Медиация
Қоғамда дау-дамайсыз келісімге келудің мәдениеті ретінде қалыптасып келе жатқан медиация институтына биыл 15 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы дауларды сотқа дейін бейбіт жолмен, өзара келісім арқылы шешу мәселесін реттейді.
2011 жылдың 5 тамызында қабылданған бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін сабақтастыра отырып, өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығын айғақтайды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бастамалары аясында қоғамдық келісім мен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызға ие болуда. Жаңа Конституциямызда айқындалған адам құқықтарын қорғау қағидаттарын іске асыруда медиация институтының орны ерекше. Осы тұрғыда медиаторлардың еңбегі қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды қызмет деп айта аламыз.
Қазақстанда кез келген адамның медиацияға жүгінуге құқы бар. Медиацияда ұтқан, ұтылған деген тарап жоқ, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек. Біздің елімізде медиация даудың сипаты мен қолданылатын саласына қарай отбасылық, еңбек, азаматтық, бизнес (коммерциялық), мектеп медиациясы, этномедиация және қылмыстық іс жүргізудегі медиация болып бөлінеді. Жыл сайын медиаторлардың көмегімен мыңдаған азамат өзара мәмілеге келіп, көптеген отбасылар сақталып, еңбек ұжымдары мен көршілер арасындағы түсініспеушіліктер бейбіт жолмен шешімін табуда.
Мәдени және ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, түрлі этнос өкілдері арасындағы туындаған ахуалдарды реттейтін этномедиация бағытында Ақмола облысы бойынша 18 медиация алаңы жұмыс істейді. Оның жұмысына 6 кәсіби, 4 қоғамдық медиатор тартылған. Өңірдегі этносаралық қатынастар саласындағы медиацияны дамыту мәселелерін үйлестірумен «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы кәсіби және қоғамдық медиаторлардан, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, ақсақалдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелерінен құралған Медиация кеңесі айналысады. Барлық медиаторлардың жоғары заңгерлік білімі және біліктілік сертификаттары бар, бұл оларға дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Өңірімізде медиация институтын дамытуға, этномедиаторлар желісін кеңейтуге, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғастырылып келеді. Жыл басынан медиацияны дамыту және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында барлығы 33 іс-шара ұйымдастырылып, оған 4 мыңға жуық азамат қамтылды.
Медиация кеңесі халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында этномедиация, құқықтық мәдениет және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тікелей эфирлер мен ақпараттық бағдарламалар тұрақты ұйымдастырылуда.
Солардың бірі – «Елдесу және татуласу» тележобасы, онда медиацияның қоғамдағы рөлі мен құқықтық реформалардың мәні кеңінен насихатталуда. Бұл жоба аясында мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда, білім беру ұйымдарында және балаларды сауықтыру лагерлерінде кездесулер, дәрістер мен кеңестер өткізілді. Тұрғындарға медиацияның артықшылықтары, сотқа дейінгі келісім рәсімдері және келіссөз арқылы шешілетін даулардың түрлері түсіндірілді. Осының барысында өзара құрметке негізделген корпоративтік мәдениетті қалыптастыру, еңбек дауларының алдын алу және түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Жастармен жұмыс та ерекше назарымызда. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, «Арна» және Азаматтық қорғау жоғары колледждерінде азаматтық жауапкершілік, қарым-қатынас мәдениеті және қоғамдық келісім тақырыптарында кездесулер ұйымдастырылды. Осы тақылеттес іс-шаралардың барлығы қоғамдағы өзара сенім мен бірлікті нығайтуға қызмет ететіндігі сөзсіз.
Бүгінде медиация тек құқықтық рәсім ғана емес, қоғамдық тұрақтылықты, өзара сенім мен бірлікті нығайтатын маңызды қоғамдық институтқа айналып келеді. Сондықтан, қазіргі қоғам үшін даудан гөрі диалогтың маңызы әлдеқайда жоғары.
Осы жауапты әрі абыройлы қызметті атқарып жүрген барлық медиаторларға, этномедиаторларға және сала ардагерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен әділ ұстанымдарыңыз қоғамдағы ынтымақ пен келісімді нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Ел игілігі жолындағы осы қызметтеріңіз жемісті болып, толымды нәтижесін көре беріңіздер!
Сабырхан КЕНЖЕБАЕВ,
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.
![]()

