Іске сәт, диқан!
Бүгінгі таңда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кезекті орақ науқанын үлкен жігермен бастап кетті. Қазақстанның негізгі астықты өңірінің бірі саналатын облысымыз бұл жауапты сынға тыңғылықты дайындықпен келді.
Биылғы көктемде ырыздық дәні облыс бойынша 5,6 миллион гектарға орналастырылған еді. Оның 4,5 миллион гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілген болатын. Ал, 840 мың гектарын майлы дақылдар құраған еді. Көктемгі егісті қолайлы мерзімде өткізіп, барлық агротехникалық шараларды қатаң сақтаудың арқасында диқан еңбегі биыл да зая кетпей, егін алқаптарында негізінен, бітік өнім көз қуантып отыр. Көктен беріп, жерден иген жаңбыр мен аптап ыстықтың алма-кезек тығыз ұштасып отыруынан бидай және басқа дақылдардың дәні де толысып, пісу деңгейі де егінге шалғы салуға келіп қалды. Бұл арада, тұқыммен бірге топырақ қабатына сіңірілген 433 мың тонна минералдық тыңайтқыш та осы бір жетістікке игі әсер еткені сөзсіз.
Қазірдің өзінде көктемгі дала жұмыстарын ерте қолға алып, берік өнімнің негізін қалаған шаруашылықтар мен фермерлер қауымы егін орағына кәдімгідей кірісіп, өсірген егіндерін іріктеп оруды бастап жатыр. Соның нәтижесінде құт қамбаға облыс бойынша алғашқы 85,6 мың тонна астық та құйылып, гектар берекесі жаман болмайтындығы әрі өнім сапасы да көңілден шығатындығы байқала түсуде.
Тап бүгінгідей аптап ыстықпен жер апшысын қуыра түскен ашық күндері дала төсінде қоғам малы мен жекеменшік малға пішен дайындау науқаны да әлі саябырси қоймаған ыңғай танытады. Осы бір қыс қамын ерте ойлаудың да арқасында облысымызда барлығы 1,2 миллион тонна шөп дайындалып, жоспар 90 пайызға орындалып отырса, ұраларға салынған 172 мың тоннадан астам пішендеме де қыста мал басы қажетті жөмшөптен тарықпайтындығын аңғартқандай. Дегенмен, міндет үдесінен толық көріну үшін әлі де пішен дайындау жұмыстарын бәсеңсітпей, ашық ауа райының әрбір сәтін тиімді пайдалану осы істің басы-қасындағы басшылар мен қатардағы еңбеккерлердің, сондай-ақ, жекеменшік мал иелерінің басты бір парызы болса керек.
Ал, облысымыздың жер-жерінде кең өріс ала бастаған егін орағына тағы бір тоқталсақ, күннің ыстықтығынан, әсіресе, биылғы бидайдың қамырлылығының жоғары болатындығы көңіл қуантады. Алдын ала болжам бойынша қазіргі жиналған астықтың шамамен 40 пайызы халықаралық Hi-Pro премиум стандартына сәйкес келіп отыр. Демек, қашанда осы сапасымен бағаланатын Ақмола бидайы биыл да шетелдік нарықтарда жоғары сұранысқа ие болады деген сенім бар.
–Ақмола астығының осы бір құндылығы – табиғи қолайлы жағдайлардың, осы заманғы бидай сорттарының генетикалық әлеуетінің және ғылыми негізделген агротехнологиялардың үйлесімді нәтижесі деп білуіміз керек. Бұған дұрыс ұйымдастырылған ауыспалы егіс, минералдық қоректендіруді оңтайландыру және өсімдіктерді дер кезінде қорғау шаралары да оң ықпалын тигізіп отыр, – дейді бұл орайда, А.И.Бараев атындағы Шортанды Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, бидайдың 30-дан астам сортының авторы Татьяна Шелаева.
Былтыр облыс диқандарының мол астық жолындағы ақадал еңбегі рекордтық өніммен айшықталып, берекелі танаптарымыздан барлығы 7,6 миллион тонна астық жиналған еді. Гектар түсімі орта есеппен 16,3 центнерден айналған осы бір еңбек жеңісіне Үкіметтің ауыл шаруашылығына көрсетіп отырған зор көмек-қолдауы да барынша ықпал еткені анық. Дәл бүгінгі астық жорығында осы көмек одан әрі баянды жалғасын тауып, облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарына дайындық барысында қаржылай қолдау көлемі 265 миллиард теңгеден асты. Бұл бөлінген қаржы негізінен, «Кең Дала-2» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несиелеуге, субсидиялауға, форвардтық сатып алуға және машина-трактор паркін жаңартуға бағытталды.
Атап айтқанда, егін жинау науқанын табысты өткізу үшін облысымызға 81,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Осының арқасында бүгінгі дала төсінде кібіртіктеуді білмейтін қуатты техниканың егін ору және бастыру жұмыстарын жылдам әрі сапалы атқаруға мүмкіндігі әбден жетіп артылады. Жалпы, биылғы жауапты науқанға 14,5 мыңнан астам комбайн мен жатка, басқа да тасымал құралдары жұмылдырылып, егін алқаптары мен қырмандардан жөнелтілетін ақық дәнді 67 элеватор мен астық қабылдау пункті қабылдап алмақшы. Олардың жалпы сыйымдылығы 7,3 миллион тонна ырыздық дәнін қабылдап, сақтауға жетеді.
Әзірге биылғы орақтың басында күннен-күнге ортақ іске қарқын қосқан астықты өңірлер – Есіл және Жарқайың аудандары алда келеді. Басқа аудандар да жұмыс қарқынын арттырып, жауапты науқанның бар қам-қарекетіне терең бойлай түсері айқын. Ендеше, іске сәт, ақмолалық диқан қауымы! Былтырғы үздік көрсеткішке тағы бір қол жеткізіп, не одан асып жатсақ, ел мерейі де, ер мерейі де сол болмақшы!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

