Өмір жолы өнегелі іспен өрілген құрылыс саласының ардагері

Өнегелі өмір

Құрылыс – әрқашан үлкен төзімділік пен жауапкершілікті, қажырлы еңбекті талап ететін өте қиын да игілікті сала екендігі көпшілікке белгілі.

Осы маңызды бағытта көп жылдар бойы ел игілігі үшін тер төгіп, 20 жылдан астам уақыт бойы «Строй Тех IC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін табысты басқарып келе жатқан білікті басшы, құрылыс саласының ардагері Мұхтар Жәнібекұлы Есеновтің өмір жолы мен еңбекке толы шежіресі өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге мектебі. Туған жердің топырағында түлеп ұшып, еңбегімен елге сыйлы болған сала ардагері 2019 жылдан бері Ақмола облысындағы Қазақстан құрылысшылар одағы филиалының директоры лауазымын да абыроймен атқаруда. Кәсіпорын бастапқыда тұрғын үйлер салумен айналысса, соңғы жылдары мәдениет үйлері мен мұражай ғимараттарын тұрғызып, сапалы түрде ел игілігіне абыроймен тапсырып келеді.

1961 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келген Мұхтар Есеновтің жүріп өткен жолы нағыз еңбек пен табандылықтың жарқын көрінісі іспеттес. Оның балалық шағы мен мектеп табалдырығын аттаған жылдары бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту, қазіргі көршілес облыстың Уәлиханов ауданына қарасты өңірмен тығыз байланысты болып, 1978 жылы орта мектепті табысты аяқтайды. Арман қуған жас жігіт сол жылы Алматы қаласындағы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, өз болашағының іргетасын қалады. Еңбек жолын 1983 жылы Петропавл қаласындағы атқарушы механизмдер зауытында шебер болып бастаған жас маман өндірістің қыр-сырын терең меңгерді. Артынша 1986–1992 жылдар аралығында Көкшетау радиожабдықтар зауытында еңбек етіп, технолог, конструктор және цех бастығының орынбасары секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Елімізде нарықтық экономика қалыптаса бастаған күрделі де тоқырау кезеңінде батыл қадам жасап, 1992–2003 жылдары жеке коммерциялық кәсіпорындарға басшылық жасап, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Тұрақты жұмыстан тәуекелге бару үлкен батылдықты талап еткен сол өзгермелі уақытта өзгеріске бейімделу, жаңаны үйрену ниеті сол қиын кезеңнен сүрінбей өтуге көмектесті. Өндірістік жұмыстан қол үзбей жүріп білімін жетілдіруді бір сәтке де тоқтатпаған кейіпкеріміз тәжірибе жеткілікті болғанымен теориялық негіз қажет екенін сезініп, 2013 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «Құрылыс бакалавры» мамандығы бойынша бітірді.

– Мен қызметімді зауыттан бастадым. Артынан Совет Одағы құлдыраған кезде зауыттар жабылуына байланысты құрылыс саласына ауыстым. Басында құрылыстың мән-жайын үйреніп, сызуы мен есептеулерін меңгердім. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы институтта оқып шықтым. Өмір бойы оқу – мен үшін тоқтамай даму дегенді білдіреді. Заман талабына сай бір саламен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай ұмтылу керек. Бірнеше мамандықты білген дұрыс, дегенмен құрылыс жұмыстары ешқашан тоқтамайтын мәңгілік саланың бірі. Бүгінде осы қайнаған тіршілікке жасанды интеллект пен заманауи технологиялар батыл қадам басып, бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкелуде. Дегенмен, техника қаншалықты қарыштап дамығанымен, бәрін бірдей автоматтандыру мүмкін емес. Инженерлік күрделі шешімдер, эстетикалық әрлеу, материалдардың үйлесімін дөп басу және көзбен көріп, қолмен сезінетін шеберлік әлі күнге дейін нағыз кәсіби маманның маңдай терін талап етеді. Технология уақытты үнемдеп, ауыр жұмысты жеңілдеткенімен, адам факторы – құрылыстың басты жүрегі болып қала береді. Кеңестік зауыт мектебі менің бойымда тәртіп, жауапкершілік және сапаға талап қою дағдыларын қалыптастырды. Ол кейін жеке ісімде де, құрылысты басқаруда да берік тірек болды, яғни әр істі дәл, жүйелі әрі жауапты орындалуы керектігін үйретті, – деп еске алады сала ардагері.

Осылайша, терең теориялық білім мен мол тәжірибені ұштастыра білген Мұхтар Есенов 2003 жылдан бері, яғни 20 жылдан астам уақыт бойы «Строй Тех IC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін абыроймен басқарып келеді. Әрине, кәсіпорынның іргесін қалап, салада өз қолтаңбасын қалдыру жолында үлкен белестерден өтті. Сенімді ұжым құру, тапсырыс берушінің сенімін ақтау, сапаны бірінші орынға қою — осылар арқылы компания өз орнын тапты. Компания атауындағы «ТехIC» сөзі де технология мен инженерия ұғымдарымен тікелей байланысты. Өйткені, сала ардагерінің кәсіби жолы өндірістегі конструкторлық және технологиялық жұмыстардан басталып, кейін құрылыс саласында тиімді шешімдер енгізуге үлкен негіз болды.

Ақмола облысы бойынша Қазақстан құрылысшылар одағы филиалының директоры аймақта құрылыс қарқынды дамығанымен, білікті кадр тапшылығы мен материал сапасы әлі де өзекті екенін айтады. Осы орайда компания заманауи материалдар мен сапа бақылау жүйелерін енгізіп, әр жобада қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтайды. Компания басшылығы жылдар бойы тұрғын үйлер салумен қатар, өткен жылы екі мәдениет үйін пайдалануға берсе, биыл тағы бір мәдениет үйі мен мұражай ғимаратын аяқтауда. Сондай-ақ, жеке меншік үйлерді тұрғызып, мектептерге жөндеу жұмыстарын да жүргізуде. Жас мамандарды даярлау мақсатында құрылыс колледжімен тығыз байланыс орнатып, студенттерге практикалық тұғыр қалыптастыруда. Бұдан бөлек, оқыс оқиғалардың алдын алатын құрылыстарды да жүргізеді. Жуырда ғана компания Байқоңыр күзетілетін станциясында тыйым салынған аймақтан адам өткен кезде қызыл түспен дабыл беретін заманауи күзет жүйесін сәтті іске қосты.

– Қысы-жазы ауа райының қолайсыздығына қарамастан құрылыс салып, отбасын асырау жолында тер төгіп жүрген жас жігіттердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Көпшілік бұл саланың ауырлығынан қашқақтағанымен, қазіргі таңда құрылысшылардың жалақысы жақсы және бәсекеге қабілетті. Біздің компанияда әке жолын қуған ұрпақ сабақтастығы мен қарапайым жұмысшыдан бастап учаске бастығы дәрежесіне көтерілген, пәтерге ие болған жігіттер де аз емес. Ер адам құрылысқа икемді болса, болашақта отбасына баспана тұрғыза алады, туысқандарының, отбасының алдында беделі болады, – деп сөзін түйіндеген компания директоры жас мамандарға еңбекқорлықты, білімге құштарлықты жоғалтпауды өсиет етті. Өйткені құрылыс – сабырлылық пен адалдықты сүйетін қасиетті сала.

Бүгінде жұбайы Гүлайым екеуі отбасында тәрбиелеген екі ұл мен бір қыздан тараған немерелердің қызығына бөленіп отырған ардагердің еңбек жолы шаңырағында да жалғасын табуда. Ортаншы ұлы Әлібек Есенов «Ст Жилстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер лауазымын атқарып, ата кәсіптің қадірін түсініп, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүр. Ал, Мұхтар Есеновтің Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталғаны оның жылдар бойғы адал еңбегінің мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанының дәлелі.

Мереке қарсаңында сала ардагері әріптестерін төл мерекемен құттықтап, олардың қажырлы еңбегіне зор ризашылығын білдіріп, ел игілігі үшін қаланған әрбір кірпіш пен бой көтерген зәулім ғимараттар ғасырлар бойы беріктігін жоғалтпай, ұрпаққа қызмет ете беретініне сенім білдіреді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар