Еуропаға өнерімізді танытып, ұлтымыздың абыройын асқақтатып келді

Бәрекелді!

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары Испания мен Францияда өткен халықаралық фольклор фестивальдеріне қатысып, ауқымды еуропалық гастрольдік сапарын табысты аяқтап, елге оралды. Қазақстан атынан өнер көрсеткен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі гастроль барысында 17 толыққанды концерт беріп, 4 халықаралық парадқа қатысты. Бірнеше аптаға созылған сапар Испанияның Эстремадура өңірінен басталып, кейін Францияның Монрежо қаласында өткен халықаралық FOLKOLOR фестивалінде жалғасты.

«Festivals du Sud» фестивалі әлемнің бес құрылығынан келген 45 шығармашылық ұжымды тоғыстырды. Қазақстандық өнерпаздар Кения, Чили, Куба, Армения, Индонезия, Италия, Коста-Рика және өзге де мемлекеттердің өкілдерімен бірге халықаралық мәдени кеңістіктің бір бөлігіне айналды.

Ақмолалық өнерпаздардың бағдарламасы фестиваль аясындағы жекелеген нөмірлермен шектелген жоқ. Әр концертте «Айнакөл» мен «Гәкку» қазақтың дәстүрлі музыкасы мен хореографиясын бір арнаға тоғыстырған тұтас сахналық бағдарлама ұсынды. Халық әні мен күй, ұлттық аспаптардың үні, би пластикасы мен сахналық бейне бір-бірін толықтырып, қазақ өнерінің табиғатын жан-жақты ашты.

Бұл сапардың құндылығы – өнерпаздарымыздың Қазақстанды бұрын көбіне географиялық атау ретінде ғана білетін шетелдік көрерменге халқымыздың рухани әлемін өнер тілімен сезіндіре алуында. Домбыраның қоңыр үні, қобыздың терең сарыны, әннің әуезі мен бидің қимыл-өрнегі арқылы сахнада даланың тынысы, халықтың мінезі, тарихтан жеткен мәдени жады көрініс тапты. Тілмашты қажет етпейтін осы көркем тіл әр елдің көрерменін қазақ мәдениетіне жақындата түсті.

– Өнер сапарымыз Испанияның Эстремадура өңірінен басталды. Біз үшін өзіміз берген 17 концерттің әрқайсысы – жеке шығармашылық жауапкершілік. Өйткені, алдымызда Қазақстанның тарихы мен мәдениетін терең біле бермейтін жаңа аудитория отырды. Сондықтан, сахнаға алып шыққан әрбір туынды арқылы ұлттық өнеріміздің кәсіби деңгейін ғана емес, оның мазмұны мен рухын жеткізуге ұмтылдық. Көрерменнің ықыласы мен концерттерден кейінгі ерекше әсері бұл мәдени жүздесудің шынайы болғанын көрсетті, – дейді Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының директоры Нұргүл Шайкенова.

Испаниядағы гастрольдерден кейін шығармашылық сапар Францияда жалғасты. Ақмолалық өнерпаздар Монрежо қаласында өткен халықаралық FOLKOLOR фестивалінде де концерттік бағдарламаларын ұсынып, мәдени шараларға қатысты. Осылайша Испанияда басталған өнер сапары Франция сахнасында жалғасын тауып, екі елді қамтыған біртұтас гастрольдік бағдарламаға ұласты.

– Шетелдік сахнада қазақ биін көрсету – әдемі қимылдар жиынтығын ұсыну ғана емес. Әр бидің әр жағында белгілі бір тарих, мінез, дәстүр мен ұлттық дүниетаным жатыр. Осы сапарда «Айнакөл» ансамблімен бірлесе жұмыс істеуіміз музыка мен бидің табиғи тұтастығын сақтап, көрерменге қазақ өнерінің толыққанды бейнесін ұсынуға мүмкіндік берді, – дейді «Гәкку» би ансамблінің бас балетмейстері Гүлмира Ордабаева.

Халықаралық гастроль – өнерпаз үшін сахналық тәжірибе ғана емес, өз өнеріңнің әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын бағамдайтын үлкен кәсіби мектеп. Әртүрлі орындаушылық дәстүрлермен қатар өнер көрсету, жаңа аудиторияның қабылдауын сезіну, өзге халықтардың мәдениетімен тікелей жүздесу шығармашылық ізденіске де жаңа серпін береді.

Испания мен Францияны қамтыған бұл сапар Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының халықаралық шығармашылық байланыстарын кеңейтіп, өнер ұжымдарымыз үшін маңызды кәсіби тәжірибеге айналды. Еуропа төріндегі әрбір кездесу қазақ өнерінің өз үні, өз бояуы, өз болмысы бар үлкен мәдениеттің көрінісі екенін танытты.

Осындай айтулы мәдени шарада Қазақстанның өнерін лайықты паш еткен біздің ақмолалық филармония ұжымына зор шығармашылық табыс тілейміз. Өздеріңіздің өзге халыққа ұлтымызды танытқан өскелең өнерлеріңізбен жаңа биіктерді бағындыра беріңіздер!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар