Агроөнеркәсіп
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың басым бағыты болып табылады. Өңірде шикізат сатудан гөрі дайын өнім өндіруге көшу бағытыбойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта облысымызда ет пен сүтті, дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдейтін ондаған ірі кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары өсімді көрсетті. Азық-түлік өндірісінің құрылымында ең үлкен үлесті ет өңдеу, өсімдік майын өндіру және сүт өңдеу салалары иеленіп отыр. Ет және сүт өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын пайдалану деңгейі артты. Сүт өңдеу саласында өңделген сүт, сары май және қышқыл сүт өнімдерін шығару көлемі ұлғайды. Майлы дақылдарды өңдеу мен ұн өндірісі де оң серпін алуда.
Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын жаңа инвестицияларсыз көзге елестету мүмкін емес. Ағымдағы жылы өңірге миллиардтаған теңге инвестиция тартылып, ірі жобалар іске асырылуда:
Сүтті мал шаруашылығын дамыту аясында Ақкөл, Атбасар, Аршалы, Целиноград, Зеренді және Бурабай аудандарында заманауи тауарлы-сүт фермаларының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Етті мал шаруашылығы бойынша Қорғалжын ауданында ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысы қолға алынған. Ал, суармалы егіншілікті дамытуда Целиноград ауданында жүздеген гектар алқапты суару жүйелерімен қамту жобасы іске асырылуда.
Қайта өңдеу саласы бойынша облыс орталығы Көкшетау қаласында шұжық өнімдерін өндіретін, Бұланды ауданында өсімдік майын шығаратын зауыт пен құрама жем зауытын салу жобалары жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау бойынша Есіл, Целиноград, Аршалы аудандары мен Қосшы, Көкшетау қалаларында астық және көкөніс қоймалары, сондай-ақ, жыл бойы өнім беретін заманауи жылыжай кешені бой көтеруде. Мұнымен қатар, Қосшы қаласында сүт зауыты, Ақкөл ауданында құс фабрикасы, Жақсы ауданында элеватор мен құрама жем зауыты сияқты перспективалық жобалар пысықталуда.
Өңірімізде инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелендіру жұмыстары да сәтті жүргізілуде. Көршілес Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін тарату шеңберінде сауу блоктарын жаңғырту, мал бордақылау алаңдары мен сүт зауыттарын салуға қомақты қаржы бөлінді. Етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында мал сатып алуға арналған «Береке» және «Игілік» сияқты жаңа жеңілдетілген несие беру бағдарламалары іске қосылды. Осы бағдарлама бойынша ондаған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ірі қара және ұсақ мал басын көбейтуге өтінімдер берді. Бұл бағдарламалар өңірдегі мал басын арттыруға, ет өндірісін ұлғайтуға және шаруалардың өндірістік әлеуетін нығайтуға тікелей ықпал етері анық.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар мен мемлекеттік қолдау шаралары күзгі дала жұмыстарын, соның ішінде ең жауапты науқан – егін орағын ысырапсыз, жоғары деңгейде аяқтауға толық мүмкіндік береді. Өңірдің азық-түлік әлеуетін арттыру, өнімді тереңдетіп қайта өңдеу және аграрлық секторды модернизациялау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасатын болады.
Нұрбек БАДЫРАҚОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары
басқармасының басшысы.
![]()

