Мемелкетке қайтарылған активтер есебінен Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысы жүргізілетін болды. Үкімет осы мақсаттарға арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 миллиард теңге қаржы бөлді.
Бұл қаражат Бурабай ауданы мен оның орталығы Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін қарастырылған. Солардың қатарында Қатаркөл көлінің жанындағы балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылады. Бұл мекемелерге коммуналдық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және маусымдық жүктеме кезеңінде олардың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Бөлінген қаражаттың келесі бір бөлігі Щучинск қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді түрде жаңартуға жұмсалады. Атап айтқанда, магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезегін салу және қайта жаңарту, су бұру нысандары мен желілерін жөндеу сияқты жұмыстар жоспарлануда.
Бұл жобалар іске қосылғанда, желілерде орнын алып жүрген апатты жағдайлар азайып, қажетті су көлемін беру және ағынды суларды бұру есесінен жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды желіге қосу мүмкіндігі артады.
Бұл шаралар жалпы алғанда курорттық аймақты одан әрі дамыту үшін қарастырылып отырған ауқымды жұмыстардың бірі. Жаңадан салынған және қайта жаңартылған желілер тұрғындардың, әлеуметтік мекемелердің және балаларды сауықтыру орталықтарының жағдайын жақсартып қана қоймай, жаңа нысандар салу үшін қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.
primeminister.kz
![]()

