Сақтансаң – сақтар!
Бектау ауылында «Ауыл құтқарушылары» атты 234-ші ерікті өртке қарсы құрылым салтанатты түрде өз жұмысын бастады.
Бұл маңызды қадам өңірдегі қауіпсіздік мәдениетін көтеруге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің көрінісі. Жаңа өрт сөндіру бекеті өзіне қарасты үш елді мекенді қамтып, жалпы саны шамамен 1,5 мың тұрғынның өмірі мен мүлкіне араша түспек.
Қазіргі уақытта бұл жаңа нысан тәулік бойы үздіксіз кезекшілік атқаруға толықтай дайын. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, бөлімшені заманауи өрт сөндіру автоцистернасымен, қажетті арнайы құрал-жабдықтармен, сапалы арнайы киім-кешекпен және тұрақты байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етті. Өрт сөндіруде алғашқы секундтардың өзі шешуші рөл атқаратынын ескерсек, бұл техникалық әлеуеттің маңызы өте зор.
Төтенше жағдайлар департаментінің кәсіби мамандары еріктілерді даярлауға ерекше көңіл бөліп, арнайы оқыту курстарын ұйымдастырды. Қарқынды оқу барысында жергілікті тұрғындардан құралған еріктілер өрт сөндіру техникасы мен құрал-жабдықтарын тиімді пайдалану, байланыс құралдарын меңгеру, сондай-ақ, өртті сөндіру тактикасы мен төтенше жағдайлар кезіндегі нақты іс-қимылдар бойынша теориялық білімін шыңдап, тәжірибеден өтті.
Төтенше жағдай қызметкерлерінің күн сайынғы қажырлы еңбегі мен кәсібилігі – адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Ерікті құтқарушылардың сапқа қосылуы кәсіби құтқарушылардың жүгін едәуір жеңілдетіп қана қоймай, өрт ошағына кәсіби бөлімшелер келгенге дейін жылдам ден қоюға жол ашады. Енді жергілікті еріктілер тілсіз жауды бастапқы кезеңінде-ақ оқшаулап, апаттың алдын алуға мүмкіндік алады. Бұл бастама ауыл тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімділігін арттырып, қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың өмірлік маңызын тағы бір мәрте дәлелдей түсіп отыр.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.
![]()

