Ұлтқа ұлағат болар, бағыт-бағдар берген сөз айтылды!

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін!

Абай.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінің тарихи маңызын саралайтын болсақ,  жаңа  болмысты ұлт қалыптастыру үшін Ұлтқа ұлағат болар, алдымызда не боларын болжап білмейтін қазіргідей алмағайып кезеңде халқымызға бағыт-бағдар берген, еңсемізді тіктеп ұстап, болашаққа сеніммен қарау қажет екенімізді терең  ұғындыра түсер сөз айтылып,  жігер бергендігін айту ләзім!

Әлқисса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғыз бұл жолы ғана емес, жұртымызды жаңаша өмір сүруге бейімдеу, халқымыздың сана-сезімін, құндылықтарын түбегейлі жаңарту, ұлттың жаңа болмысы мен жаңа сапасын қалыптастыру арқылы барша елімізді жаңартудың Ұлттық мүддесін 2019 жылдың 19 наурызында өзі ел билігіне келгелі айтып келеді.

Бүгінгі Құрылтайды тарихымыздың қайра жаңғыруы деп білер болсақ,  Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тәуелсіздік жылдары, атап айтар болсақ, 2022-2026 жылдар аралығында Ұлытау, Түркістан, Атырау, Бурабай, Қызылорда  қаласында өткен осы Ұлттық Құрылтайлардың әр отырыстарында қазіргі заманның талабына сай және бүгінгі қазақстандық қоғамның Ұлттық мүддесі негізінде Президентіміз айтқан «барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде азаматтарымыздың сұранысына сай келетін» Ұлттық идеология қалыптастырылғандығын нық сеніммен айта аламыз.

Және де Президентіміздің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауындағы  «Ұлттың жаңа болмысы» атты тарауында «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс»,–дегені  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттың мүддесін өзі билікке келгелі айтып келеді  дегенімізге нақты бір дәлел болса керек-ті.

Хош сонымен,  бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Президентіміз  «Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек»-, деп тағы да осы бір өзекті де өмірлік маңызды жайды алға тартты.

Себепсіз емес! Өйткені, Президентіміз айтқанындай қазір «Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр!»

Сол жаңа тәртіптің бет-бейнесін  Мемлекет басшысы  оның  «бір жағынан – қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал, екінші жағынан – ілгері, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады»,–деп ашып көрсетті.

Міне, бір жағынан алды бұлыңғыр болғанымен, екінші жағынан адамзат тарихында елеулі бетбұрысы бар мына алмағайып заманда,  Президентіміздің өзі айтып отырған «Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын» заманда не істеуіміз керек деген ойдың оралары бар. Әрине, барша қазақстандықтар үшін  елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау аса маңызды тарихи миссия болып саналары анық!

Не істейміз және не істеу керек деген баршамыздың көкейімізде жатқан сауалға  бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың  бүгінгі бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жауап беріп отыр. Президентіміз былай дейді: « Біз  жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі, бұл – табысқа жетудің көзі. Азаматтарымыз жаңа дәуірде құқықтық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет. Мұның бәрі – еліміздің өсіп-өркендеуіне бөгет болатын кедергілер!»

Біз қазіргі уақытта және келешекте де өз еліміздің егемендігін мықты да тұрақты дамып отыратын экономика арқылы, ол үшін ғылым және оның жетістіктерін пайдаланып, адам әлеуетін дамыта отырып қана жаңа дәуірдің тынысы мен тіршілігіне бейімделе аларымыз хақ.

Ал, ол үшін Президентіміз айтып отырғанындай, «Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз керек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз қажет!» Өйткені, біздің халқымыздың алға, болашаққа сеніммен қарауына әбден болады! Өйткені, біздің елімізді, әр өңірді дамытудың  нақты жоспарлары бар. Ел бағдары айқын!  Енді тек  Президентіміз айтып отырғанындай  «өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек!»

Әрине, осы арада болашаққа деген сенімге селкеу түсірмеу бүгінгі қоғамның өз мүддесі болса керек-ті! Ол үшін ең әуелі жылауық болмаса мұң мен өткеннің өкініші өзегін тескен көңіл-күйден арылуға тиістіміз. Әрине, адам баласы болғаннан соң, кейде жаныңды әлдебір мұңның да торлап алары да, өткен өміріңнің өкініштерінің   болары да анық. Дегенмен, жеке бастың мұңы мен өкінішін тұтас бір ұлттың қасіреті етіп көрсетудің ендігі арада қажеті де бола қоймас!

Тағы да қайталап айтатын болсақ, Президентіміз өз сөзінде «Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек» дегеніне тоқтағанымыз жөн және осы қағидатты жүзеге асыруға, ұлтымыздың бойына сіңіруге тиістіміз. Тіпті, осыған әрқайсымыз атсалысуға міндеттіміз!

– Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді,– деп Мемлекет басшысы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударылып отырғандығын ерекше атап көрсетті. Және де «бұл жұмыс өз жалғасын табады»,–деді Президентіміз. Әрине, осы арада Президентіміздің айтып отырған «салиқалы ұлттық сана-сезімді» қалыптастыру және халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтуда қаламгерлерге, барлық шығармашыл жандарға үлкен жүк артары бар.

Ойланатын жай бар! Бұл орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес»,–дей келіп және халқымыздың  тарихындағы қиын-қыстау кезеңдерді  ешқашан ұмытпайдығымызға баса көңіл аударды.

–Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі, ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ,–деген Мемлекет басшысының осы бір ойынан ой түйгеніміз бар. Расында да, Қазақ халқы үнемі ашаршылық көрген, үнемі қуғын-сүргінде болған, үнемі кемсітушілікте жүрген халық емес!

Біз бала кезімізден «Батырлар жырындағы» батырлардың ерлігімен рухтанып, талай бір ділмар би-шешендеріміздің әділдіктерімен сүйсініп, Ұлы Дала төскейіндегі шынайы ғашық жандардың махаббат әндерімен тербеліп,  майдан даласында ерлікпен шайқасқан Бауыржан, Мәлік, Талғат, Мәншүк, Әлиялардың отансүйгіштік қасиеттеріне тәнті болып, бейбіт замандардағы, ол қандай қоғам болсын, қарапайым адамдардың адалдықтарын, еңбексүйгіштік қасиеттері мен өнеге-ұлағаттарын бойымызға, санамызға сіңіріп өскен ұрпақпыз.

Соған қарап,  осы күні айтар болсақ та, жырлап, жазар болсақ та халқымыздың және оның тарихының өзімізге де, өзгелерге де рух берер, сүйсіндірер,  болашаққа деген жігер-қайратын жаныр мәнді де мазмұнды беттері аз емес қой деген тұжырым жасар едік.

Бұл орайда, Мемлекет басшысы «жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды. Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс», – дей келіп,  мұның ең әуелі өскелең ұрпақ үшін қажет дүние екендігін атап көрсеткені өте орынды деп санаймыз.

Ендігі арада халқымыздың Тәуелсіз Қазақстанды  құру және оны нығайту жолындағы табыстарын, Ұлтымыздың ерлігін, еңбектегі, білім мен ғылымдағы жетістіктерін, ойшылдығы мен кемеңгерлігін, жалпы  адами жоғары қасиетін жазып, сол арқылы әлемге ұлы және кемел ұлт екенімізді таныту басты парыз болса керек-ті.

Осылай болуы керек деп ойлаймыз! Өйткені, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі атап көрсеткеніндей, «Өзара сенім жоғалған, тұрақсыздық белең алған мұндай алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұрғанын айрықша атап өткен жөн. Жаһан елдері, соның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттердің өзі біздің пікірімізге құлақ асады. Бұл – өте маңызды!»

Міне, халықаралық беделі биік тұрған және халықаралық саясаттағы сөзі жүріп, өтімді болып тұрған, пікірімізге құлақ асатын бүгінгі Қазақстанның тарихы да, әдебиеті мен мәдениеті де, айтар сөзі де, былайша айтқанда, шырқар әні де, бар жетістіктері де, халқымыздың бар болмысы да, еңбекқорлығы мен білімдарлығы да, әдебі мен салт-ғұрпы да, тәлім-тәрбиесі де, ұстанымы мен ақыл-парасаты да, дүниеге, айналаға деген ой-көзқарастары да ендігі арада әлемдік деңгейде болуы керек!

Әрине, бұл арада Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделінің биіктігіне, әлемдік саясаттағы ықпалының зор екендігіне, пікіріне құлақ асатындығына ешбір күмәніміз жоқ! Бұл – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей өзінің жетістігі, зор адами қасиеті мен білімдарлығының, ақыл-парасатының, өз елі мен халқының мүддесін бәрінен биік қоя білер отаншылдық қасиетінің,  ішкі және сыртқы саясатты өте жетік білетіндігінің, білікті әрі тәжірибелі дипломат ретінде дүние дамуының тамырын дөп басып, шешім қабылдай алатындығының және жалпы жер жаһандағы Адамзат Мүддесіне деген адалдығының жемісі!

Әлқисса, Президентіміз  Құрылтай сессиясында сөйлеген сөзінде:  «Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз»,– деді. Қоғамда жаңа этика қалыптастырылып жатыр. Ұлтымыздың, одан қалды, әрқайсымыздың жүріс-тұрысымыз, сөйлеу мәнеріміз, мінез-құлқымыз, тіпті бір-бірімізбен сәлем беруіміздің өзі ұлттық сана-сезімімізді жаңаша қалыптастыруға ықпал етуі керек.

Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  биылғы (2026) жылдың 23 тамызы күні Құрылтайды сайлау кезінде  қоғамда жаңа жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдепті жаңғырту және тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру мәселесіне қатысты пікірі қазақстандық қоғамды ойлантып тастағаны, қазіргі сәлемдесумізге сын көзбен қарау қажеттігін ұғындырғаны анық! Әсіресе, халқымыздың қазіргі амандасуы қазақтың дәстүрлі әдебіне сай еместігін орынды айтқандығы қоғамда қызу қолдауға ие болды.

Президентіміздің сөзімен айтқанда «Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек!»

Біз ұлт болып ұйысқан түрде  өзіміздің ұлттық мүддемізді бәрінен биік қойып, еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығын сақтап, бүгінгі және келер ұрпақтарымыздың игілігі үшін  ынтымағы жарасқан, Заң мен Тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құруға міндеттіміз!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
қоғам және мемлекет қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар