Зеренді аудандық сотында құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді ірі мөлшерде заңсыз егіп, өсіргені және сақтағаны үшін А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Бұл істі сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі, 300-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қарады. Сотта жауапкершілікке тартылған Зеренді ауданының 56 жастағы тұрғыны қарасора бұталарын жұлып, кептіріп, өз үйінде сақтаған. Сонымен қатар, ол қолдан жасалған жылыжай жабдығын орнатып, шелектерге екі түп қарасораны заңсыз өсірген. А.-ның тұрғылықты жерінде тінту жүргізу барысында полиция қызметкерлері марихуана салынған пакетті, қарасора тұқымдарын және осы өсімдікті өсіруге арналған құралдарды тәркіледі.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындап, есірткі затын өзі қолданғанын, ал, қарасораны өзіне ауырсынуды басатын құрал ретінде пайдалану үшін өсіргенін мәлімдеді. Оның кінәсі өз жауабымен, куәлардың көрсетулерімен, тінту барысында тәркіленген заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталды.
Сот жаза тағайындау барысында А-ның өз кінәсін мойындап, шын жүректен өкінуін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын назарға алды және мұны жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды. Сөйтіп айыпталушыға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі емделуге жіберілетін болды.
Облыстық соттың алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырған соң ол заңды күшіне енді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

