Абай күні қазақтың рухани әлемінде айрықша орны бар айтулы күн. Ұлы ақынның туған күніне орай Ақмола облысында да кітапханалар мен музейлерде әдеби кештер, танымдық кездесулер, дәрістер ұйымдастырылып, Абайдың өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында Абай күніне арналған «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзиялық кеш өтті. Шараға Ақмола облысының әділет департаментінің қызметкерлері қатысып, кітапхана залдарын аралады.
Ал, облыс орталығындағы Әдебиет және өнер музейінде «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты танымдық дәріс өтті. Шараға тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов, әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек және музей қызметкерлері қатысты. Кездесуде Абай шығармашылығындағы ізгілік, ақынның философиялық ойлары мен көзқарастары, оның тарихтағы орны жөнінде әңгіме өрбіді.
Аманай Сейітқасымов Абайдың адам болмысы мен қоғам мәселелерін терең зерделеген ойшыл екенін атап өтті. Ал, Сәбит Жәмбек ақын еңбектерінде көтерілген кейбір мәселелердің бүгінгі қоғам үшін де маңызды екенін айтты. Ғалымдар көрермендердің сауалдарына жауап беріп, Абай шығармашылығына қатысты ойларын ортаға салды.
– Абайдың ұлылығы да осында. Ол өз заманын ғана сөз еткен жоқ. Адамның мінезі, қоғамның кемшілігі, білім мен еңбек, ар мен ұят туралы айтқан ойлары бүгінгі күнмен де үндесіп жатыр, – деді Сәбит Жәмбек шара барысында сөйлеген сөзінде.
Абай мұрасын насихаттаудың тағы бір үлгісі Мәлік Ғабдуллин музейінің мұрындық болуымен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жалғасты. Белгілі қаламгер-журналист Байқал Байәділ жүргізген бұл кеште де Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның әндерінің тарихы туралы мол мәліметтер айтылды. Кеш қонақтары әнші, сазгер, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы Болат Есмұханов пен оның жары Мара Есмұханова көрерменге әсем әннен шашу шашты.
Шарада Ақын Айгүл Базарбаева ұлы ақынның қазақ руханиятындағы орнын жырға қосса, зейнеткер Райхан Қажкенова Абайдың алтыншы қара сөзін жатқа оқып берді. Ал, Бағдат Малғаждаров «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындап, кештің музыкалық шырайын аша түсті. Кездесу соңында жиналған көпшілік Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін караоке форматында бірге орындады.
Сонымен қатар, Абай күні Степногорск қаласында да кеңінен аталып өтті. Орталық қалалық кітапхана қаладағы Абай Құнанбайұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының алаңында «Абай мұрасы – рухани байлық» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Шараға 3517 әскери бөлімінің сарбаздары, кітапхана оқырмандары, қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, аталған шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Олжас Жағыпаров пен білім бөлімінің басшысы Алтын Оспанова да арнайы келіп қатысты.
Кітапханашылар ақынның өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып, оның қазақ әдебиеті мен рухани мәдениетіне қосқан үлесі туралы айтып берді. Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі білім, ғылым, еңбекқорлық, адамгершілік, әділдік пен елжандылық идеяларының бүгінгі қоғам үшін де маңызы зор екені айтылды.
Кездесуде қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындады, нақыл сөздері мен қанатты ойлары төңірегінде пікір алмасып, Абай мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны жайында ой бөлісті.
Шара соңында «Абай мұрасы – рухани байлық» атты кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге ақынның шығармалары мен Абай туралы әдебиеттер қойылды.
Абай күніне арналған мерекелік шара Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы «Ұмай ана» амфитеатрында да өтті. Ашық аспан астындағы мерекелік кеш ерекше шығармашылық сипат алды. Қатысушылар мәнерлеп оқу, домбырамен күй орындау және би өнері арқылы көрерменге өз өнерлерін танытты. Бұл шара Абай Құнанбайұлының туған күніне ғана емес, қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғалары Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісованың мерейтойлық даталарына да арналды.
Ал, Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Абай – ұлы ойшыл, дана ақын» атты әдеби-сазды кештің көркін жас өнерпаздар аша түсті. Балғындар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Белсенділігімен ерекшеленген жас қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.
Сондай-ақ, Целиноград ауданында да Абай күніне арналған мазмұнды шаралар өтіп, орталық кітапханада мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, тілдерді оқыту орталығы, орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің қатысуымен «Абай даналығы – халық мұрасы» атты музыкалық әдеби кеш ұйымдастырылды.
Кеш барысында ұлы Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы айтылып, ақынның өлеңдері, қара сөздері мен әндеріне шолу жасалды. Бір жерде Абайдың өлеңдері оқылса, енді бір жерде әндері орындалды. Ғалымдар ақынның ойларын талдаса, жас өнерпаздар оның шығармаларын сахнада жаңғыртты. Кітапханаларда көрмелер ұйымдастырылып, оқырмандарға ақын мұрасы кеңінен таныстырылды.
Абай өз заманында қазақты ғылым-білімге, еңбекке, талапқа, адалдыққа шақырды. Адамның жақсы болуы үшін оның бойында ақыл, қайрат, жүрек қатар болуы керектігін айтты. Надандықты, жалқаулықты, мақтаншақтықты сынап, елдің болашағын білімді ұрпақпен байланыстырды.
Сондықтан, Абай күні ақынның сөзін қайта оқып, ойына қайта үңіліп, өзімізге сабақ алатын күн. Абайды ардақтау өткенді құрметтеу ғана емес, келешекке жол көрсету. Ұлы ақынның «толық адам» болуға үндеген тағылымы халқымызбен бірге жасай береді деген үміттеміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

