Жас жеткіншек, сезіп көптің сен дегенде мейірімін…

Әлеуметтік қорғау

Жаңа оқу жылы қарсаңында ауданда әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кәсіпкерлер, меценаттар және осы мәселеге бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауының арқасында мұндай отбасылар балаларын мектепке дайындауға қажетті көмек алуда. Айталық, биыл жалпыға бірдей білім беру қорынан ата-аналардың арнайы есеп шоттарына әр балаға 50851 теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылды. Қаржылай қолдаумен 353 оқушы қамтылып, бұл төлемдердің жалпы сомасы 18 миллион теңгеге жуықтады.

1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін созылатын республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы арқылы да осындай көмек шаралары қарастырылуда. 2026-2027 оқу жылында ауданда осы акция аясында 105 отбасынан 119 оқушыға көмек қажет.  Осы мақсатта әзір ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер тарапынан жалпы сомасы 2 миллион 380 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оған балаларға мектеп және спорт киімдері, аяқ киім, сөмке, оқу құралдары  сатып алынуда.

Балаларға қолдау көрсеткендердің қатарында жеке «Ақниет» қайырымдылық қоры да бар. «Ізгілік жолымен» жобасы аясында әлеуметтік осал санаттарға жататын 47 балаға сөмкелер мен кеңсе тауарлары табыс етілді.

– Әр бала 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын жақсы көңіл-күймен аттаса дейміз. Сол  үшін жас жеткіншектерге қазіргі көрсетіліп жатқан көмек-қолдауды олардың болашағына деген қамқорлық деп білуіміз керек, – дейді бұл орайда, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Қадырова.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар