Бірлікке бастайтын «Ұлт дауысы» көңілден шықты

Этнофестиваль

 Көкшетаудағы «Достық» үйінде облыстың шығармашылық ұжымдарының басын қосқан «Ұлт дауысы» этнофестивалі өтті.

Фестивальге облыстың алты ауданы, Көкшетау және Степногорск қалаларының этно-мәдени бірлестіктері құрамындағы өнер ұжымдары және облыс орталығындағы мәдениет ошақтарында жұмыс істейтін түрлі үйірме мүшелері өнер көрсетті.

Мерекелік шараны мәдениет пен өнерді тоғыстырған ерекше кеш болды деп айтуға болады. Оған қатысқан, әсіресе, зейнет жасындағы адамдардан құралған өнер ұжымдарының шырқаған әндері әсерлі шықты. Залда отырған көрермен өздеріне таныс шығармаларды орындаушылармен қосыла шырқап, ықылас-қошеметтерін білдіруден аянып қалмады.

– Өнерсүйер қауымды біріктірген бұл ауқымды мәдени фестивальдің бағдарламасына 35 түрлі концерттік нөмір енгізілді. Қазір бұл фестивальге түрлі өнер ұжымдары, жеке орындаушылар мен соло-ансамбльдер қатысып, өз шеберліктерін ортаға салады. Сахнада мемлекеттік тіліміздегі, яғни, қазақ әндерімен қатар, қатысушылардың өз ана тілдеріндегі әуезді туындылар да шырқалады. Бұл фестивальдің мақсаты халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайтып, насихаттау болып табылады. Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасы ең үздік өнерпаздарды анықтайды, бұл ретте 6 жүлделі орын қарастырылып отыр. Қазылар алқасы әрбір өнерпаздың сахналық мәдениеті мен вокалдық шеберлігін таразылап, әділ бағасын береді деген ойдамын. Алдағы уақытта бұл фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін болады, – дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов.

Түрлі этностар арасындағы қоғамдық келісімді, бірлікті, достық пен өзара түсіністікті нығайту мақсатында өткізілген этнофестивальге славян, казак, татар, башқұрт, өзбек, кәріс сияқты этнос өкілдерінің мәдени бірлестіктерінің өнерпаздары қазақ тілінде және өздерінің ана тілдерінде әндерін шырқады. Әсіресе, зейнет жасындағы аналардың орындауындағы «Қамажай» биі көпшілікті тәнті етті.

–Біздің «Достық» үйіміздің татар этномәдени және русская община бірлестіктерінің мүшелері фестивальге хореография, аспапта ойнау және вокал бағыттары секілді үш бағыт бойынша қатысады. Жалпы, біз степногорлықтар «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастыратын осындай шараларға жылына бірнеше рет келіп, қатысып тұрамыз, – дейді Степногорск қаласының Достық және шығармашылық үйі директорының орынбасары Анар Қоржынбаева.

Сонымен, фестивальде үздік ансамбльдер бағыты бойынша  аршалылық «Задоринка» халықтық ансамблі жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды степногорлық «Русская песня» халықтық ансамблі иеленсе, үшінші орынға Ақмола облысының татар-башқұрт бірлестігінің «Йолдыз» би ұжымы лайықты деп танылды.

Жеке орындаушылар арасында Есіл ауданынан келген Зекен Қайдаулов бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды көкшетаулық қатысушы Ғабит Асылжан иеленді, үшінші орын степногорлық «Юлдаш» этномәдени бірлестігінің өкілі Роза Көшкімбаеваға бұйырды. Фестивальге белсене қатысқан барша өнерпаздар ұйымдастырушылар алқасы атынан ортақ іске қосқан үлестері және мәдени мұраны сақтап, дамытуға деген ынталары үшін Алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Енді осы этнофестивальде жеңімпаз атанған ұжым мен жеке орындаушы жылдың аяғында республикалық деңгейдегі этнофестивальге қатысады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар