Өмір жолы өнеге

Келбет

Туған жердің тарихы кейде сол жерде ғұмыр кешіп, елге еңбегі сіңген адамдардың тағдырымен де жазылады. Бір қарағанда, қарапайым көрінетін жанның өмір жолына тереңірек үңілсеңіз, одан тұтас бір дәуірдің тынысын аңғарасыз.

Есіл ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғали Молдахметұлы Өсіповтің де өмір жолы туған жерінің тарихымен тікелей байланысты. Серғали ақсақалмен әңгімелескенде, елдің өзгерген кезеңдерін, қоғамның жаңаруын, ауыл мен қаланың тіршілігін, адамдардың қуанышы мен қиындығының  бәрін де өз көңіліңнің сүзгісінен өткізіп, одан сайын мұқият тыңдай түсесің. Аудан аумағындағы қай ауылдың жағдайы қандай, қандай құрылыс жүріп жатыр, ауыл шаруашылығының ахуалы қалай, электр желілерін жаңғырту жұмыстары қай деңгейде деген сияқты елдің тыныс-тіршілігіне қанығып, өзіңе де қажет ақпаратыңнан хабардар боласың.

Серғали Молдахметұлы 1946 жылдың 25 тамызында Ақмола облысы Есіл ауданының Бозылық ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Бұл жылдары елдің соғыстан кейінгі ауыртпалықтарды еңсеріп, біртіндеп еңсесін тіктей бастаған кезі еді.1953 жылы оның отбасы Есіл қаласына қоныс аударады. Сол жылы Серғали мектеп табалдырығын аттап, 1963 жылы Есіл қаласындағы №511 қазақ орта мектебін бітірді.

Мектептен кейін ол СУ-203 мекемесінің жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің бухгалтериясына есепші болып орналасты. Қолына түскен алғашқы есеп-қисап қағаздары, үлкендерден үйренген еңбек тәртібі оның кәсіби жолының негізін қалады.

1964-1968 жылдары Есіл қалалық кеңесінде бухгалтер болып еңбек етті. Жас маман үшін бұл қызмет үлкен тәжірибе мектебі болды. Қаладағы түрлі мәселелермен танысып, мемлекеттік басқарудың жұмыс тәртібін көрді.

Сол жылдары азаматтық міндетпен қатар, әскери борышын өтеу де кезек күттірмейтін парыз еді. Серғали Молдахметұлы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Беларусь жерінде әскери қызметін өтеді. Әскерде жүрген кезінде партия қатарына қабылданып, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай мерейтойлық медальмен марапатталды. Сөйтіп, әскери қызметтен соң, туған жеріне қайта оралды.

Адамның туған жерге оралуы әрқашан өзгеше сезім сыйлайды. Әскерден кейінгі жылдары Серғали үшін де Есілдің таныс көшелері, таныс адамдары, бала күнінен көрген айналасы қайтадан өмірінің бір бөлшегіне айналды. 1971 жылы Есіл аудандық электр желілері мекемесіне бухгалтер болып жұмысқа орналасты.

Энергетика саласы оның кәсіби өмірінде ұзақ жылдарға созылған кезең болды. 1974 жылы Есіл электр желілері кәсіпорны құрылған кезде еңбек және жалақы жөніндегі инженер қызметіне ауыстырылды. Білімі мен іскерлігі ескеріліп, көп ұзамай аға инженер  еңбек және жалақы жөніндегі маман болып тағайындалды. Кейін аға инженер-экономист қызметін атқарып, 1985-1989 жылдары жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы болды.

Сол кездегі өндіріс орнын елестетсек, әр істің өз тәртібі, әр көрсеткіштің өз есебі бар. Жұмысшылардың еңбегін ұйымдастыру, жалақы мәселесін реттеу, өндірістің жоспарын жасау, оның орындалуын бақылау деген сияқты мәселелер үлкен жауапкершілікті қажет етті. Серғали Молдахметұлы осы саланың қыр-сырын жылдар бойы меңгеріп, тәжірибелі экономист ретінде қалыптасты.

Әріптестері оны байыппен сөйлейтін, мәселені асықпай саралайтын, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін маман ретінде таныды. Ол кезде қызметпен бірге қоғамдық жұмыс та қатар жүретінін ескерсек, Серғали Молдахметұлы жеті жыл бойы бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Саяси және экономикалық оқу жүйесінде насихатшы болды, экономикалық білім беру мектебіне жетекшілік етті.

Осылайша, еңбекке ерте араласқан ол білімін жетілдіруді де ұмытпай, 1980 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша бітіріп, экономист дипломын алды. Кейін Марксизм-ленинизм университетінде білімін жалғастырып, жоғары саяси білім алды.

Білім мен тәжірибенің қатар жүруі оның кейінгі қызметтерінде көп көмегін тигізді. 1989 жылы Серғали Молдахметұлы аудандық атқару комитетінің аппаратына ауыстырылды. Алғашында аудандық жоспарлау бөлімінің аға экономисі болып жұмыс істеді. Арада көп уақыт өтпей, оған аудандық статистика бөлімін басқару тапсырылды.

Статистика саласы сырт көзге қарапайым сандар ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда, сол сандардың астарында ауданның бүкіл тіршілігі жатады. Қанша адам тұрады, қанша адам еңбек етеді, өндіріс пен ауыл шаруашылығының көрсеткіші қандай, халықтың әлеуметтік жағдайы қалай  бәрі де есепке алынады. Серғали Молдахметұлы аудандық статистика бөлімін бес жыл басқарды. Бұл қызмет оның туған өңірінің жағдайын бұрынғыдан да жақсы білуіне мүмкіндік берді.

1994 жылы аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл кезде еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын бастан кешіп жатқан кез еді.  Осындай уақытта ауданның қаржы бөлімін басқару оңай болған жоқ.

Бюджетті жоспарлау, қаражатты тиімді пайдалану, әлеуметтік саланың қажеттілігін өтеу, аудан мекемелерінің тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау күн сайын назарда тұратын мәселелер еді. Осы қызметте абыройлы еңбек ете жүріп, 2004-2009 жылдары аудандық халықты жұмыспен қамту орталығын, кейін жұмыспен қамту бөлімін басқарды. Бұл қызметте ол жұмыс іздеген адамдармен, түрлі себеппен қиындыққа тап болған отбасылармен, еңбекке қайта оралғысы келген азаматтармен көп кездесті.

Әр адамның тағдыры әртүрлі. Біреудің мамандығы бар, бірақ жұмысы жоқ. Біреудің жұмыс тәжірибесі аз. Енді бірінің денсаулығы немесе отбасылық жағдайы кедергі болады. Осындай мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке қарау қажет болғанда Серғали Молдахметұлы мемлекеттік қызметтің мәнін шын түсінді. Сөйтіп, қаршадайынан еңбекке араласқан ел ағасы 2009 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ еңбек жолы аяқталғанымен, елмен арадағы байланысы үзілген жоқ. Сол жылы оны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлады.

Бүгінде Есіл ауданында 23 мыңға жуық адам тұрса, оның 3900-ге жуығы зейнеткерлер. Аға буынның ауданның қоғамдық өміріне араласуы да назардан тыс қалған емес. Ардагерлер түрлі мәдени шараларға, кездесулерге, жастармен өткізілетін жиындарға қатысады. Мектептерде, басқа да білім беру орындарында кездесулер өткізіп, өздерінің көрген-білгендерін кейінгі ұрпаққа айтып келеді.

Серғали ақсақал жастармен әңгімелескенде ең алдымен еңбек пен білімнің маңызын айтады. Адамның өз орнын табуы үшін ізденуі, үлкенді сыйлауы, туған жерін құрметтеуі керек дегенді өмір тәжірибесімен түсіндіреді.

Ардагерлер кеңесінің жұмысы облыс көлемінде де бірнеше рет жоғары бағаланып, 2013 жылы Ақмола облысындағы ардагерлер ұйымдарының өңірлік байқауында Есіл аудандық ардагерлер кеңесі бірінші орын алды. 2019 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған облыстық байқауда үшінші орынды иеленді.

Аудан өкілдері республикалық деңгейдегі ардагерлер ұжымдары мен орындаушылар арасындағы байқауларда да бірнеше рет лауреат атанды. Бұл жетістіктердің артында ардагерлердің өзара ынтымағы мен Серғали Молдахметұлының ұйымдастырушылық еңбегі тұр десе болғандай. Ол аудан әкімі Серік Балжановпен де үнемі байланысып, ауданның жағдайы, ардагерлердің ұсыныстары, қоғамдық жұмыстар жөнінде пікірлесіп отырады. Серғали ақсақал туған жерінің бүгінгі жағдайын да жіті бақылап жүреді.

Есіл ауданында қазір бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Төрт ауданды қамтитын электр желілері жүйесінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жақында Серғали Молдахметұлы ауданаралық электр желілері кәсіпорнының директоры Ерболат Сәдуақасовпен осы жұмыстар жөнінде сөйлескен.

Электр желісінің жағдайы ауыл үшін өте маңызды. Қазір жарықтың тұрақты болуы үйдегі тұрмыстан бастап, шаруашылық пен өндірістің жұмысына дейін әсер етеді. Есіл қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілген. Ал, Есіл өзенінің бойында салынып жатқан ұзындығы 81 шақырым су қоймасы аудан үшін ерекше маңызға ие. Бұл нысан пайдалануға берілген жағдайда көктемгі су тасқыны кезінде Бірлік, Питигорский, Двухречный ауылдарын су басу қауіпінен қорғауға мүмкіндік береді. Серғали ақсақал мұндай жұмыстардың бәріне қуанады. Себебі, ауданның дамуы өз өмірінің де бір бөлігіндей.

Есіл ауданының егін және мал шаруашылығымен айналысатын өңір ретінде облыста өзіндік орны бар. Ауылдағы ағайынның еңбегімен жердің берекесі артып келеді. Серғали Молдахметұлының өзі де ауыл еңбегін жақсы түсінеді. Өйткені, оның балалық шағы Бозылық ауылында өтті.

Туған жер туралы әңгіме қозғалғанда, оның сөзінен ата-баба тарихына деген құрмет те байқалады. Ол өзін орта жүздің ханы Абылайдың қолбасшыларының бірі болған Жанатай батырдың ұрпағымын деп санайды.

Жанатай батырдың есімін ел жадында қалдыруға бағытталған жұмыстардың бірі  2022 жылы Саумалкөл ауылында тұрғызылған кесене. Кесене салуға жергілікті кәсіпкерлер Қожахметов Қайрат пен Жайлыбай есімді азаматтар атсалысыпты. Серғали ақсақал ата тарихын айтып қана қоймайды, оны жастарға жеткізуді де маңызды санайды. Өйткені, адамның туған жерге деген құрметі оның сол жердің тарихын білуінен басталады.

Серғали Молдахметұлының еңбегі түрлі марапаттармен де бағаланды. Ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымына 30 жыл» медальдарымен, генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальмен, Ұлы Жеңістің 70 және 75 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған. Оның есімі «Қазақстанның Ардақты ардагерлері» өмірбаяндық энциклопедиясына енгізілген. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Құрметті ардагері», «Есіл ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Облыс әкімінің, Ардагерлер ұйымының, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын бірнеше рет алды. Алайда Серғали ақсақал үшін осы марапаттардың бәрінен бұрын туған елінің құрметі маңызды.

Оның өміріндегі тағы бір үлкен байлығы отбасы десек, жұбайынан ерте айырылған ол үш ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде төрт немеренің, бір шөберенің сүйікті атасы атанып отыр. Қазір өзі Есіл қаласында тұрады. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген ол өзін ерекше тұлға санап, өзге сөз айтқанды ұнатпайды. Өзінің атқарған ісін міндеті деп қабылдайды. Әңгіме барысында да көбіне өзі туралы емес, аудан туралы, ел туралы айтып берді.Мүмкін, оның азаматтық болмысының ерекшелігі де осында шығар.

Бүгінде Серғали ақсақал сексеннің белесіне жақындаса да, елдің жағдайын ойлап, ардагерлердің мәселесі мен ауданның жаңалығына құлақ түріп отырады.

Адам өмірден өткен соң, біреудің артында салған ғимараты қалады, біреудің кітабы қалады, енді біреудің шәкірті қалады. Ал, кей адамның артында елмен араласқан жылдары, адамдарға жасаған жақсылықтары, айтқан ақылы мен жақсы аты қалады.

Ал, Серғали Молдахметұлының өмір жолында осындай қарапайым, бірақ бағалы із қалмақ. Ол еңбек етіп, оқып, қызмет атқарып, отбасын өсіріп, елмен бірге мәнді де мағыналы ғұмыр кешті. Енді сол өмір жолының тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтқанын орынды санаймыз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар