Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз өз еңбегі мен талантының арқасында Ақмола облысын халықаралық спорт ареналарында танымал етіп жүрген жандарға құрмет көрсетеміз.
Спорт дегеніміз ол тек денсаулық пен физикалық күш қана емес, бұл темірдей тәртіп пен қайсар мінездің үйлесімі, асқақ мақсаттар мен үнемі жеңіске ұмтылар өр мінездің көрінісі. Ол адамдарды бір мақсатқа жұмылдырып, жастарды өнегелі рухта тәрбиелейді және мықты әрі белсенді қоғамды қалыптастыруға көмектеседі.
Қазіргі уақытта облыста 343 мыңнан астам адам жүйелі түрде спортпен айналысады, өңірде 1175 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы Зеренді ауылында спорт мектебі және Көкшетау қаласында бірегей «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені өз есігін ашты. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инклюзивті спорт орталығы мен UEFA талаптарына сәйкес келетін жаңа футбол стадионының құрылысы жүріп жатыр.
Спорт инфрақұрылымының дамуы арқасында биыл өңірімізде зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасындағы шаңғы жарысынан «Virtus World Nordic Ski Championships 2026» әлем чемпионаты, «BURABAY ICE – 2026», «AqBura Bay Trail» және «X-Waters Kazakhstan» халықаралық жарыстары, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиада жоғары деңгейде өтті.
Осы сәтті пайдалана отырып, біздің спортшыларға, жаттықтырушыларға, спорт ардагерлеріне және Ақмола облысында дене шынықтыру мен спорттың дамуына өз үлесін қосып жүрген барша азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыздың арқасында өңіріміз әртүрлі деңгейдегі жарыстарда лайықты көрініп келеді.
Баршаңызға мықты денсаулық, сарқылмас қуат, күш-жігер және жарқын жеңістер тілеймін! Спорттық рух, мақсатқа жету жолындағы табандылық пен жақсылыққа ұмтылыс сіздерді әрқашан алға жетелей берсін!
Спорт күні құтты болсын!
![]()

