Ойыны өрлеген «Оқжетпес»

Спорт күні Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы туралы да бірер сөз айтпай болмас. Жылда жоғары топта ойнап жүрген «Оқжетпестің» сүреңсіздеу ойынынан көңілдің көтерілгенінен де запы болуы басым-ды.

Жастайымыздан футбол деп елеңдеп өскен басымыз, осы команданың қанша құлдырауын көрдік, қанша жоғары топтан бірінші топқа түсіп қалуынан налыдық. Осы соңғы жылдардың өзінде бұл жағдай екі-үш рет қайталанды. «Оқжетпесті» неше жыл біле жүріп, тек ресейлік Владимир Муканов жаттықтырған ана бір тұста ғана өз тарихында бір-ақ рет алтыншы орынға тұрақтағанын көріппіз. Одан кейін тағы да ала-құла көрсеткіштерімен ғана есте қалыпты. 2024 жылы бірінші топтан Премьер-Лигаға қайта оралғанда, келесі жылы команданың орны тағы да сол бірінші топ деп топшылаушылардың саны аз болмағаны да содан еді.

Бірақ, сол кезде клубты жоғары топқа алып шыққан әрі оның басында қалған Андрей Ферапонтов ә дегеннен команданың ойынын жақсы жолға қойып, бірінші айналымды өз ойыншыларымен өте жақсы аяқтады. Сол кезде «Оқжетпес» алғашқы алтылықта тұрған. Бірақ, ойламаған жерден сырт алаңда «Астанадан» 5:2 есебімен ойсырай ұтылып қалғаннан кейін бапкерге «ойынды  келісіммен беріп қойдың» деген кінә тағылып, командадан кетуіне тура келді. Шынымен солай болды ма, жоқ па, оны әлі күнге ешкім дөп басып айта алмайды.

Алайда, Ферапонтов қалай кетті, солай жерлестеріміздің ойыны құлдырай бастады. Сөйтіп, оның орнына келген Қайрат Нұрдәулетов ойыншылармен екінші айналымды өте нашар аяқтады. Осылайша, ақыр аяғында жоғары орындардан дәмесі бар «Оқжетпес» бірінші айналымдағы жақсы ойынының арқасында ғана 12 команданың арасынан тоғызыншы орынға әзер тұрақтады. Бұл аз болғандай, маусым аяқталғанда клуб құрамынан барлық ойыншылар басқа командаларға ауысып кетіп, жалғыз қорғаушы Виктор Зябко ғана қалды.

Жаңа маусым болса жақындап келеді, ал, «Оқжетпестің» жағдайы мынадай. Осыдан құлағдар жанкүйерлер де алаңдап,  не істерлерін білмеген. Біріншіліктің басталуына бірер ай ғана қалды дегенде, әйтеуір, клуб тізгінін жаңадан Ринат Әлеуетов ұстап, команда өз құрамына жаңа футболшыларды қабылдай бастады. Олардың біразы рас, Премьер-Лигадан бұрын есімдері біршама белгілі ойыншылар. Дегенмен, араларында бұрын құлақ естімеген белгісіздері де аз емес еді.

Осылай апыл-ғұпыл жинақталып, Түркияда екі рет оқу-жаттығу жиынында болып келген «Оқжетпес» ә дегенше, чемпионатты да бастап кетті. Бұл арада Ринат Әлеуетов білігі бар маман екен. Біразы күзде қайтадан бірінші топқа түсетін лифт команда деп топшылап қойған «Оқжетпесіміз» жоқ, керісінше деңгейіміз мықты деген өз-өзіне сенімді клубтардың өзін жығып, жеңісті жұлып ала бастады. Солардың ішінде өз алаңында «Астананы» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Қостанайдың  «Тобылын» 2:1 есебімен ұтып кетті. Сырт алаңда қол жеткізген жеңістері тағы бар. Осының бәрі команданың биылғы біріншілікте ұзақ уақыт бойы турнир кестесінде алғашқы үштіктен көрінуіне алғышарт жасап келді де, тек екінші айналым басталғалы соңғы ойындарда «Қайрат», «Ордабасы» және «Ақтөбе» сияқты топ-командаларға күші жетпей қалды.

Соның өзінде жерлестеріміз қазір төртінші орында. Бұл орынды сақтай алсақ, келесі жылы Еуро кубокта ойнауға мүмкіндік беруі ықтимал. Ол енді басқа әңгіме. Біздің айтқымыз келетіні, «Оқжетпес» биыл шынында бұрынғыдан әлдеқайда тың, қауқарлы көрінеді. Оның өзіндік ойын өрнегін, қорғаныстан да шабуылға бағыт ұстайтынын әрі стандарттық жағдайларды жақсы орындайтынын байқаған басқа клубтар біздің жерлестерімізбен кәдімгідей санасуға айналған. Мамандардың да пікірінше, «Оқжетпес» кез-келген қарсыласына азу тісін батыра алатын, соңғы минуттарға дейін тек жеңіс үшін ғана ойнайтын мықты команда.

Оны өзіміз де әр ойын сайын стадион мен көгілдір экран, әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Команда сапында баспен жақсы ойнайтын, биікке ұшқан доптарды бірінші болып қабылдайтын, орындалатын бұрыштамаларда да қақпаға осы баспен көп қауіп төндіретін бойшаң ойыншылар көп. Бұл да «Оқжетпестің» басқалардың алдында биылғы бір артықшылығы. Осы оң өзгерістердің бәрі команда биыл қайткенде де чемпионатты неғұрлым жақсы нәтижемен аяқтап, келер жаңа маусымға да жақсы негіз қалайды деген сенімге жетелейді. Өйткені, біздің ойымызша осы маусымда өзін жақсы жағынан көрсетіп отырған команда енді кейін кетпегені, тек құрамын да, ойынын да күшейтіп, мықтылар қатарынан ойып тұрып орын ала бергені жөн.

Бұған қазір облыс, қала басшылығының да үлкен мүдделілік танытып, «Оқжетпесті» қолдап, өз қанаттарына алып келе жатқандығы қуантады. Оның бір дәлелі, облыс, қала әкімінен бастап, орынбасарларына, спорт басшыларына  дейін жерлестеріміздің өз алаңындағы ойындарында үнемі жергілікті стадионда командамен бірге болып, бірге тыныстауы. Бұл арада футболға деген осы оң қабақтан биылғы бірнеше ойында стадионның өзі де жанкүйерлерге лық толып, бүкіл қала бұрын-соңды болмаған футбол атмосферасын кешкенін де айта кетсек дейміз.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде футболды дамыту мәселесіне баса назар аударып келе жатқандығы қазір бұл саладағы  бұрынғы қалыптасқан ахуалды мүлде жаңа арнаға бұруда. Атап айтқанда, бұған дейін футбол клубтарына бюджеттен бей-берекет бөлініп келген қаржы көлемі азайтылып, ол ақшаны балалар футболын дамытуға, спорт инфрақұрылымдарын жетілдіруге бағыттау ісі қолға алынған. Қазірдің өзінде Премьер-Лига мен бірінші топта ойнайтын бірнеше клубтар жекешелендіріліп, қалталы азаматтар мен құрылымдардың қолына өткен. Айта берсек, іргеміздегі «Қызылжар» клубы да солай коммерцияландырылып отыр.

Бұл күнде облыс басшылығы «Оқжетпес» клубын да сондай бір сенімді қолға беру мәселесін қарастыруда. Ал, оған дейін команданы облыстың белді аграршыларынан құрылған қоғамдық қор қамқорлыққа алған. Биыл маусым басталғалы осы қор «Оқжетпестің» әр соққан голына сыйақы тағайындап, ол да белгілі бір деңгейде команданың жақсы өнер көрсетуіне көмегін тигізуде. Жуырда облыс әкімі Марат Ахметжановтың Астанада Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен кездесіп, «Оқжетпес» командасының қазіргі жай-күйін, ертеңгі болашағын талқылауы да өзге аймақтарда бола бермейтін игі жаңалық.

Осыған қарағанда, бара-бара біздің Көкшетауымыз да футбол десе ішер астарын жерге қоятын Алматы, Ақтөбе қалалары сияқты үлкен-кіші бәрі футболды сүйетін, «Оқжетпеске» жанкүйер болып, жаппай оның ойынына келетін қалаға айналады деген сенім бар. Оның үстіне бұған қолайлы жағдайлар да қарастырылып жатыр. Мәселен, Сарыарқа шағын ауданында Ақмола облысына келген былтырғы жұмыс сапарында Президенттің өзі айтқан, еуропалық стандартпен салынатын он мың орындық жаңа стадионның құрылысы да басталып кетті. Ендігі арада «Оқжетпеске» бір сенімді меншік иесі табылып, өз түлектерімізді тәрбиелеп шығаратын клуб академиясының салынуына, қыздар, балалар футболының жете дамуына жағдай туғызылса, нұр үстіне нұр.

Сонау ертеден Ақмола, Көкшетау футболы да қара жаяу емес. Кешегі «Қайратта» ойнаған Владимир Нидергаус, қазіргі «Ақтөбеде» доп теуіп жүрген Тимур Досмағанбетов, тағы басқа да саңлақтарымыз қашанда мұндағы жанкүйерлер аузында. Спорт мерекесі үстінде биылдай өрге өрлеп тұрған «Оқжетпесіміз» туралы да аз-мұз сөз қозғамай тұра алмадық. Алдағы уақытта жерлестеріміздің осы екпіні бәсеңсімей, қайта жаңа леп, жаңа күш ала түсуі барша жанкүйерлерінің ортақ тілегі.

Қ.КӘКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар