Ауылға газ келді!

Целиноград ауданындағы Қараөткел және Қаражар ауылдары халқының қуанышында шек жоқ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданындағы Қараөткел және Қаражар ауылдарына мерзімінен бұрын газ беру шарасына қатысты.  Жобаларды іске асыру аясында елді мекен тұрғындары табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Мерейлі жиынға Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали және «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақгаз Аймақ» акционерлік қоғамының өкілдері қатысты.

Табиғи газ бен 4 мыңнан астам үйді қамту жоспарлануда. Бір жарым мың тұрғын қосылып үлгерген. Бір қызығы, Қараөткел ауылы 2028 жылы газ желісіне қосылуы керек еді. Бірақ, нәтижелі келіссөз бен іскер азаматтардың жемісті жұмысының арқасында бұл жоба мерзімінен шамамен 1,5 жылға ерте жүзеге асырылды. Еселі еңбегі үшін аймақ басшысы жауапты ұжымдарға жылы лебізін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы ауылды, елді мекендерді газдандыру, оның ішінде, әрине, Астананың төңірегіндегі ауылдардың жағдайы ерекше бақылауында. Сондықтан, осы жақсы себеппен бас қосып отырмыз. Қаражар – Целиноград ауданының толығымен газдандырылған жетінші елді мекені. Ал, жалпы енді ауылда газ құбырының құрылысы толығымен аяқталды. Сіздерге газ 2028 жылы жоспар бойынша берілуі керек еді. Бірақ, Президенттің тапсырмасын орындау аясында мүмкіндікті іздеп, тауып, көп күттірмей газ бергелі отырмыз. Енді Қараөткелге келер болсақ, ауданда толығымен газдандырылған кезекті сегізінші ауыл болайын деп тұр. Жоба «Самұрық-Қазына» қоры қаражатының есебінен жасалып отыр. Сондықтан, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов мырзаға зор алғыс айтамын. Өйткені, осы жобаларды қолдап, халықтың үнін тыңдайтын мемлекеттің қағидасын орындап, 1,5 жыл бұрын беруге ықпал жасап отырған «Самұрық-Қазына» басшылығы. Ал, «Алия Сервис» пен «Сыр Энерго Газ Строй» мердігерлер ол өзінің жұмыстарын сапалы, дер кезінде, мерзімінен бұрын орындап жатқан компаниялар. Сондықтан, сол компаниялардың басшыларына алғыс айтқым келеді, – деді Марат Мұратұлы.

Қаражар елді мекеніндегі 1711-үйге бірінші абонент қосылып жатыр. Бұған дейін Целиноград ауданының Аққайың, Шұбар, Қоянды, Ыбырай Алтынсарин, Талапкер және Нұрлы ауылдарында табиғи газ желісі іске қосылған. Айта кететіні, Қараөткел ауылында былтыр желтоқсанда екі кешен, яғни, бірінші, екінші кезеңнің іске қосу кешендері жоспарланды. Ал, бүгінде қалған үшінші, төртінші және бесінші кешендердің құрылысы толығымен аяқталды.

– Биылғы жылдың соңына дейін Қызылсуат елді мекеніне газ беру жоспарланып отыр. Қазан айының аяғына дейін және келесі жылы алты елді мекен Целиноград ауданы бойынша газға қосылады. Әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істегендіктен, техникалық мүмкіндіктер пайда болған кезде біз жоғары қысымды газ құбырына қосу жұмыстарын да орындап, Қаражарды биылғы жылы газға қосып отырмыз. Бүгінде астаналық газ тарату компаниясы белгілеген тариф 54,3 теңге. Газ жұмысымен Целиноград ауданы бойынша он бес адам жұмыс істейді. Төрт кешенде автоматты диспетчерлік қызмет бар. Сондай-ақ, 104 нөмірі немесе WhatsApp арқылы хабарласуға болады. Жалпы, Астана қаласы және Ақмола облысына Сарыарқа магистральдық газ құбыры арқылы көгілдір отын келеді. Бүгінде ешқандай қысым төмендеуі сияқты мәселе жоқ, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Астана өндірістік филиалының директоры Ержан Балабеков.

– Бүгінгі қуанышты оқиға ел үшін маңызды сәтпен тұспа-тұс келіп отыр. Биыл бәріміз бір үйдің баласындай белсенді қатысып, Жаңа Конституцияны қабылдадық. Қазіргі заман ғылымға сүйену, білім саласына инновация жасау, қазіргі жасанды интеллект, сандық мемлекет құру. Ол болмаса, ертең біз көштің соңында қаламыз. Сондықтан, Президенттің бастауымен Жаңа Конституциямыз қабылданып, ол ертең біздің қарқынды дамуымызға, жарқын болашағымызға бір үлкен кепілдік береді. Осы орайда, Целиноград ауданының тұрғындарына, сіздерге алғысым шексіз. Өйткені, сондай бір үлкен науқанда еліміздің саясатын қолдап, балаларымыздың болашағын ойлап, сондай белсенділік таныттыңыздар, – деді облыс әкімі.

Қаражар мен Қараөткел ауылдарына 238 шақырым газ желісі тартылды. Жалпы 5,5 миллиард теңге сомасына осы құрылыстар жасалды. Қос ауылдың 24 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қосымша қолжетімділік алып отыр. Биыл Целиноград ауданының Қызылсуат ауылын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Ол жерде 3 мың адамға газ қолжетімді болады. Сондай-ақ, Целиноград ауданын газдандыру жұмыстары әрі қарай өзінің жалғасын табады. Сонымен қатар, аудан орталығы Ақмол, Қабанбай батыр ауылы, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдары қамтылады. Оларға келесі жылдан бастап газ беріле бастайды.

– Тағы да айта кетерлігі, қазір беріп жатқан газдарды әлеуметтік осал топтарға газ тұтынуға 20 пайыз жеңілдік жасаймыз. Халқымыз қабылдаған Конституцияда белгіленген өзінің бір принципі, Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп жариялауымыздың айқын көрінісі. Әлеуметтік осал топ өкілдерінің тұтынуына 20 пайыз, ал, табысы төмен отбасыларға газға қосылуға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көмек береміз, – деді Марат Мұратұлы.

Қараөткел мен Қаражар ауылдарын газдандыру Ақмола облысының газ тарату инфрақұрылымын дамыту және халық үшін табиғи газдың қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Елді мекендерде газ қосу жұмыстары басталды. Төртінші және бесінші іске қосу кешендерінде барлығы 71 шақырым газ құбыры тартылып, 17 шкафтық реттегіш пункт орнатылды. Нәтижесінде қосымша 1500-ге жуық үй газдандырылады. Қараөткел толығымен газдандырылады. Екінші болып бізде Қаражар елді мекені тұр. Қаражарда барлығы 53,7 шақырым газ құбыры салынып, 9 газ реттегіш пункт орнатылды, оның біреуі жоғары қысымды.

Сол күні Қаражар ауылындағы екінші шағын ауданда орналасқан тұрғын үйге алғаш рет табиғи газ берілді. Оның иесі Болатхан Төлешов ауылдың алғашқы абоненті атанды.

– Әрине, мұндай жобалар елді мекен тұрғындары үшін заманға сай өмір сүруге мүмкіндік береді. Өз басым жылыту маусымы басталар алдында неғұрлым экологиялық таза отын түріне көшуге, тұрмыс жайлылығын арттыруға қолайлы жағдай туғанына қуаныштымын, – деді ол.

Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Бекболат атамыз игі іске ақ батасын берді. Ақсақалдың батасы қабыл болып, көгілдір отын әр шаңыраққа жылу мен жайлылық және құт-береке әкелсін! Көгілдір отынмен қамтылған бұл күн барша қаражарлықтар үшін айтулы әрі қуанышты сәттің бастауы. Ауылға көптен күткен көгілдір отынның келуі – елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадам.  Қаражардың жаңа даму кезеңі құтты, берекелі болсын, ағайын!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар