Жаңа кино туынды
Көкшетауда бұл туралы деректі фильм көрсетілді
Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Шежіреден болашаққа» атты республикалық кинолекторий аясында танымдық деректі фильмдердің көрсетілімі өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев және Президент Телерадиокешенінің өкілдері мен өзге де мәртебелі меймандар қатысты. Ауқымды мәдени-ағартушылық шараның шымылдығын Телерадиокешеннің Орталық деректі кино студиясы түсірген «Жолбарыс» фильмі ашты. Бұл туынды Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Іле-Балқаш табиғи резерватында жоғалып кеткен Тұран жолбарысын табиғи ортаға қайтару бойынша жүзеге асырылып жатқан бірегей мемлекеттік жобаға арналған. Кинотуындыда жоғалған табиғи мұрамызды жаңғырту, жыртқыштың өмір сүруіне қажетті экожүйені қалыптастыру және азықтық базаны өсіру бағытындағы атқарылған ауқымды жұмыстар егжей-тегжейлі баяндалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауындағы бұл жоба 30-35 жылға есептелген. Деректі фильмде Іле-Балқаш өңіріндегі эко-жүйені тірілту, тұщы су көздерін бұрғылау, жабайы жануарлар популяциясын көбейту және табиғатты қорғау шаралары көрермен назарына ұсынылады.
Кинокөрсетілімге жиналған көкшетаулық көрермендер мен жастар туындыны ерекше ықыласпен қабылдады. Өңір тұрғындарының айтуынша, бұл фильм табиғат пен адам арасындағы тығыз байланысты, экожүйенің қаншалықты нәзік екенін ұғындырып, туған табиғатты қорғауға үндейді. Мұндай жобалар Қазақстанның халықаралық аренадағы экологиялық имиджін арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосады.
Алдағы уақытта Ақмола жұртшылығына ел тарихы, табиғат пен туризм туралы басқа да үздік туындылар ұсынып тұрмақ.
Бейбарыс СӘКЕН.
![]()

