Құрылтай депутаттарының сайлауына Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де қатысып, дауыс берді.
Таңғы сағат 7-де өз таңдауын жасаушыларға есігін айқара ашқан әскери бөлім аумағындағы жабық сайлау учаскесінде бөлім командирі полковник Берік Қожахметов және бөлімнің 300-ге жуық сарбаздары Жаңа Конституцияда бекітілген азаматтық құқықтарын жүзеге асырды. Олар осылайша дауыс беру арқылы елдің болашағына қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, азаматтық жауапкершіліктерін көрсетті.
– Сайлау әр азаматтың ел дамуына өз үлесін қосып, маңызды шешімдерге қатысуына мүмкіндік беретін демократиялық үдеріс. 5510 әскери бөлімінің жеке құрамы бұл маңызды шараға белсенді қатысып, өз дауыстарын берді, – дейді тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс бөлімшесінің бастығы майор Нияз Сәдуақасов.
Бұдан бөлек, әскери бөлімнің Степногорск, Атбасар, Саумалкөлде орналасқан әскери бөлімдердегі сайлау учаскелерінде тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген сарбаздар да өз таңдауларын жасау мүмкіндігіне ие болды.
Айта кету керек, әскери бөлімдерде дауыс беруді ұйымдастыру әскери қызметшілерге белгіленген тәртіп пен заң талаптарын сақтай отырып, сайлауға қатысуға мүмкіндік берді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

