Бәрекелді!
Мемлекеттік тілдегі жарнама сапасын арттыруға бағытталған облыстық байқауда үздіктер анықталып, жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды
Көшеде, дүкенде, қоғамдық орындарда көзімізге түсетін әрбір жазу, әрбір хабарландыру белгілі бір дәрежеде қоғамның тіл мәдениетін көрсетеді. Сондықтан, жарнаманың сауатты әрі көркем жазылуы тілге деген құрметтің бір белгісі екені даусыз. Осы бағытта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, жарнама мәтіндерінің сауатты жазылуына ықпал ету мақсатында «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты республикалық байқауының Ақмола облыстық кезеңі өтті.
Байқау Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты мемлекеттік тілдегі жарнамалардың сапасын арттырып, қазақ тілінің қоғамдық ортадағы беделін көтеру болып отыр. Биыл байқауға екі санат бойынша 24 өтінім түскен. Бірінші санатқа өз өнімдерін жарнамалайтын тауар өндірушілер қатысса, екінші санатқа заң талаптарына қайшы орналастырылған жарнама мәтіндерін анықтап, оларды түзетуге атсалысып жүрген азаматтар қатысты.
Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды саралау кезінде мәтіндердің сауаттылығына ғана емес, мазмұны мен көркемдік ерекшелігіне, тіл тазалығына да мән берді. Сөйтіп, байқау қорытындысы бойынша жеке тұлғалар арасында І орынды Степногорск қаласының тұрғыны Мөлдір Манатова иеленді. ІІ орын Атбасар ауданынан Жадыра Шаяхметоваға, ал, ІІІ орын Астрахан ауданынан Диана Жапароваға бұйырды.
Ал, өз өнімдерін жарнамалайтын тауар өндірушілер арасында І орын атбасарлық «Limar Agro» ЖШС-не берілді. ІІ орынды Сандықтау ауданындағы «Халал» жеке кәсіпкерлігі, ІІІ орынды Көкшетау қаласының «Бижан» ЖШС иеленді.
Шын мәнісінде жеңімпаздардың еңбегі мемлекеттік тілге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі деп ойлаймыз. Себебі, көшедегі немесе сауда орындарындағы бір ғана жарнама мәтінінің сауатты жазылуының өзі тұрғындардың тілге деген көзқарасына әсер етуі мүмкін. Бүгінде қазақ тіліндегі жарнамалардың қатары көбейіп келеді. Бұл расында да көңіл қуантатын жағдай. Дегенмен, санмен қатар сапаның да болғаны маңызды. Жарнамадағы орынсыз қолданылған сөздер мен қате жазылған мәтіндер тілдің табиғи қалпына нұқсан келтіреді. Ал, жатық әрі сауатты жазылған жарнама оқырманға да жағымды әсер қалдырады.
Сондықтан, бұл мәселеге тек тіл мамандары ғана емес, кәсіпкерлер мен жарнама берушілердің де жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені, мемлекеттік тілді құрметтеу үлкен сөздерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады.
Облыстық кезеңде І орын алған Мөлдір Манатова мен «Limar Agro» ЖШС қыркүйек айында өтетін республикалық байқауда Ақмола облысының намысын қорғайды.
Біз өз ана тілімізді ұлтымыздың рухани тірегі десек, ал, сол тілдің тазалығы мен сауатты қолданылуына әрқайсымыздың қосар үлесіміз болуға тиіс. Күнделікті көз алдымызда тұратын жарнаманың өзі ана тілімізге деген құрметтің айнасына айналса, бұл да үлкен жетістік болар еді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

