың барлығының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп тастайтын, қажырлы іскер басшы болды, – деп еске алады Қорғанбек Аманжол.

Мен Жақсыбай Қалымтайұлын көзбен көрген жоқпын. Бірақ, оның жолын жалғастырып келе жатқан кенже ұлы Аман Жақсыбайұлын жақсы танимын. «Әкеден ұл тумас па, әке жолын қумас па?» деген халқымыздың даналығы бар. Шынында да, Аман Жақсыбайұлы әке аманатына адал болып, адамдық пен азаматтықты биік қоятын тұлға ретінде қалыптасты.

Жақында оның әкесі туралы айтқан бір естелігін оқып, әкелік тәрбиенің тереңдігін түсіндім. Аман кішкентай кезінде ата-анасы оны нағашы әжесінің тәрбиесіне береді. Сонда әжесі:

«Өзі сондай кішкентай екен, мұнымен не істеймін?» – дегенде, әкесі
«Өлсе, сүйегін сұрамаймын…» деп жауап берген екен.

Алғаш естіген адамға бұл сөз қаталдау көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында баласын сенімді адамға аманат еткен әкенің үлкен сенімі, баласының өмірге бейімделетініне деген үміті жатқан еді.

Аман Жақсыбайұлы балалық шағын қазіргі Қарасай батыр ауылында, әжесінің тәрбиесінде өткізді. Сол ауылдың қарапайым тіршілігі, кең пейілді адамдары мен туған жердің табиғаты оның жүрегінде мәңгі сақталды.

«Әжем бар мейірімін берді. Сондықтан, туған ауылымның әр көшесі, әр ағашы, әр иісі жүрегімде сақталған. Уақыт өткен сайын туған жердің қадірін тереңірек түсінеді екенсің», дейді ол.

Өкінішке қарай, Жақсыбай Қалымтайұлы өмірден ерте өтті. Бұл тек Төрегелдиндер отбасы үшін ғана емес, еліміз үшін қиындықтарға толы кезең болатын.  Биыл Жақсыбай ағаның жары  Тойым Есмағұлқызы 75 жасқа толды.   Ол жұбайының аманатын арқалап, төрт баланы қатарынан қалдырмай өсіріп, білім берді, өмірге қанат қақтырды. Сөйтіп, қазақ әйелінің жарқын үлгісі бола білді. «Әкеміздің есімі ел жадында сақталса, сол шаңырақты шайқалтпай ұстап қалған анамыздың еңбегі де сондай құрметке лайық деп есептейміз», – дейді Аман Жақсыбайұлы.

– Әкеміз өмірден өткенде анамыз Тойым Есмағұлқызы небары қырық жаста еді. Қолында төрт бала қалды. Кенже қарындасым  Зауреш он екі жаста болатын. Үлкен ағам  Төлеген Қарағанды политехникалық институтының соңғы курсында оқып жүрді. Екінші ағам  Сансызбай Алматыдағы милиция мектебіне жаңа ғана оқуға түскен еді. Ал мен оныншы сыныпта оқитынмын.

Бұл еліміз үшін де, халқымыз үшін де ең ауыр кезеңдердің басталар шағы болатын. Тамыз бүлігі, Кеңес Одағының ыдырауы, белгісіздік, жұмыссыздық, инфляция, азық-түлік тапшылығы, талонмен күн көру, ақшаның орнына айырбас жүрген уақыт. Ертеңгі күннің қандай боларын ешкім білмейтін. Балалардың оқуын жалғастыру үшін жағдай жасау қажет болды. Сол кезде аудан басшысы Болат Көшімбаев үлкен азаматтық танытып, бұрынғы Володарское ауылынан, қазіргі Саумалкөлден пәтер алуға көмектесті. Себебі, Қарасевкадан студенттердің қатынап оқуы өте қиын еді. Осылайша отбасымыз аудан орталығына көшіп келді. Анам аудандық ауруханаға кір жуатын бөлімнің меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Сол жерде зейнетке шыққанға дейін адал еңбек етті. Бірақ, ол кезде бір ғана жалақымен төрт баланы өсіріп, оқыту мүмкін емес еді. Сондықтан, күнделікті жұмысымен қатар қосымша табыс табудың кез келген жолын іздеді. Жұмыстан кейін де тынықпай, кешкісін базарға шығатын. Демалыс және мереке күндері таңнан кешке дейін сауда жасайтынбыз. Ауданның жартысы танитын адамның базарда тұруы оңай емес еді. Бірақ, анамыз ешқашан еңбектен ұялған жоқ. «Балаларым оқысын, ешкімнен кем болмасын» деген мақсат бәрінен биік тұрды. Менің бала күнгі арманым милиция қызметкері болу еді. Бірақ, отбасының жағдайына байланысты Көкшетаудағы оқу орнын таңдадым. Студент кезімде ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысып, алғашқы еңбек ақымды таптым. Сол ақшаға ол кезде тапшы тауар саналатын екі жәшік темекі сатып алдым. Оны алу үшін тәулік бойы кезекте тұруға тура келетін. Кейін сол темекілерді анамыз екеуміз сатып, отбасының тұрмысына аз да болса көмегіміз тиді. Ол жылдары дүкен сөрелері бос болатын. Бір зат алу үшін ұзын-сонар кезекке тұратынбыз. Талонмен азық-түлік алатын кезең еді. Анам әкеміздің ескі киімдерін сөгіп, бізге қайта тігіп беретін. Жыртылғанын жамап, ескісін жаңартып, жоқтан бар жасап, төрт баланың ешқайсысын қатарынан қалдырмауға бар күшін салды.

Бұл жолда біз жалғыз болған жоқпыз. Әкеміздің ағайын-туыстары, достары, ауылдастары қолдан келген көмектерін аямады. Бірі азық-түлік әкелді, бірі ақыл-кеңесін айтты, енді бірі қиын кезде жанымыздан табылды. Сол азаматтардың жанашырлығы да біздің еңсемізді түсірмей, өмірден өз орнымызды табуға үлкен демеу болды. Бүгінде уақыт зымырап өтті. Ата-анамыздың төрт баласының бәрі жоғары білім алып, әрқайсысы өз өмір жолын тапты. Қазір өзіміздің жасымыз анамыздың әкемізден айырылған кездегі жасынан асып кетті. Сонда да бір сұрақтың жауабын таба алмаймыз. Қырық жасында төрт баламен жалғыз қалып, сондай қиын кезеңде ол осының бәріне қалай шыдады, қалай бәріне үлгерді? Мұның жауабы біреу ғана сияқты. Ол аналық махаббаттың, сарқылмас төзімнің, адал еңбектің және перзенттері үшін қандай қиындық болса да мойымай көтере білген қазақ әйелінің қайсар мінезінің арқасы еді, – деп еске алады Аман Жақсыбайұлы.

Міне, осындай тәрбие көрген ұрпақ бүгінде өз салаларында адал еңбек етіп келеді. Себебі олардың әкесінің өмір жолы – еңбектің, адамгершіліктің және елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

Жақсыбай Қалымтайұлы басқарған шаруашылықтар тек экономикалық жетістіктерімен ғана емес, рухани мұраға деген жанашырлығымен де ерекшеленді. Тағы қайталап айтсақ, оның бастамасымен Үкілі Ыбырай есімі жаңғыртылып, Ақан серінің кесенесі бой көтерді.

Кейбір адамдар өзінен кейін биік ғимараттар қалдырады. Ал кейбір азаматтар халықтың жүрегінде өшпес із қалдырады. Жақсыбай Төрегелдин – сондай азаматтардың бірі. Оның еңбегі, елге деген адалдығы мен туған жерге деген сүйіспеншілігі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді.

Сағындық РАХЫМЖАН.
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар