Арқа өңірін жасыл желекке бөлейтін серпінді жоба

Өткен аптаның соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев облыс аумағындағы «Қазақстан Орманы» тәлімбағына арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында көшпелі кездесуде өңірдегі орман қорын көбейту және мемлекеттік тапсырыс моделі аясындағы өзара ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.

Өңірімізде орманды қалпына келтіру, аймақты көгалдандыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін дамытуға бағытталған «Қазақстан Орманы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке орман тәлімбағы өзінің ауқымды жұмысын іске асыруда. Елордаға іргелес Бозайғыр ауылдық округінің әкімшілік шекарасында орналасқан бұл заманауи нысан аймақты сапалы ағаш көшеттерімен қамтамасыз ететін негізгі биологиялық әрі инженерлік базаға айналып келеді.

Бір қызығы, бұл жерге сараптама жүргізілгенімен, алғашында дәл сол талдау нәтижелерінің салдарынан жерді алуға көбі құлықсыз болған. Неге десеңіз, сараптама топырақтың тасты екенін, ағаш өсіру өте қиын болатынын көрсеткен. Бірақ, бұл іске нағыз өз істерінің хас шеберлері, сұрыптаушы-ғалымдар араласып, ғылыми әдіс-тәсілдер қолдана алды. Ғылым мен заманауи технологияның қарыштап тұрған дәуірінде мүмкін емес нәрсе жоқ. Демек, дұрыс күтім жасалса, кез келген жерді күтіп-баптап, оның нәтижесі мен жемісін көруге болатыны сөзсіз.

–  Ауыл шаруашылығында да жерді дұрыс өңдесең, мол өнім аласың. Ал, ұқыпсыз қарап, мемлекет бөлген қаражатты тиімсіз жұмсасаң, банкротқа ұшырайсың. Президенттің халыққа Жолдауында айтқаны да осы: жерді бизнес жасап, артында құлазыған дала қалдыратындар емес, жерді сүйетін, бабын табатын адамдар өңдеуі тиіс. Бір шақырым әрірек шығып, топырақты салыстырып көрсеңіздер болады. Бүгін көрші облыстардан келген әріптестеріміз де қосымша келісім-шарттарға қол қоюда. Келесі жылы біздің көшеттерді Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына жеткізіп, егу жоспарланып отыр. Нақты нәтиже осы. Сонымен қатар, бұл отандық өнім. Енді мұндай тығыз әріптестікті одан әрі кеңейтеміз. Алдағы үлкен мақсатымыз осы көшеттермен кем дегенде еліміздің Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарын қамтамасыз ету, –  деді облыс әкімі.

Жобаның облыс үшін стратегиялық мәні өте жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мұндай өндіріс орындарының маңызы артпаса, кемімейді. Бастаманың жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайды. Оның 1,5 миллиард теңгесі серіктестіктің өзіндік инвестициясы есебінен бағытталған. Нысанның жалпы аумағы 485 гектарды алып жатыр. Оның 85 гектары тамшылатып суару жүйесімен толық жабдықталған. Сондай-ақ, өндіріс алаңында сыйымдылығы 12 мың текше метрді құрайтын су жинақтауыш салынған.

– Орманды тұрақты қалпына келтіру жұмыстары ағаш отырғызу сәтінен емес, одан әлдеқайда ертерек – сапалы тұқымнан, дұрыс өсіруден және жергілікті жағдайларға бейімделген ағаш түрлерін таңдаудан басталады. Бұған екпелердің жерсінуі, оларды күтіп-баптауға жұмсалатын шығындар және түпкілікті нәтиже тікелей байланысты, – деп атап өтті министр Ерлан Нысанбаев.

Ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру мәселелері Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің ерекше бақылауында. Қазақстанда 243 мемлекеттік орман тәлімбағы жұмыс істейді, олар жыл сайын 220 миллионға дейін отырғызу материалын өсіреді. Ормандарды одан әрі молықтыру, елді мекендерді көгалдандыру және жерлердің деградациясына қарсы күрес өңірлердің жағдайларына бейімделген сапалы көшеттер мен екпе көшеттерге тұрақты сұранысты қалыптастырады.

–  Мұның өзі үлкен инвестициялық жоба. Жоба Мемлекет басшысының елді көгалдандыру жөніндегі тікелей тапсырмасы аясында іске асырылуда. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Осыдан екі жыл бұрын отырғызылған теректер өсіп, дайын өнім ретінде сатуға сұранып тұр. Сонымен қатар, басқа да өсімдіктер мен ағаш түрлерін өсіріп жатырмыз. Жалпы, екі жыл ішінде облыс бойынша 157 миллион түп көшет отырғызуымыз керек, –  деді Марат Мұратұлы. – Бұрын бұл көшеттер шетелден тасымалданатын. Сырттан әкелінгендіктен, біздің ауа райымызға жерсінбей, тек 50-60 пайызы ғана өсіп-өнетін. Осы жағдайды ескере отырып, енді өзіміздің жергілікті көшеттерді өсіруге көштік. Міне, осы шаруашылықпен 60 миллион түп көшет алуға келісім-шарт жасалды. Оның 5 миллионы осы күзде, ал, қалған 55 миллионы келер жылдың көктемінде отырғызылады. Бұл көшеттер біздің жерімізге, топырағымыз бен ауа райымызға толықтай бейімделген. Сондықтан, өте жақсы өседі. Бұдан бөлек, көрші ауылдардың тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық төленеді. Үш жылға жуық уақыт ішінде бұл ауқымды инвестициялық жоба өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Елсіз жатқан жердің топырағын ғылыми тұрғыдан зерттеп, дұрыс технологияларды қолданудың арқасында осындай жақсы орман бой көтереді. Бүгінде өзіміздің жергілікті осы көшеттер 90 пайызға жуық жоғары жерсіну көрсеткішін көрсетіп отыр.

Сала мамандарының есебінше, Ақмола облысының орманды қалпына келтіруге деген жылдық қажеттілігі 70–80 миллион көшетті құрайды. Алайда, осы уақытқа дейін нарықтағы нақты ұсыныс небары 15–20 миллионның айналасында ғана болып келді. Осы алшақтықты жоюды және сұранысты толық өтеуді көздеген «Қазақстан Орманы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 50 миллионға дейін көшет өсіруге қауқарлы өндірістік қуатты қалыптастыруда.

Тәлімбақ аумағында өңірдің ауа райына төзімді қарағай, қайың, қарағаш, терек, тал секілді ағаш түрлері мен әртүрлі сәндік өсімдіктер өсірілуде. Қазіргі уақытта ағаш, бұта және гүл көшеттері бар. Жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында биыл қарағаш, қайың және қарағай тұқымы сатып алынды. Жоба толық қуатына көшкен кезде жергілікті тұрғындар үшін 40 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылады. Серіктестіктің бас директоры Қуат Ерғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту аяқталуға жақын.

Бұл жобаның басты ерекшелігі – жаңа мемлекеттік питомник құрылысына бюджеттен миллиардтаған қаржы шығармай-ақ, дайын жеке инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде орманды қалпына келтіру шараларының іркілу қаупі азайып, отырғызу материалының бағасы мен сапасы тұрақтанады. Сонымен бірге, бұл бастама елорда төңірегіндегі «жасыл белдеуді» кеңейтуге және аймақтың экологиялық қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосады.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар