Жылу желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда

Қыс – қыр астында

Біздің өнеркәсіптік қаланы қысқы жылу беру маусымына дайындауда жылу инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Осы мақсаттағы ауқымды жұмыстар ерте басталғанымен, әлі де қарқынды түрде жалғаса түсуде.

Биыл Степногорск қаласын үздіксіз жылумен қамту үшін жылу желілерін жаңғыртуға, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға және апаттылықты төмендетуге бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Осы жобаларды іске асыруға инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден шамамен 4,3 миллиард теңге бағытталып отыр.

Негізгі жобалардың бірі – қалаішілік жылу желілерін реконструкциялау. Қазір оның бірінші кезегі іске асырылуда. Жоба аясында бір құбырлы 12 шақырым жылу желісін қайта жаңарту көзделген. Қазіргі таңда бұл жұмыстың едәуір бөлігі атқарылды. Шілде айының соңындағы жағдай бойынша 10,5 шақырым ескі желі бөлшектеліп, 8,08 шақырым аумаққа немесе қарастырылған көлемнің 70 пайызына жаңа құбырлар төселді. Құрылыс жұмыстарын «КазЕвроСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Қайта жаңарту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Ең алдымен, аулаішілік желілерді жаңарту тұрғын үй орамдарын жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыратынын степногорлық тұрғындар жақсы түсінеді. Тозған учаскелерді ауыстыру апат қаупін азайтып, жылу беру кезеңінде жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Магистральдық жылу желілерінде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында жылу электр орталығы учаскесіндегі 13,97 шақырымды құрайтын магистральдық жылу желісін диаметрі 530 миллиметр болатын құбырлармен ауыстыру көзделген. Бұл жұмыстарды «УК Строй» серіктестігі  атқаруда. Бүгінгі таңда осы ескі құбырларды бөлшектеу жұмыстары толық аяқталып, орнына орнатылып жатқан жаңа құбырларды монтаждау жұмыстары да соңына таяп қалған. Қазіргі уақытта 13,1 шақырымға жаңа құбыр төселді, бұл жалпы көлемнің 98 пайызын құрайды.

Сонымен қатар, диаметрі 630 миллиметр болатын бірінші магистральдің жылу желісіне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба шеңберінде 710 метрді құрайтын аумақта құбыр ауыстыру қарастырылған. Мұнда да ескі құбырлар толығымен бөлшектеліп, жаңа құбыр 660 метрге монтаждалды, яғни, жоспарланған жұмыс көлемінің 97 пайызы орындалды.

Негізгі жұмыстардың басым бөлігі қазірдің өзінде орындалып отыр. Жоба аяқталғаннан кейін жаңартылған учаске қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің маңызды бөлігіне айналып, оның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес одан әрі жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы Степногорскідегі жылу желілерін жаңартудың жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Қалада бір мезгілде кварталішілік желілер реконструкцияланып, магистральдық құбыр жаңартылуда, сондай-ақ, бірінші магистральдың жекелеген учаскелері жөнделіп жатыр.

Жұмыстың негізгі көлемі маусымаралық кезеңде атқарылып жатқаны да маңызды. Бұл суық түспей тұрып, қажетті іс-шараларды толық орындауға және жылу желілерін алдағы жүктемелерге сапалы дайындауға мүмкіндік береді.

Алдағы жылыту маусымы осы жүйелі жұмыстың жалғасы болмақ. Жаңартылған жылу желілері жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларға жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге және апаттық жағдайлардың ықтималдығын айтарлықтай төмендетуге септігін тигізеді.

Қуат ТАСЫМОВ,
Степногорск қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар