Құрылтай депутаттарының сайлауы ел болашағын айқындайды

Алдымыздағы 23 тамыз – еліміз үшін маңызы зор, тарихи күн. Осы күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Тәуелсіздік алған сәттен бері еліміз түрлі сайлау үрдістерін бастан өткерді. Екі палаталы Парламент жүйесінде де жұмыс істеп көрдік. Ал, ендігі кезеңде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа реформаларға сай, ел басқару ісінің соны сипаты ретінде бір палаталы Құрылтай құрылмақ.

«Құрылтай» – қазақ халқының тарихында ежелден келе жатқан, сүйегіне сіңген қасиетті институт. Бұрын-соңды басымызға күн туғанда, ел тағдыры таразы басына түскен сындарлы сәттерде бабаларымыз Құрылтай шақырып, ел үшін ортақ шешім қабылдаған. Онда елдің игі жақсылары, хандар мен билер, ақын-жыраулар мен батырлар жиналып, мемлекеттің келешегін айқындайтын маңызды да батыл қадамдар жасаған.

Бүгінгі заманауи Құрылтай – сол тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы әрі жаңа даму белесі. Ол уақытта Құрылтайға билер мен аузы дуалы ақсақалдарымыз жиналған болса, қазіргі бір палаталы Парламентке, яғни Құрылтайға еліміздің бетке ұстар, халықтың көкейіндегі мәселелерін жоғарыға жеткізетін, ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылдайтын, заң шығаратын азаматтарымыз барып, депутат болып сайланады деген ойдамын. Сондықтан, егер біз еліміздің болашағын ойласақ, азаттық пен тәуелсіздікті ең басты құндылық санасақ, бұл сайлаудан тысқары қалуға хақымыз жоқ. Баршамыз сайлау учаскелеріне барып, өз дауысымызды беруіміз керек. Өз елінің, өз жерінің тағдырына бейжай қарау – азаматтыққа сын.

Қазір дүниежүзінде геосаяси ахуал күрделеніп, еліміздің тыныштығы мен жеріне көз алартып отырған сыртқы күштер де жоқ емес. Осындай жауапты кезеңде бізге ең алдымен ішкі ауызбіршілік, саяси белсенділік, мемлекеттілікті нығайтуға деген ұмтылыс қажет.

Ел тағдыры – әрбір азаматтың қолында. Сайлауға қатысып, дауыс беру – тек саяси құқық қана емес, ата-баба аманатына, келер ұрпақ болашағына деген үлкен жауапкершілік.

23 тамызда өтетін сайлауда бірлігімізді танытып, ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасайық.

Марат ҚОЙШИН,
Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар