Әкім – іс үстінде
Қазақстан Премьер-Лигасының 21-інші турындағы «Астана» — «Оқжетпес» матчының алдында «Астана Аренада» Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшылығымен кездесуі өтті.
Өңір басшысына ҚФФ-ның жаңа бас хатшысы, бұған дейін ағылшынның «Тоттенхэм» клубында қызмет еткен Скотт Манн таныстырылды. Кездесуге Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схип та қатысты.
Тараптар әріптестікті одан әрі дамыту келешегін, соның ішінде Ақмола облысы мен Көкшетау қаласындағы футбол инфрақұрылымын жетілдіру және өңірде спорттың осы түрін өркендетуге жағдай жасау мәселелерін талқылады.
Скотт Манн Ақмола облысында футболды дамытуға мүдделілік танытып, жақын арада спорттық инфрақұрылыммен танысу және жергілікті «Оқжетпес» клубының қатысуымен өтетін матчты тамашалау үшін Көкшетау қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде Марат Ахметжанов «Оқжетпес» футбол клубын коммерцияландыру және жаңа инвесторларды тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Бұл клубтың одан әрі дамуына қосымша мүмкіндіктер ашатындығы анық.
Кездесуге Көкшетау қаласының әкімі, Ақмола облыстық футбол федерациясының төрағасы Әнуар Күмпекеев те қатысты.
Бұған қоса, ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван ’т Схип та Көкшетауға келіп, стадионнан Премьер-Лиганың 25-інші турындағы «Оқжетпес» пен Шымкенттің «Ордабасы» клубы арасындағы матчты тамашалауды жоспарлап отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

