5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні
Тіл – халықтың тарихи жады, ұлттық болмысы мен мәдениетінің айнымас қазынасы. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оның мәртебесін көтеру мен заманауи даму талаптарына сай ілгерілету – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі.
Бұл бағыттағы жүйелі реформа тікелей ел бірлігін нығайтуға, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге және мемлекеттік аппараттың қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Ақмола облысындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Туған тілдің тұғырын биіктету мақсатында облыс аудандары мен қалаларында тілдерді оқытып, үйрететін 21 орталық жүйелі жұмыс жүргізеді. Биылғы 2026 оқу жылында бұл орталықтарға 323 топ, жалпы алғанда 3880 тыңдаушы қабылданды. Солардың 3200-і мемлекеттік тілді, 680-і ағылшын тілін оқуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша 1608 өзге этнос өкілдері қазақ тілін белсене үйренуде. Соңғы үш жылда 4150 тыңдаушы оқыған тілін меңгергені туралы сертификат алды. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілермен қатар, азаматтық қызметшілер, «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» акционерлік қоғамдарының облыстық филиалдары мен «Енки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері, жеке меншік кәсіп иелері, қала тұрғындары бар.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының мамандары 781 тыңдаушыны Қазтест жүйесіне сәйкес диагностикалық тестілеуден өткізіп, онда Сандықтау, Атбасар, Бұланды, Ақкөл, Шортанды, Қорғалжын және Целиноград аудандарының тұрғындары бақтарын сынады.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған тұжырымдаманың нысаналы индикаторында қарастырылған телеарналарда мемлекеттік тілде көрсетілетін телебағдарламалардың үлесі белгіленген көрсеткішке сәйкес келіп отыр. Сол сияқты, мемлекеттік органдар мен өзге де мекемелерде іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі басты назарда ұсталуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттардың үлесі 96 пайызды құрайды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 мемлекеттік мекемеге, атап айтқанда, Сандықтау ауданының білім, Бурабай ауданының жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне, Целиноград ауданы әкімінің аппаратына Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының талаптары бойынша мерзімді тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында да жалғасын табатын болады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің тағы бір тетігі – деректемелер мен көрнекі ақпаратты «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның нормаларына сәйкес орналастыру. Бұл бағытта облыс бойынша 2026 жылдың 8 айында 1584 көрнекі ақпарат зерделенді. Сөйтіп, жүргізілген осы жұмыстың нәтижесінде 636 көрнекі ақпаратқа түзету жұмыстары жүргізілді.
Қазақ тілін дамытуды, оны кеңінен қолдануды қамтамасыз ете отырып, бұқаралық мәдени шараларды ұйымдастыру да қазақ тілінің аясы кеңейтілуіне өзіндік үлес қосады. Осы ретте, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты облыстық байқау, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының қатысуымен қазақ тілі оқытушыларына арналған республикалық Тіл форумы, Қосшы қаласында Түркі жазуы күніне орай «Көне түркі жазбалары: тарих пен тағылым» атты республикалық конференция, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының арасында облыстық байқау, мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл және заманауи қоғам» облыстық байқау, SMART QAZ атты IT жобалар байқауы, өнім өндірушілер және жеке тұлғалар арасында «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі», бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Зерделі ұрпақ» облыстық байқаулары және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтеді.
Сондай-ақ, бүгінге дейін облыс бойынша бес жүзге жуық мәнерлеп оқу сайысы, жүзге тарта байқаулар мен дөңгелек үстелдер, екі жүзден астам зияткерлік ойындар, басқа да жүздеген акциялар мен челлендждер, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары, викториналар мен семинарлар, кітап көрмелері мен өзге этнос өкілдеріне арналған байқаулар, пікірсайыс турнирлері болып өтті. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жылдың басынан бері 720 мақала, әлеуметтік желілерде 1800-ге жуық ақпараттық пост, телеарнада 47 сюжет жарық көрді.
Ономастика мәселесіне тоқталсақ, 2024-2025 жылдарға арналған жол картасында Көкшетау қаласындағы «Борцам за революцию» саябағын «Бәйтерек» саябағы деп қайта атауға келісім берілген болатын. Осыған байланысты Ақмола облысы әкімдігінің 2026 жылғы 3 наурыздағы бірлескен қаулысы және Ақмола облыстық мәслихатының шешімі шығып, саябақ осылай аталатын болды. Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімдерін ұлықтау туралы бекітілген тізімге сәйкес және Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Ақмола облысы бойынша атауы жоқ 15 көшеге ардагерлердің есімдері берілді.
Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік ең алдымен, балабақшадан басталатыны белгілі. Осы орайда, биылғы жылы мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбиеленетін балалардың үлесі 75 пайызға жеткені де оң өзгерістердің айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек» пилоттық ұлттық жобасы аясында 12200 орындық 9 мектеп ашылғаны белгілі. Бүгінгі таңда аталған мектептерде 10 мыңнан астам оқушы қазақ тілінде білім алуда. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Соңғы жылдары елімізде 5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқының тілдері күні ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл ретте, биыл облыс аумағында осы тілге қатысты әртүрлі деңгейде 2 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылады.
Осының бәрін ескере келе, атқарылып жатқан бұл жұмыстар өңірдегі тілдік ортаны дамытуға, этносаралық келісімді нығайтуға және мемлекеттік тілдің қоғамдағы толыққанды орнын айшықтауға берік негіз қалайды деген ойдамыз.
Айгүл ТАЛПАҚОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және
ономастика бөлімінің басшысы.
![]()

