Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру және әділет органдары қызметін цифрландыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының әділет департаментінің басшысы Раушан Досанова айтып берді.
Брифинг барысында Департамент басшысы алдымен, заңнамадағы негізгі өзгерістер мен олардың азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпалын атап өтті.
–Жаңа Конституцияда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіліп, адвокатураның конституциялық мәртебесі айқындалды. Бүгінде Ақмола облысында 376 адвокат қызмет атқарады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекет кепілдік берген заң көмегін 6 мыңнан астам азамат алды. Сонымен қатар, адвокаттар мен заң консультанттарының заңды қызметіне кедергі келтірген 5 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, –деді бұл жөнінде ол.
Департамент басшысы зияткерлік меншік саласында да азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған шаралардың күшейтілгенін еске салды.
Раушан Досанованың сөзінше, жыл басынан бері тауар таңбасын құқық иесінің келісімінсіз заңсыз пайдаланған 4 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Авторлық және сабақтас құқықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстары жалғасуда. Атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамалық өзгерістер де азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. 24 маусымда қабылданған заңға сәйкес, оңайлатылған тәртіппен өндіріп алу шегі 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылмақ. Бұл шағын сомадағы берешектерді жеке сот орындаушысының қатысуынсыз автоматты түрде өндіріп алуға мүмкіндік береді.
Биылғы бірінші жартыжылдықта оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен 4 мыңнан астам атқарушылық іс аяқталып, өндірілген қаражат көлемі 108 миллион теңгені құраған. Нәтижесінде, облыс тұрғындары жеке сот орындаушыларының қызмет ақысын төлеуден 27 миллион теңге көлемінде қаржы үнемдеген.
Заңнамада әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу мөлшерін шектеу, атқарушылық құжатты орындауға ұсыну мерзімі өткеннен кейін тыйымдар мен шектеулерді автоматты түрде алып тастау, жеке сот орындаушыларының кәсіби жауапкершілігін арттыру тетіктері де қарастырылған. 25 тамыздан бастап алимент қаражатын өндіріп алушының арнайы банктік шотына аударудың жаңа тәртібі енгізілмек.
Әділет органдарының қызметін цифрландыру да басты бағыттардың бірі болып отыр. Атқарушылық іс жүргізу толықтай электронды форматқа көшіріліпті. Мәселен, департамент бақылауындағы «Adlet Gov» мобильді қосымшасындағы «Атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті» арқылы азаматтар іс материалдарымен онлайн танысып, сот актісінің орындалу барысын бақылап, өтініштер жолдай алады.
Нотариат саласында да маңызды өзгерістер енгізілуде. 8 шілдеде қабылданған заң нотариаттық қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, атқарушылық жазба жасау тәртібі жетілдіріліп, өтініштерді электронды түрде беру және оларды нотариустар арасында автоматты түрде бөлу көзделген. Сонымен қатар, борышкердің құқықтарын қорғауға қосымша кепілдіктер енгізілген.
Қазіргі таңда облыста 149 нотариус қызмет атқарады. Жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 6 тексеру жүргізіліп, оның екеуінен заң бұзушылықтар анықталған.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. «Халық заңгері», «Ашық есік күні», «Әділет кеңес береді» акциялары, азаматтардың көшпелі қабылдаулары ұйымдастырылуда. Ауылдық округтерде құқық кабинеттері жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың қызметін 2 мыңнан астам азамат пайдаланған. Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының базасында жұмыс істейтін заң клиникаларында 19 құқықтық түсіндіру іс-шарасы өткізілген.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

