Бүгінгі таңда елімізде орын алып жатқан саяси реформалар – мемлекеттілігімізді нығайту мен демократиялық бағытты жаңа деңгейге көтерудің айқын көрінісі. Екі палаталы парламенттен бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшу бастамасы – халықтың көкейінде жүрген, қоғамның дамуына соны серпін беретін маңызды шешім.
Бір палаталы Құрылтай жүйесіне өту заң шығару процесінің тиімділігін арттырып, артық бюрократиялық рәсімдерді едәуір азайтады. Бұл өзгеріс елдегі саяси жаңғыруды жеделдетіп, қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың оперативті әрі ашық болуына жол ашады.
Ақмола облысының тұрғыны, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген азамат ретінде мен бұл реформаның ең басты құндылығы – халықтың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысу мүмкіндігінің артуында деп білемін.
Ең алдымен, бұл жүйе арқылы тікелей өкілдік қамтамасыз етіледі. Ел азаматтары өз өкілдерін тікелей сайлап, халықтың шынайы үнін, өңірлердің өзекті мәселелерін жоғарғы билік мінберіне еркін жеткізе алады.
Екіншіден, ашықтық пен әділдік принциптері нығая түседі. Дауыстарды ашық санау және барлық саяси күштерге тең дәрежеде үгіт-насихат жүргізуге мүмкіндік беру – демократиялық үдерістерді нығайтудың негізгі кепілі.
Үшіншіден, сайлаудың ашық әрі әділ өтуі азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, қоғамның саяси белсенділігін жаңа белеске көтереді.
Ақмола өңірі – қашан да елдік пен бірліктің, тарихи салмақты сәттерде сабырлық пен даналық танытқан аға буын мен белсенді жастардың мекені. Сондықтан, бұл сайлау – әрбір ақмолалық үшін, жалпы барша қазақстандық үшін өз болашағын өзі айқындаудың жауапты сәті. Құрылтай жүйесіне көшу – бұл жай ғана құрылымдық өзгеріс емес, бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы сенімді әрі тарихи қадам.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
![]()

