Біле жүріңіз!
Елдегі мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілді. Бұл туралы «Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтау мақсатында маңызды шешім қабылдады. Мемлекеттік наградалар тізіміне жаңадан «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізілді»,– деп жазды Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Жаңадан тағайындалған мәртебелі марапаттар ұлттық мәдениетімізге адал қызмет етіп, еліміздің рухани қазынасын байытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
«Шәмші Қалдаяқов» медалі отандық музыка өнерін дамытуға, ұлттық ән өнерін насихаттауға және жаңа буын композиторлардың шығармашылығын шыңдауға еңбек сіңірген тұлғаларға табысталады.
«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы бейнелеу өнері, мүсіндеу, графика мен сәндік-қолданбалы өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытқан шеберлерге беріледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін марапаттар тізіміне жаңадан «Әл-Фараби», «Қожа Ахмет Яссауи», «Мейірім» деген үш орден қосылған еді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сурет reposta.kz сайтынан.
![]()

