Еліміз бүгінде тарихи бетбұрыстың алдында тұр. Бұрынғыдай қос палаталы Парламент тарих қойнауына кетіп, оның орнына бір палаталы, аты да, заты да ұлттық ұғымға жақын – Құрылтай келеді.
Бес жылдық мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұратын бұл орган ел өміріндегі ең маңызды заңдарды қабылдап, республикалық бюджетті бекітіп, үкімет жұмысын бақылайтын болады. Ең бастысы – заң жобалары енді екі палата арасында созбалаңға салынбайды. Заңның қабылдану қарқыны артып, қоғам сұранысына дер кезінде үн қататын, жауапкершілігі нақты бір жерге шоғырланған орталыққа айналуы тиіс. Алдағы 23 тамыз – Құрылтай депутаттарын сайлайтын тарихи күн. Бүгінде ресми тіркелген 7 саяси партия саясат додасына түсіп, 145 мандат үшін бақ сынауда. Осы жолы сайлау тек партиялық тізіммен өтпек. Жалпы бәйгеге 545 кандидат тіркелген. Парламентке өту үшін 5 пайыздық межеден асу қажет. Заң талабына сай әр партия тізімінің кемінде 30 пайызы әйелдерден, жастардан және мүмкіндігі шектеулі азаматтардан тұруы – саяси жүйенің инклюзивтілігін көрсетеді.
Бүгінгі таңдау – тек Парламент мінберіне кімнің шығатынын анықтау емес, бұл – ұрпағымыздың болашағын, еліміздің даму бағытын белгілеу.
23 тамыз күні өтетін сайлауда әрбір Ақмола облысының тұрғынын, барша отандастарымызды бей-жай қалмай, өз дауыстарын беруге, ел болашағы үшін дұрыс әрі салмақты таңдау жасауға шақырамын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын!
Ермек НҰҒЫМАН,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
![]()

