Азия ойындарына Көкшетауда дайындалуда

Әкім – іс үстінде

Қазіргі уақытта баскетболдан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы Көкшетаудағы көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешенінде қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарына оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов осы жаттығу алаңында болып, спортшылар және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Сөйтіп, ұлттық құраманың алдағы жарыстарға дайындығын және өңірдегі әйелдер баскетболын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ұлттық құрама сапында 12 баскетболшы бар, оның сегізі көкшетаулық «Оқжетпес» клубының намысын қорғайтын спортшылар. Құраманың бас жаттықтырушысы әрі «Оқжетпес» баскетбол клубының бапкері Борис Фаткулиннің жетекшілігімен қыздар өз жаттығуларын  қарқынды өткізіп, алдағы ойындар барысындағы өзара іс-қимылдарын пысықтауда.

–Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынын қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе. Жаттықтырушылардың кәсібилігі, табанды еңбек пен командалық рухтың арқасында Азия ойындарында Қазақстанның намысын лайықты қорғайтындарыңызға сенімдімін, – деді кездесу барысында өңір басшысы.

Борис Фаткулиннің айтуынша, Көкшетауда спортшыларды алдағы үлкен додаға толыққанды даярлауға барлық қажетті жағдай жасалған. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Көкшетау қаласын баскетболдан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын өткізетін негізгі базалардың біріне айналдыру мүмкіндігі қарастырылуда. Оған мұнда толық жағдай бар.

Осының айғағындай, жаңа спорт маусымында Kokshe Arena спорт кешенінде әйелдер баскетболынан Қазақстан кубогы мен ел чемпионатының ойындарын, сондай-ақ, халықаралық жарыстар өткізу жоспарланған.

Облыста спортқа дәйекті көңіл бөлініп отырған соң, Көкшетаудың «Оқжетпес» баскетбол клубы да өз дамуын әрі жалғастыруда. Жаңа маусымда команда бірқатар ұлттық құрама баскетболшыларының осында ауысуымен күшейтіліп отыр. Клуб команданы жасақтауда қазақстандық спортшыларға басымдық беруде.

Бұл орайда, басқа да жағымды жаңалықтар бар. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірде «Оқжетпес» әйелдер волейбол командасы құрылды. Команда жаттығуларын бастап,  Жоғары лигада өнер көрсетуге дайындалуда. Алдағы уақытта жерлестеріміздің алдында Ұлттық лига деңгейіне көтерілу міндеті тұр.

Команданың негізгі құрамын өз облысымыздың волейболшылары құрайды. Бас жаттықтырушы қызметіне тәжірибелі маман Тимур Джарлагасов шақырылды. Ол – волейболдан кәсіби жаттықтырушы, бір мезгілде 18 жас шамасындағы Қазақстан қыздар құрамасын да баптайды. Бүгінгі таңда бұл волейболшы қыздардың да жаттығулары Kokshe Arena кешенінде өтуде.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар