Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ: заңды сақтау – әр азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Ол азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне нұқсан келтіріп, мемлекеттік институттардың тиімді жұмысына кедергі келтіреді және баршаның заң алдындағы теңдік қағидатын бұзады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары жағдайларының жиілеуіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы мүлтіксіз сақтау, сондай-ақ қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қатысты ымырасыз ұстаным қалыптастыру ерекше маңызға ие.
Сыбайлас жемқорлық сипатындағы ең қауіпті қылмыстардың бірі – пара беру. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға, оған теңестірілген адамға, мемлекеттік қызметшіге, лауазымды адамға немесе шет мемлекеттің лауазымды адамына заңсыз сыйақы беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Жасалған әрекеттің мән-жайына қарай заңнамада әртүрлі жаза түрлері көзделген. Олардың қатарында елеулі мөлшердегі айыппұл салу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, сондай-ақ бас бостандығынан айыру жазасы бар. Пара берудің неғұрлым ауыр түрлері үшін заңнамада 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар жауаптылық тек пара бергені үшін ғана көзделмейді. Егер әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, жеке тұлғалардың мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға не оларға теңестірілген адамдарға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер ұсынуы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Мұндай құқық бұзушылық үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Сыбайлас жемқорлық тек ақша берумен шектелмейтінін түсіну маңызды. Сыйлықтар, қызметтер, мүліктік артықшылықтар және заңсыз сыйақының өзге де түрлері заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.
Азаматтың заңсыз сыйақы ұсыну арқылы белгілі бір мәселені шешуге, шешім қабылдауды жеделдетуге немесе жауапкершіліктен құтылуға әрекет жасауы да жол берілмейтін әрекет болып табылады. Мұндай іс-әрекетті «алғыс» немесе «кішкентай ғана сыйлық» деп қабылдауға болмайды. Жағдайға байланысты мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріліп, заңда көзделген жауаптылық қолданылуы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттің, мемлекеттік қызметшілердің және азаматтардың ортақ міндеті. Әр адам заң талаптарын сақтау жеке жауапкершіліктен және өз ұстанымын айқын білдіруден басталатынын түсінуі қажет.
Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін адал орындауға, қызметтік өкілеттіктерін жеке мақсатта пайдалануға жол бермеуге, заңнамада белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, сондай-ақ мүдделер қақтығысына жол бермеуге тиіс.
Ал азаматтар мәселелерді заңсыз жолмен шешуге ұмтылмауы қажет. Егер сізден пара немесе өзге де заңсыз сыйақы талап етілсе, мұндай талапқа келіспей, бұл туралы уақтылы тиісті органдарға хабарлау қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – әр адамның қатысуын талап ететін ортақ міндет. Заң талаптарын бұлжытпай сақтау және жоғары қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету арқылы ғана азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, заңдылық қағидатын қамтамасыз етуге болады.

Заңды сақтаңыз. Пара ұсынбаңыз. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеңіз. Заң баршаға ортақ.

ӨҚБ сенім телефоны: 8 (7162) 25-03-60
WhatsApp: 8 (708) 444-37-95

Көкшетау қалалық Полиция басқармасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар