Аршалы ауданында дауыс беру күні №128 сайлау учаскесіне Князовтар отбасы келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысты. Облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда аудан намысын талай мәрте қорғаған спортшы отбасы сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Отбасы отағасы Көпжасар Князов – қазақ күресінен Ақмола облысының бірнеше дүркін чемпионы, қазақ күресі, дзюдо және самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаттарының жүлдегері. Ол сондай-ақ тұңғыш республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне қатысқан.
Спорттағы жетістіктерді отбасының басқа мүшелері де жалғастырып келеді. Серік Алихан қазақ күресі мен жүзуден Ақмола облысының чемпионы әрі жүлдегері атанған. Ал Күнсұлу Князова бес асық және президенттік көпсайыстан облыстық чемпионаттардың жүлдегері.
Князовтар отбасы үшін спорт – тек жетістікке жетудің жолы ғана емес, сонымен қатар отбасы тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Тәртіп, бір-біріне қолдау көрсету және нәтижеге ұмтылу отбасы мүшелеріне жарыс кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де командалық рухты сақтауға көмектеседі.
«Біз бір-бірімізді қолдап, мақсатқа бірге жетуге үйренгенбіз. Бүгін де сайлау учаскесіне отбасымызбен бірге келдік. Сайлауға қатысу – әр адамның жауапкершілігі әрі елдің болашағына қатысты өз көзқарасын білдірудің мүмкіндігі деп есептейміз», – деді Көпжасар Князов.
Спортшы отбасының сайлауға бірге қатысуы ұйымшылдық пен белсенді азаматтық ұстанымның жарқын үлгісін көрсетті. Князовтар әулетінің тарихы спортта қалыптасқан командалық рухтың күнделікті өмірде де – бір-біріне қолдау көрсетуден, жауапкершілік пен ортақ болашаққа деген құрметтен көрініс табатынын аңғартады.
Дереккөз: aqmolacom.kz
![]()

