Астрахан ауданындағы Жамбыл ауылының №166 сайлау учаскесіне көпбалалы Тәукеловтер отбасы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін бірге келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Отағасы Рүстем Тәукелов пен отбасы анасы, «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған Мөлдір Тәукелова балаларын ертіп, сайлау учаскесіне бірге барды.
Отбасы үшін дауыс беру – ел өміріне қатысудың және азаматтық жауапкершілікті көрсетудің маңызды қадамы. Ата-ана өз үлгісі арқылы балаларына азаматтық белсенділіктің, ел тағдырына бейжай қарамаудың маңызын көрсетіп келеді.
«Біз үшін сайлауға отбасымызбен бірге қатысу маңызды. Балаларымызға әр азаматтың өз таңдауы мен жауапкершілігі бар екенін көрсеткіміз келеді. Бүгін өз таңдауымызды жасап, еліміздің болашағына деген сенімімізді білдірдік», – деді Рүстем Тәукелов.
Көпбалалы отбасының сайлауға бірге келуі – отбасылық құндылықтар мен азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығын көрсетті. Мұндай мысал жас ұрпақты ел өміріне белсенді араласуға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге тәрбиелеуге ықпал етеді.
Әр отбасының таңдауы – ел болашағына қосылған үлес. Ал елдің ертеңі әр азаматтың бүгінгі белсенділігінен басталады.
Дереккөз: aqmolacom.kz
![]()

