Ақмола облысының әр түкпірінде сайлау күні түрлі форматта өтіп жатыр. Таң атқаннан тұрғындар сайлау учаскелеріне келіп, көршілерімен жүздесіп, түрлі тақырыптық акцияларға қатысып, ел үшін маңызды күнді бірге өткізуде, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Фотоаппарат объективіне сан алуан сәттер ілікті: ашылған сайлау учаскелеріне алғаш келген сайлаушылар, отбасымен бірге дауыс беруге келген тұрғындар, сайлауға алғаш рет қатысып отырған жастар, жаттығудан кейін учаскеге келген спортшылар және еңбек ұжымдарының өкілдері.
Фоторепортажда сайлауға қатысудың ерекше форматтары да көрініс тапты. Тұрғындар учаскелерге велосипедпен және роликпен келсе, спортшылар команда болып дауыс беруге қатысты. Ал «Тегін көлік» акциясы аясында такси жүргізушілері сайлаушыларды учаскелерге тегін жеткізді.
Фотосюжеттен отбасылық оқиғалар да ерекше орын алды. Жас жұбайлар, көпбалалы отбасылар және бірнеше буын өкілдері сайлау учаскелеріне бірге келіп, бұл күнді отбасылық тарихтағы тағы бір маңызды сәтке айналдырды.
Кадрларда сайлауға алғаш рет қатысып отырған жастармен қатар, көп жылдан бері дауыс беріп келе жатқан азаматтар да бар. Әрқайсысы бұл күнді өзінше өткізуде. Алайда барлығын біріктіретін бір нәрсе бар – өз таңдауын жасау мүмкіндігі.
23 кадр – бір күннің 23 сәті.
Таңғы қарбалас, кездесулер, күлкі, ерекше бастамалар мен адамдардың жүзіндегі көңіл күй – бүгін Ақмола облысында өтіп жатқан маңызды күннің өзіндік шежіресіне айналды.
![]()

