Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен салауатты өмір салтын сіңіріп келе жатқан Жақсы ауданының орталығы Жақсы ауылындағы Тұрсынбек Әбдуғалиұлы Уәлиев атындағы спорт мектебі өңірдің ғана емес, тұтас республиканың мақтанышына айналып отыр.
Белгілі меценат Батырбек Тұрсынбекұлы Уәлиев аталмыш спорт мектепті осыдан 25 жылға жуық уақыт бұрын өз әкесі, ауданда ұлағатты ұстаз болған Тұрсынбек Әбдуғалиұлының рухына тағзым ретінде салған. Бұл спорт ордасы бүгінде спортқа жаны құмар, талантты балалардың қанатын кеңге жаюына жол ашты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл шаңырақ осылайша өлкемізден әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарып, жас өрендердің үлкен армандарының орындалуына берік негіз қалап келеді.
«Агрофирма TNK» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі мен қамқорлығының арқасында спорт мектебі жыл сайын даму үстінде. Мектеп директоры Гүлмира Молдыбаеваның айтуынша, спорт мектебінің негізгі қызметі балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және еліміздің ұлттық құрамаларын жоғары санаттағы спортшылармен толықтыруға бағытталған. Мұнда тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен тек аудан мен облыс жастары ғана емес, Астана, Степногорск, Есіл, Атбасар, Көкшетау, Қызылжар, Державинск және Қостанай қалаларынан келген талантты жеткіншектер де спортпен тегін шұғылданып, өз шеберліктерін шыңдайды. Мектеп жанындағы арнайы интернатта тұратын балалардың тұрғын үйі, сапалы тағамы, медициналық қызметі мен тексерісі, спорттық киім-кешегі және әр түрлі деңгейдегі жарыстарға шығу шығындары компанияның толық қамқорлығымен қамтамасыз етілген.
Мемлекетіміздің саясатына сай мектептің бапкерлер ұжымы Жақсы ауданының жас өрендерін бұқаралық спортқа баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы игі мақсатта Белағаш және Жаңа Қима ауылдарында арнайы филиалдар ашылып, жастардың спортпен тұрақты айналысуына кең жол ашылды. Мектептің материалдық-техникалық базасы қажеттіліктерді толық өтейді. Мұнда кең де жарық ойын, бокс, күрес, футбол залдары және заманауи тренажер алаңдары қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Қасиетті шаңырақта күнделікті жаттығулар өтіп қана қоймай, облыстық және республикалық құрамалардың оқу-жаттығу жиындары, халықаралық жарыстар мен Қазақстан чемпионаттары ұйымдастырылады. Мектеп алғаш құрылған жылдары баскетбол, бокс, волейбол, грек-рим күресі және футбол секілді бес түрлі бағытта жұмыс істеп, жас баскетболшы ұлдар мен волейболшы қыздар командалары Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпиондары, халықаралық бәсекелердің жүлдегері атанған болатын. Ал, бүгінгі таңда бұл дәстүр жалғасын тауып, мектеп қабырғасында негізгі үш бағыт бокс, грек-рим күресі және футбол секциялары қарқынды түрде дамып келеді.
2019 жылы спорт мектебінің тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір спортшылары мен тәжірибелі бапкерлерімен, сондай-ақ, облыстың ерлер бокс құрамасымен жүздесті. Ел Президенті өз сөзінде бұл аймақта бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жоғары бағалап, спорт ордасының жұмысына сәттілік тіледі. Бұл тарихи сапар мектептің атқарып жатқан ерен еңбегі мен өлшеусіз үлесіне берілген лайықты баға әрі болашақ биік белестерге бастайтын айрықша серпін болды.
Мектептің мақтанышы мұндағы жоғары білікті 13 тәжірибелі жаттықтырушыдан құралған бапкерлер ұжымы. Әр жаттықтырушы өз бағыты бойынша оқушылардың спорттық шеберлігін арттыруға, олардың қабілетін дамытуға және жоғары нәтижелерге жетуіне үлес қосуда. Олардың арасында Қазақстанның үш еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Высоцкий, Бахтияр Сапарбайұлы және Олжас Сұлтанбековтер бар. Ал, мектептің негізгі ерекшеліктерінің бірі – кезінде осы қабырғада шыңдалып, биік белестерді бағындырған бұрынғы тәрбиеленушілердің бүгінде өздері жаттықтырушы болып оралып, кейінгі буынға тәлім беріп жатқаны. Мәселен, грек-рим күресінен жаттықтырушы Дамир Зарлыханов өз шәкірті Тагир Халиловты баулып, бүгінде оның биылғы наурыз айында өткен Қазақстан чемпионатында жүлделі 2-орынға ие болуына үлес қосты. Сол сияқты футбол бағытында еңбек етіп жүрген жаттықтырушы Раис Гарифуллиннің өз ұлы әрі тәрбиеленушісі жуырда елімізге белгілі Алматының «Қайрат» футбол академиясына қабылданып, мектеп ұжымының мерейін үстем етті.
Мектептің тағы бір маңызды артықшылығы дарынды балаларға арналған арнайы интернаттың болуы. Еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, Астана, Степногорск, Есіл, Атбасар, Көкшетау, Қызылжар, Державинск, Қостанай қалаларынан келген ең қабілетті балалар осы орталықта толық қамқорлыққа алынған.
– Интернатта тұратын жас спортшылар аудан мектептерінде білім алып, бос уақытында кәсіби спортпен шұғылданады. Жаңадан келген балалардың жетістіктері мен қабілеттері жан-жақты тексеріліп, қатаң іріктеуден кейін ғана қабылданады. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектердің есімдері бүгінде әлемге танымал. Атап айтқанда, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрдәулет Жарманов кадеттер арасында әлем чемпионы атанса, Дина Жоламан әйелдер боксынан әлем чемпионы, Азия чемпионы және еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Бүгінде ол Жақсы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ, Дастан Зарлыханов, Азиз Гасымов, Карина Ибрагимова, Бекзат Мағжан, Еркін Хасенов, Дамир Зарлыханов, Сағадат Тұрубаев, Гүлажар Жақып және Мағжан Әлимов секілді саңлақтар осы мектептің түлектері ретінде тарихқа енді. Мектебімізде спортпен шұғылданып жүрген чемпиондар да аз емес. Бір ғана мысал, 2026 жылдың наурыз айында грек-рим күресінен Тагир Халилов Қазақстан Республикасының чемпионатында жүлделі 2-інші орынға ие болды. Тагир сондай-ақ, республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері атанып, өзінің жоғары спорттық шеберлігін дәлелдеп келе жатқан болашағы зор спортшы. Бұл жетістіктер – спортшыларымыздың қажырлы еңбегі мен жаттықтырушыларымыздың кәсіби дайындығының жемісі. Алдағы уақытта да шәкірттеріміздің республикалық, халықаралық және әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне спорт мектебінің ұжымы бар күшін салады. Жалпы айтқанда, спорт мектебінің басты мұраты өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Олардың бойына салауатты өмір салтын сіңіріп, өңір мен тұтастай республиканың намысын қорғайтын халықаралық деңгейдегі саңлақтарды тәрбиелеп шығару, – дейді спорт мектебінің директоры Гүлмира Сайлауқызы.
Қазіргі таңда спорт мектебінде өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған балалар мен жасөспірімдер өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын грек-рим күресі, ержүректілік пен төзімділікке баулитын бокс және командалық рухты қалыптастыратын футбол секциялары бойынша толығымен тегін шұғылдануда. Кәсіби бапкерлердің қатаң қадағалауымен өтетін бұл жаттығулар талай талантты жастың үлкен спортқа қадам басып, өз қабілеттерін шеберлік шыңына көтеруіне берілген теңдессіз мүмкіндік.
– Жас жеткіншектер өздерінің алдында нақты үлгі көрсететін білікті бапкерлерге қарап бой түзеп, өз-өздеріне биік мақсаттар қояды. Сондықтан бұл спорт мектебінде тек мықты спортшы тәрбиелеп қана қоймай, өз ісіне адал, қайсар әрі болашақ чемпион болуға ұмтылған рухты ұрпақты қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Соның ішінде өңірімізде әйелдер боксына басымдық беріліп, бұл бағыт мектептің ең қарқынды дамып келе жатқан мақтанышына айналды, – дейді спорт мектебінің директоры.
Мектеп ұжымы үшін ең үлкен қуаныш кезінде осы қара шаңырақта шыңдалып, топ жарған түлектердің бүгінде өздері жаттықтырушы болып оралуы. Атап айтқанда, бокстан республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары мен жүлдегерлері атанған Азия Әбілжанова, Кристина Гарифуллина, сондай-ақ, Нариман Қошанов пен Николай Долинин тәжірибелі маман ретінде жас буынға тәлім беріп жүр. Кеше ғана жеңіс тұғырынан көрінген шәкірттердің бүгінде шәкірт тәрбиелеп отыруы ұрпақтар сабақтастығының айнымас көрінісі. Бұл қасиетті мектеп жас спортшылар үшін тек алғашқы қадам емес, жаңа чемпиондардың жолын ашатын алтын бесікке айналды.
Айта кету керек, меценаттың бастамасымен курортты аймақ Щучинск қаласында да 1200 орынға шақталған «Жақсы» әмбебап спорт кешені мен 200 орындық спорт базасы салынды. Бұл база қажетті жабдықтармен, соның ішінде жабық спорт кешенімен, ашық волейбол, баскетбол алаңдарымен, жасанды төсеніші бар футбол алаңымен және теннис кортымен жабдықталғандықтан, мұнда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар жыл бойы тоқтаусыз өтеді. Жергілікті жердегі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды салауатты өмір салтына баулитын бұл мектеп тек қана спортшы тәрбиелеп қоймай, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық және қиындықтарды жеңе білу сияқты асыл қасиеттерді сіңіріп келеді. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында Жақсы спортының даңқы алдағы уақытта да жоғары жетістіктерімен бүкіл елімізге жайыла беретіні сөзсіз.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.
![]()

